Итмұрын – қуатты дәруменге бай өсімдік. Халық медицинасында кеңінен қолданылатын итмұрынның пайдасы бүгінде ғылыми түрде де дәлелденіп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Итмұрын ең алдымен С дәруменіне бай. Оның құрамында бұл дәрумен лимон мен қарақатқа қарағанда бірнеше есе көп мөлшерде кездеседі. Бұл қасиетінің арқасында ол суық тию, тұмау, вирустық инфекциялармен күресте таптырмас құрал саналады. Сондай-ақ құрамындағы А, Е, К, В топтарының дәрумендері мен темір, кальций, магний, марганец сынды минералдар итмұрынды нағыз табиғи емханаға айналдырады. Ол қан айналымын жақсартып, шаршау мен әлсіздікті басуға, жүйке жүйесін тыныштандыруға оң әсер етеді.
Итмұрын құрамындағы антиоксиданттар адам ағзасындағы жасушаларды еркін радикалдардың зиянды әсерінен қорғайды. Бұл заттар теріні жасартып, қартаю процесін баяулатып, терінің серпінділігін арттырады. Сонымен қатар, жүрек-қан тамыр жүйесіне де оң ықпал етеді: қан қысымын қалыпқа келтіріп, қан тамырларын күшейтеді, холестерин деңгейін төмендетеді. Бүгінде әлемдік медицинада итмұрынның жүрек аурулары мен атеросклероздың алдын алудағы маңызы жиі айтылып жүр.
Асқазан-ішек жолдарына тигізер пайдасы да мол. Итмұрыннан дайындалған қайнатпа немесе шай ас қорытуды жақсартып, бауыр мен өт жолдарын тазартады. Бұл өсімдіктің қабынуға қарсы қасиеті бар болғандықтан, гастрит пен асқазан жарасы кезінде де пайдалы. Сонымен бірге ол ағзаның жалпы тонусын арттырып, қалжыраған кезде сергітуші рөл атқарады.
Тек медицинада ғана емес, косметологияда да итмұрын кеңінен қолданылады. Оның дәнінен алынатын май – бет терісіне, шаш пен тырнақ күтіміне арналған ең табиғи әрі тиімді құралдардың бірі. Бұл май теріні нәрлендіріп, ылғалдандырады, әжімдерді азайтып, түрлі дақтардың кетуіне көмектеседі. Ал шашқа қолданғанда – оған жылтырлық пен серпін береді.
Итмұрынды пайдалану жолдары сан алуан. Ең танымалы – одан шай дайындау. Кептірілген жемістерін қайнатып, жылы күйінде ішсеңіз, ол иммунитетті күшейтіп, суық тиюдің алдын алады. Сонымен қатар одан тосап, сироп, тұнба және түрлі емдік қоспалар әзірленеді. Дегенмен, кез келген емдік өсімдікте секілді, итмұрынды да мөлшермен және мұқият қолдану керек. Мысалы, асқазан сөлінің қышқылдығы жоғары адамдар мен тромбозға бейім жандарға оны пайдалану алдында дәрігермен кеңескен жөн.