Маңғыстау облысының спортшысы Гүлдана Әлмұхамбетова ересектер арасында самбодан өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленді, деп хабарлайды turkystan.kz.
6-8 қараша аралығында Ташкентте самбодан 50-ші әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге 101 елдің спортшылары қатысып, спорттық және жауынгерлік самбодан сынға түсті.
Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткен маңғыстаулық Гүлдана Әлмұхамбетова 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша спортшы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Өңірлік спорт басқармасы бұл жетістіктің Маңғыстау спорты үшін халықаралық деңгейдегі маңызды нәтиже екенін атап өтіп, спортшыны құттықтады.
Айта кетейік, Гүлдана Әлмұхамбетова 2024 жылы Мәскеуде өткен самбодан әлем кубогінде жеңімпаз атанған болатын.