Алматы облысында «AMANAT» партиясының бастамасымен алғаш рет «AMANAT JIU-JITSU KIDS CUP 2025» халықаралық балалар турнирі өтті. Жарыс Іле ауданында ұйымдастырылды.
Байрақты бәсекеге Қазақстанның барлық өңірлерінен келген спортшылармен қатар, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Украинадан келген жас джиу-джитсушілер қатысты. Жалпы саны 200-ден астам балуандар татамиде бақ сынады.
Турнир жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық бәсекелестікті арттыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткізілді. Жарысқа халықаралық санаттағы кәсіби төрешілер шақырылған.
«AMANAT» партиясы, «Жастар Рухы» жастарға тек білім мен жұмыс қана емес, сондай-ақ ерік-жігер мен тәртіпті дәріптеуге бағытталған жан-жақты жобаларды жүзеге асырады. Аталған жарыс – балаларды спорт арқылы тәрбиелеудің жарқын үлгісі. Біз жарысқа қатысқан әр баланың болашақта мықты азамат, елдің тірегі боларына сенеміз. Бұл – партияның жастарды қолдау жолындағы нақты қадамы», – деді «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.
Турнирді өткізу туралы бастаманы алғаш рет биыл ақпан айында джиу-джитсудан қара белбеу иегері, Сағадат батыр атындағы спорт клубының негізін қалаушы Нұрсұлтан Орынбасаров AMANAT партиясының Төрағасы Ерлан Қошановпен өткен кездесуде көтерген болатын. Сол сәтте балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында арнайы республикалық турнир ұйымдастыру қажеттігі айтылған.
«Бұл ұсынысты нақты қажеттілікке сүйене отырып айттық. Себебі елімізде джиу-джитсу спортымен айналысатын мыңдаған жас спортшы бар, бірақ олардың шеберлігін шыңдайтын, халықаралық деңгейге шығаратын алаңдар жеткіліксіз. Бүгін сол бастама нақты жобаның негізіне айналды. Біз бұл турнир арқылы тек чемпиондарды емес, жауапты азаматтарды тәрбиелейміз. Бұл – AMANAT партиясының ел болашағына бағытталған айқын ұстанымының көрінісі», – деді Нұрсұлтан Орынбасаров.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жакупов жарыстың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, өңірде спорттың көптеген түрі дамып келеді, олардың арасында джиу-джитсу ерекше қарқынға ие.
«Соңғы жылдары Сағадат Нұрмағанбетов атындағы спорт клубы 5 мыңға жуық жас спортшыны тәрбиеледі. Олардың қатарында әлем чемпиондары да бар. Бұл – жүйелі қолдаудың және жастарды спортқа тартудың нақты нәтижесі. Партияның саяси тұғырнамасында халық саулығына ерекше көңіл бөлінген. Салауатты өмір салтының кепілі – спорт. Сондықтан бұқаралық спортты және кәсіби спортты дамыту – біздің басымдықтарымыздың қатарында. Джиу-джитсу – өңірімізде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Бұл турнирдің жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі зор», – деді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ және жас санатында үздік шыққан спортшылар кубокпен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Айта кету керек, турнир Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығы, Алматы облыстық джиу-джитсу федерациясы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубының қолдауымен өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «AMANAT JIU-JITSU KIDS CUP» жарысы алдағы жылдары дәстүрлі форматта жалғасын табады.