Қазақстанның қорғаныс саясаты елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, шекараларын қорғауға және аймақтық тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Бұл – саясат бейбітшіл, бірақ қауіпке қарсы әрекет етуге дайын елдің ұстанымы. Мемлекетіміздің қорғаныс саясаты соңғы жылдары геосаяси өзгерістермен үндесіп, жаңа мазмұнға ие бола бастады.
Қазақстанның қорғаныс саясатының негізгі қағидаларына бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, әскери қақтығыстарға қатыспау жатады. Еліміз шетелдік қақтығыстарға тікелей араласпайды, бұл бейтараптыққа жақын ұстаным. Алайда бейтарап болу – оқшаулану емес. Керісінше, мемлекетіміз халықаралық әскери ынтымақтастық пен бейбіт бастамаларды қолдайды. Қазақстанның қорғаныс саласындағы стратегиялық бағыты – тұрақтылық пен бейтараптық арасында тепе-теңдік сақтау. Бұл қазіргі құбылмалы геосаяси кезеңде оңай міндет емес. Алайда қауіпсіздік тек әскери әлеуетпен ғана емес, сенімді серіктестік, алдын ала ойластырылған саясат арқылы да қамтамасыз етіледі. Қазақстан дәл осы жолды таңдай отырып БҰҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатты. Сондай-ақ халықаралық ұйымдардың түрлі оқу-жаттығуларына қатысады, бітімгерлік миссияларға мамандар жібере бастады. Бұл тәжірибе әскери мамандардың кәсіби деңгейін арттырумен қатар, Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік кеңістігіндегі рөлін де кеңейтіп отыр.
Кейінгі жылдары жаһандық қауіпсіздік жүйесі елеулі сынақтарға тап болып отыр. Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы қақтығыстар, АҚШ пен Қытай арасындағы стратегиялық текетірес және жаһандық альянстардың қайта құрылуы әлемнің көпполярлы тәртіпке бет алғанын көрсетеді. Бұл жағдай тек ірі державаларға ғана емес, олардың геосаяси орбитасында орналасқан мемлекеттерге де әсер етіп жатыр. Геосаяси тұрғыдан алғанда, елдің үш алып держава – Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен шектесіп жатуы Қазақстанның бейбіт дамуға негізделген қорғаныс саясатын мұқият үйлестіруді талап етеді. Еліміз кейінгі жылдары отандық әскери-өнеркәсіп кешенін дамытуға ден қойды. Жергілікті кәсіпорындар түрлі қару-жарақ пен техника өндірісін жолға қоюда. Дегенмен бұл сала әлі де серпінді дамуды қажет етеді, әсіресе заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді оң жолға қою маңызды. Қазақстан да бұл ахуалды мұқият бақылап, қорғаныс саясатында бірқатар маңызды қадамдар жасауда.
Еліміздің қорғаныс саясаты тұрақты болғанымен аймақтық және жаһандық өзгерістерді ескере отырып, жағдайға қарай бейімделіп келеді. Өйткені қауіпсіздік дегеніміз – бұл тек әскери қуат емес, сондай-ақ дипломатия мен серіктестік арқылы қалыптасатын кешенді жүйе. Осы тепе-теңдікті сақтау мемлекетіміздің стратегиялық бағыты болып қала бермек.
Мемлекеттің ресми қорғаныс стратегиясы бейбіт бағытқа негізделгенімен, қазіргі халықаралық ахуал қауіпсіздік мәселесінде жаңаша көзқарасты талап етіп отыр. Осыған орай Қазақстан 2022 жылы аймақтық және жаһандық қауіптерді болжауға арналған жаңа әскери доктрина қабылдады. Шекара қауіпсіздігін күшейтіп, Ұлттық ұланның рөлін арттырды. Сонымен қатар бітімгерлік миссияларға қатысу арқылы жаһандық қауіпсіздікке үлес қосып, кадр әлеуетін шыңдауға ден қойып отыр.
Қорғаныс саясаты – егемендікті сақтаудың тірегі десек, егемендік дегеніміз – өз елінің ішкі және сыртқы саясатын дербес, ешқандай сыртқы қысымсыз жүргізу қабілеті. Ал бұл дербестік қауіп-қатерлерге қарсы нақты қорғаныс стратегиясы арқылы ғана жүзеге асады. Қазір әлемде қорғаныс саясаты – жай әскери қуатты арттыру ғана емес, сонымен қатар технологиялық тәуелсіздікті азайту, геосаяси тепе-теңдікті сақтау, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету, ақпараттық және киберқауіптерге төтеп беру. Бүгінде еліміз әскери-технологиялық тәуелділіктен арылуға басымдық беріп жатқанын байқаймыз. Отандық әскери-өнеркәсіп кешенін дамыту, шетелдік технологияларды трансферт арқылы игеру де елдің сыртқы саяси қысымдарға берілмеуін қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Қорғаныс саясаты бұрынғыдай шекараны кірпік қақпай қорғау емес. Біз егемендікті тек шекарада ғана емес, ақпараттық кеңістікте де қорғауымыз керек. Ол үшін ұлттық цифрлық инфрақұрылымды шетелдік ықпалдан қорғау, халықтың ақпараттық иммунитетін күшейтумен қатар өзіміздің ақпараттық саясатымызды шетелге бағыттай алатын деңгейге жету өте маңызды. Сонымен бірге ұлттық кадр әлеуеті мен азаматтық қорғаныс мәсе-
лесі де назардан тыс қалмауға тиіс. Себебі егемендіктің ішкі тірегі – Қарулы күштердің сапасы мен кәсібилігі. Халықтың қорғаныс мәдениеті мен резервтік күштерді дайындау – елдің ішкі тұрақтылығы мен тәуелсіз шешім қабылдай алу қабілеті.
Бүгінде саяси бейтараптықты «ешкімге жақ болмау» деген пассив түсінік қалыптасқан. Алайда шынайы егемен ел нақты қауіпке нақты жауап беруге дайын болуға тиіс. Бұл – саяси ұстанымда нақты қағиданы сақтау, серіктес елдермен тең қарым-қатынаста болу, ішкі шешімдерді сыртқы қысыммен емес, ұлттық мүдде негізінде қабылдау деген сөз.
Егемендік жай мәртебе емес, күн сайын дәлелдеуді талап ететін жауапкершілік болса, қорғаныс саясаты – әскери қауіптен сақтану емес, елдің саяси, экономикалық, технологиялық егемендігін нығайтатын, сол жауапкершілікті жүйелі түрде жүзеге асыратын құрал.
А.БИМЕНДІ