Түркістан облысының тұрғыны адам өлтіргені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қанды қылмыс 2025 жылдың 27 маусымында Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылында болған. Соттың анықтауынша, жанжал кезінде сотталушы жәбірленушіні арқанмен буындырып өлтірген. Нәтижесінде жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.
«Қылмысты жасыру үшін сотталушы мәйітті өз үйінің ауласында көміп тастаған. Сонымен қатар, оның үйінен заңсыз ойық ұңғылы аңшылық қаруға арналған 32 оқ-дәрі табылды», — делінген сот хабарламасында.
Прокурор сотталушының бұған дейін де аса ауыр қылмыс жасағанын ескере отырып, оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал сотталушы өз кінәсін мойындап, жазаны жеңілдетуді өтінді.
Сот сотталушының кәмелетке толмаған баласының болуын — жеңілдететін, ал қылмыстың қауіпті қайталануын — ауырлататын мән-жай ретінде таныды.
Сот үкімімен оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 10 миллион теңге өндіріп алынды.