Шоколад расында да көңіл күйді жақсартады. Себебі оның құрамындағы какао-бұршақтарында антиоксиданттар мен бақыт гормондарының бөлінуін ынталандыратын табиғи заттар бар. Бірақ бұл тәттіні шектеусіз жеуге болады деген сөз емес. Диетолог Марина Макишаның айтуынша, шоколадтың пайдасын көру үшін күніне бар болғаны 10–20 грамм жеу жеткілікті, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі m24.ru-ға сілтеме жасап.
Бұдан артық мөлшер керісінше ағзаға зиян келтіруі мүмкін. Өйткені 100 грамм шоколадтың өзі шамамен 400 килокалория болады.
– Шоколадты таңдағанда какао мөлшеріне назар аудару керек. Құрамында 70%-дан жоғары какао бар түрлері пайдалырақ. Мұндай өнімде қант аз, ал антиоксиданттар көп болады, – дейді сарапшы.
Ал ең зияны – ақ шоколад. Оның құрамында какао-бұршақтары мүлде жоқ, тек қант, май және сүт ұнтағы ғана бар.
Макиша сондай-ақ ащы шоколадты таңдауға кеңес береді. Онда қант мөлшері төмен, сәйкесінше қант деңгейіне күрт әсер етпейді. Оның құрамындағы көмірсу мөлшері әдетте 30-45 грамм аралығында болады.
Диетолог Анжелика Дюваль болса, шоколадқа балама ретінде жеміс пен жидек ұсынады. Оның айтуынша, серотонин бөлінуі үшін тәтті жеудің қажеті жоқ, күн сайын бір уыс жидек немесе жеміс те көңіл күйді жақсартуға жеткілікті.
Сондықтан да шоколадты ұнатсаңыз, шектен тыс жемеңіз. Негізгі ереже – аз мөлшерде, сапалысын таңдап жеу.