Өткен аптада ақтөбелік белсенді жастар Қобда ауданына жиналып, ауылдың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Қыздар қамыр илеп, нан пісіріп, сиыр сауып, құрт жасаса, ер балалар қой қырқуды, шөп жинауды үйренді. Сондай-ақ қамшы өру, құмыра жасау, ұршық иіру, атқа мінуден де шеберлік сағаттары өтті.
Бұл шаралар ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жастарды ауылға тұрақтандыруға бағытталған «Ауыл Life» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаны жүзеге асырушы – Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы.
Биыл облыста алғаш рет өткізілген жоба Жұмысшы мамандықтары жылы аясында және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұлттық құндылықтарды жаңғырту мен ауылдың рухани-әлеуметтік тірегін сақтау жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылды.
– Бұл жобаның мақсаты – ауыл өмірін жастарға боямасыз көрсету, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясындағы бастамаларды насихаттау және жастардың ауылға тұрақты орнығуына ықпал ету. Жастарды ұлттық құндылықтарға баулу, ауыл өмірінің шынайы болмысымен таныстыру, еңбекке деген құрметті арттыру және туған өлкенің тарихын, салт-дәстүрін насихаттау арқылы жас ұрпақтың патриоттық санасын ояту, еңбексүйгіш рухты дәріптеу, салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Жоба аясында жастар ауылдың күнделікті еңбек тіршілігімен танысып, ұлттық тағам дайындап, мал шаруашылығымен айналысып, қолөнер түрлерін үйренді. Сондай-ақ киелі мекен – Қобда жеріндегі бірқатар тарихи-мәдени орындарды аралады, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин.
Үш күнге созылған шарада бозбалалар қой қырқып, шөп жинады. Қамшы өріп, ошаққа нан пісірді. Малдың ішек-қарнын тазалап, сүт өнімдерін әзірледі. Қыздар ауылдың белсенді аналарынан ұршық иіруді үйренді.
– Қобда ауданы – тарихи мекен. Сондықтан ауданға арнайы барып, ауыл тіршілігімен танысқаныма қуаныштымын. Ал «Ауыл life» жобасы – жай ғана контент емес, шын мәніндегі өмірдің өзі. Кейбіреуге ауыл өмірі қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ ол – біз үшін еңбек пен берекенің ордасы. Биыл аталған жобаға Ақтөбе облысының әр өңірінен 20 жас қатыстық. Алдымен Қобда өңіріндегі «Мәңгілік Ел» стелласын, Әлия Молдағұлованың музейін, Қобыланды батыр кесенесін араладық. Сондай-ақ жоба аясында үлкендерден арқан өру, ұршық иіру, ет жіліктеу, қамыр ашытып, нан пісіру, басқа да үй тірлігін үйрендік. Үш күндік сапар осылайша бізге ерекше әсер қалдырды, – дейді белсенді жас, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері Ақиба Жұмағұлова.
Оның айтуынша, аталған іс-шара қалаға бейімделіп кеткен жастарды ауылдың болмысына қайта жақындатуға, ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрпымызды құрметтеуге, қарапайым еңбек пен шынайы тірліктің қадірін ұғынуға баулыған.
Ал осы жобаға арнайы қатысқан «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Қобда аудандық филиалының төрағасы Роза Серғазинаның айтуынша, мұндай шаралардың жастарға берер тағылымы зор.
– Аталған игі бастамаға аудан әкімдігі, көпсалалы колледж ұжымы, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің әжелері, аудандық музей қызметкері, ауданның жеке кәсіпкерлері қолдау көрсетіп, қаладан келген жастарға ауылдың тыныс-тіршілігін таныстырып, жұмыстарды өздері бірлесіп істеп, жастарға үйретті. Ақ жаулықты аналардың қолдауымен қыздар сиыр сауып, сепаратор тартып, қаймағын айырып, көк сүт пісіріп, айран ұйытып, ұлттық тағам – құрт жасауды үйренді, сүттен жасалған ұлттық тағамдардың адам ағзасына пайдасы туралы мағлұматтар алды. Ал ер балалар сиырдың тұратын жерін тазалап, өріске мал айдады. Сондай-ақ шабындыққа барып, мал азығын дайындау жұмыстарымен айналысса, қыздар қамыр ашытып, тәтті тоқаштар пісірді. Бұдан бөлек, Қарылға, Ақзиба, Айна әжелеріміз қыздармен кездесіп, қойдың жүнінің пайдасы, жүнді қалай пайдалану керек екенін, ұршық иіру кезіндегі ырым-тыйымдар туралы пайдалы кеңестерін берді. Ал жігіттер жағы саз балшықтан құмыра жасау, теріні илеп, қайыс дайындау туралы мәліметтерге қанық болып, өз қолдарымен қамшы өрді, – дейді ол.
Роза Серғазинаның айтуынша, мал сою, оның етін жіліктеу жұмыстарына жастар жағы ерекше қызығушылық танытқан. Мәселен, қасапшылар ер балаларды қой сою, қойдың басын үйтуді көрсетсе, әжелер қыздарға ішек-қарын тазалауды, етті жаймалап, бөлуді үйреткен.
– Қала жастарының ауданға арнайы келіп, үлкендерден үлгі-өнеге алып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, өздерінің ауыл өміріне деген қызығушылықтарын танытқанына риза болдық. Мұндай жоба келер жылы да жалғасын табады деп сенеміз, – дейді Роза Қайырқызы.
Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында 267 724 жас болса, соның 165 048-і – қалада, 102 676-сы ауылда тұрады.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевтің айтуынша, биылғы 6 айда өңірде 6 210 жас жұмыспен қамтылған. Соның нәтижесінде арнаулы және жоғары біліммен, жұмыспен қамтылмаған жастардың саны 5 945 адамнан 4 801-ге азайған.
Биыл облыста жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында Jumystap әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Осыған орай Ақтөбе қаласындағы халық көп жиналатын орында бес модульдік пункт ашылды. 2025 жылдың алты ай ішінде модульдік пункттерге 420 жас жүгініп, кеңес алған.
Данагүл ҚАЗИХАН, Ақтөбе облысы