Ұлттық ұланның әскери дирижерлері жаңа форматтағы оқу-әдістемелік жиыннан өтті

/
Ұлттық ұланның әскери дирижерлері жаңа форматтағы оқу-әдістемелік жиыннан өтті
Ұлттық ұлан

Тараз қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің базасында әскери оркестрлер басшыларының үш күндік оқу-әдістемелік жиыны өтті. Биылғы жиын заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және әскери музыка саласында жасанды интеллект технологияларын тәжірибе жүзінде сынақтан өткізу арқылы жаңа форматта ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жамбыл облысына Қазақстанның барлық өңірлерінен Ұлттық ұлан әскери оркестрлерінің 20 жетекшісі жиналды. Бірнеше күн бойы қатысушылар кәсіби даярлықтарын жетілдіріп, тәжірибе алмасып, әскери-оркестрлік қызметті дамытудың заманауи тәсілдерін талқылады.

Жиын барысында басты назар тек орындаушылық шеберлікке ғана емес, әскери оркестрлер жұмысының жаңа форматтарын іздеуге де аударылды. Осы орайда дирижерлер музыкалық өңдеу жасау мен концерттік бағдарламаларды дайындау кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану жолдарын меңгерді.

Оқу бағдарламасының музыкалық бөлігін Әскери-оркестрлік орталықтың бастығы майор Олжас Құдайқұлов жүргізді. Сабақтар арнайы дайындық, ансамбльдік жұмыс, жеке орындаушылық шеберлік және саптық даярлық сынды бірнеше бағыт бойынша өтті.

Жиынның практикалық кезеңі Тараз тұрғындарына арналған концерттік бағдарламалармен қорытындыланды. Әскери музыканттар дарынды балаларға арналған орталықта өнер көрсетсе, қорытынды концерт «Жеңіс» саябағында ашық аспан астында өтті.

Репертуарға отандық және әлемдік эстраданың үздік туындылары енді. Патриоттық шығармалармен қатар тыңдарманға жақсы таныс әуендер орындалды. Көрерменнің ерекше ықыласына аңызға айналған әнші Батырхан Шүкеновтің репертуарындағы әндер, Юрий Шатуновтың «Седая ночь» композициясы, сондай-ақ қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі «Ана туралы жыр» шығармасы бөленді.

Айта кетейік, бүгінде құқықтық тәртіп әскерлері жүйесінде 17 әскери оркестр жұмыс істейді. Олардың құрамында 300-ден астам келісімшарт негізіндегі әскери қызметші мен офицер қызмет атқарады. Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, «Амурские волны», «Фанфары Казани», «Астана самалы», «Труба мира», «Виват, Санкт-Петербург!» және өзге де халықаралық үрмелі оркестрлер фестивальдерінде табысты өнер көрсетіп келеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары