2024 жылғы ақпанда Шотландияның шалғайдағы Сэнди аралында болған дауыл жағалаудағы құмдарды шайып, ғасырлар бойы жасырын жатқан тарихи құпияны ашты. Арал тұрғындары бұрын-соңды көрмеген көрініске куә болды: құм арасынан ежелгі ағаш кеменің қалдықтары шықты, - деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Тарихшылар мен археологтардың зерттеуі бұл кеме – “Earl of Chatham” екенін көрсетті. Бұл кеме алғашында Ұлыбритания флотының HMS Hind атты әскери фрегаты болған, 1749 жылы Чичестерде жасалған. Ол "Жеті жылдық соғыста" Канада жеріндегі Луисбург пен Квебектегі шайқастарға қатысып, кейіннен Атлант мұхитында конвойларды қорғаған. Бұл – Британ империясының өркендеуі мен күйреуіне куә болған кеме.
1770 жылдары Америкадағы отарларынан айрыла бастаған Ұлыбритания кемені 1784 жылы әскер қатарынан шығарып, жеке меншікке сатады. Бұдан кейін кеме "Earl of Chatham" деп аталып, Гренландия маңында кит аулау кәсіпшілігіне қатысады. 1787 жылы Лондоннан шыққан 120-ға жуық кит аулаушы кеменің бірі болған. Бірақ 1788 жылғы сапары соңғысы болыпты: қатты дауылдан кейін Сэнди жағалауында апатқа ұшыраған. 56 теңізшінің барлығы тірі қалған.
Қазір жергілікті қауымдастықтың көмегімен кеменің 12 тоннаға жуық еменнен жасалған бөлшектері жағада жиналып, Сэнди мұра орталығындағы арнайы суы бар резервуарда сақталып жатыр. Мамандар оларды болашақта тұрақты экспозицияға айналдыруды көздейді.
«Егер бұл басқа бір жерде табылғанда, бәлкім, осындай қоғамдық қызығушылық болмас еді», – дейді Wessex Archaeology ұйымының теңіз археологы Бен Сондерс. «Бұл арал үшін теңіз – табыс көзі де, қауіп те. Сондықтан әрбір табылған кеме қалдығы – ортақ тарихтың бір бөлігі».
Сэнди – жалпы 270-ке жуық кеме апатымен танымал аймақ.