Германияның Кирххайм-унтер-Текк қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы Tennis Europe Baublies Jugend Cup жарысы мәресіне жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Беделді додаға Германия, Қазақстан, Словакия, Словения, Швейцария, Гонконг, Чехия, АҚШ, Италия, Румыния, Қырғызстан, Аустрия, Франция, барлығы 13 елден 32 жас теннисші қатысып, бақ сынады.
Қазақстандық спортшылар жекелей және жұптық сында үздік өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Жекелей сында қазақстандықтар Айым Қанағатова мен Әдемі Әлсейпулова соңғы бәсекеде чемпиондық атақты өзара сарапқа салды. Тартысты бәсекеде Айым 7:6, 6:7, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Жұптық сында Қанағатова – Әлсейпулова қарсылас шақ келтірмей, финалда жарыстың 1-ракеткалары, чехиялықтар Софья Иракова – Аделя Свободаны камбэкпен жеңді – 5:7, 6:2, 10:6.