51 жәбірленуші арыз жазған: Бас прокуратура Перизат Қайратқа қатысты үкімге мәлімдеме жасады

/
51 жәбірленуші арыз жазған: Бас прокуратура Перизат Қайратқа қатысты үкімге мәлімдеме жасады
Коллаж: Turkystan.kz

Бас прокуратура аса ірі мөлшерде алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған қаражатты иемденгені үшін кінәлі деп танылған Перизат Қайрат және оның анасы Ғайни Алашбаеваның үкімі туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.

«Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескеріп, біз соттан Перизат Қайратқа – 10 жыл, Ғайни Алашбаеваға – 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын және мүліктерін тәркілеуді тағайындауды сұрадық.

Сотта анықталғандай, 2021 жылдың қазанынан 2024 жылдың қарашасына дейін Қайрат пен Алашбаева қайырымдылық шараларын желеу етіп «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры арқылы мұқтаж балаларға арналған оңалту орталығын салуға 126,7 млн теңге, Палестина халқына гуманитарлық қолдау көрсетуге 566,5 млн теңге және Қазақстандағы ауқымды су тасқынының зардаптарын жоюға 2,8 млрд теңге қаражат жинаған», – делінген хабарламада.

Жиналған қаражаттың жалпы сомасы 3,5 млрд теңге құраған.

«Аталған қаражат мұқтаж жандарға арналды, алайда Қайрат пен Алашбаева ұрланған ақшалай қаражатты қолданыстағы бизнесті сатып алу және су тасқынынан зардап шеккендерге тауарларды жеткізуге жалған мәмілелер жасау жолымен заңдастырды.

Заңдастырылған ақшаға элиталық жылжымайтын мүлік, қымбат көліктер, сәнді заттар сатып алынған.

Табысты кәсіпкердің бейнесін қалыптастыру үшін Қайрат Перизат әлеуметтік желілерде Біріккен Араб Әмірліктеріне ет өнімдерін жеткізу бойынша отбасылық бизнес бар екені туралы, сондай-ақ шетелдегі беделді оқу орындарында жоғары білім алғаны жөнінде жалған ақпарат таратқан.

Бұл ақпараттар шындыққа жанаспайды», – делінген хабарламада.

Іс материалдарымен Қайрат Перизаттың колледжден шығарылғаны және жоғары білімі жоқ екені нақты анықталған.

«Қайраттың анасы Алашбаеваға берген қылмыстық рөлі ұрланған қаражатты орналастыру үшін өзінің банктік шоттарын беру және Қайраттың қайырымдылық жасаған адамдарды алдауына көмектесуде болды.

Іс бойынша жәбірленуші ретінде 51 тұлға танылған, 1,5 млрд теңгеге талап арыз берілген, біз соттан оны толық көлемде қанағаттандыруды сұрадық.

Бұл қылмыстық іс азаматтардың сеніміне қиянат жасау ауқымы бойынша елдегі ең ірі істердің біріне айналды және қайырымдылықты заңсыз әрекеттерге бүркемелеу ретінде пайдаланатындардың барлығына қатаң ескерту болуы керек», – делінген жазбада.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары