Абай алдында

/
Абай алдында
сурет: turkystan.kz

7 тамыз күні Астана қаласы әкімдігі алдындағы амфитеатр сахнасында қазақ руханиятының темірқазығы – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай алдында» атты музыкалық-поэтикалық қойылым өтті.

Іс-шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы бірлесіп ұйымдастырды. Бұл қойылым елордалықтар мен қала қонақтарына Абай рухымен сырласуға, асыл сөздерінің тереңіне бойлауға, жүрекпен ұғынуға мүмкіндік берді.

Кеш шымылдығын жүргізуші Ілияс Базарбаев ашып, жиналған қауымды Ұлы ақын рухына арналған кештің мазмұнымен таныстырды. Ол «бұл – біз, бүгінгі ұрпақ, Абай рухы алдында ой толғап, кемеңгер сөзін жүрекке түйіп, ел болып тағзым ететін сәт» екенін атап өтті.

Алғашқы сөзді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Зиябекұлы алып, Абай мұрасының бүгінгі ұрпаққа берер тағылымы жайында ой қозғады. 

Бұдан кейін сахна төріне шыққан Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын Бауыржан Бабажанұлы Абайдың әдебиеттегі, ұлттық болмыстағы орнын айрықша атап өтті.

Музыкалық-поэтикалық бағдарлама аясында Абай шығармашылығына негізделген театрландырылған көріністер қойылды. Актерлер Әлихан Алишер мен Аққанат Қуандықов «Махаббат пен ғадауат», «Ойға түстім, толғандым», «Адамның кейбір кездері» сынды философиялық лирикасын сахналық бейнеге айналдырды. Абай бейнесі сахнада тек сөз арқылы ғана емес, сезім мен үн арқылы да көрініс тапты.

Іс-шарада, сондай-ақ Абай әндері орындалып, көрерменнің жүрегіне жол тартты. Мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес...» әнін, Нұрқанат Тапиев «Көзімнің қарасын», Арайлым Рахымқызы «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігі  Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы  «Қорқыт» этнофольклорлық  ансамблінің сүйемелдеуімен Абайдың «Торы жорға» күйі орындалып,  «Айттым сәлем, Қаламқас» әні шырқалды.

Кеш соңында жүргізуші Абай шығармашылығының ұлт болмысындағы орны мен мән-маңызын тағы бір мәрте еске салып:

«Қазақ барда – Абай бар! Ұлтымыздың ой түзер данышпаны, жол түзер темірқазығы, Абай мұрасы елімізді жаңа биіктерге бастасын!» – деп түйіндеді.

Бұл іс-шара Абайға тағзым ғана емес, сонымен қатар ұлт руханиятына, парасат пен пайымға, әділет пен ақылға құрмет. Елордалықтар үшін бұл рухани серпіліс, Абай әлеміне бір табан жақындаған тағылымды күн болды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары