Ол бұл туралы марқұм ағасы Жақсылық Жанғазиевті еске алу барысында атап өткен. Әнші өзінің түзу жолмен, жақсылардың жанында жүргенін және қысқа киініп, нәпсіге ермегенін ағасының тәрбиесіне теліген, деп жазды turkystan.kz.
Қоғам қайраткері, Қазақстан мұнай саласына еңбегі сіңген мұнайшы Жақсылық Жанғазиевтің өмірден өткеніне 40 күн толған. Осы орайда әнші ағасына арнап жазба жариялады.
«Адал да, әділетті, жан-жағынан жақсылығын аямаған Жақсылық деген ағам осыдан қырық күн бұрын өмірден өтті. Орденді мұнайшы, іскер басшы, жер ананың бауырында жанталаса тірлік кешкен, пенде атаулының арасында, бүкіл болмыс бітімі өзгеше жаратылған, дара тұлға, көш бастайтын кемеңгер,қол бастайтын батыр, ақыл-ойға өріс жасайтын мен үшін ғұлама Жақсылық Жанғазиев қоғам қайраткері, Қазақстан мұнай саласына еңбегі сіңген мұнайшы! Мені үлкен өмірге тәрбиелеген сүйікті ағам, жанашырым. Мен сізді қатты жақсы көрдім. Атыңызға кір келтірмеймін деп жүргенде тұлға болып қалыптасқанымды да байқамай қалдым. Сол үшін бас ием алдыңызда. Менің барлық жеке концерттерімнің жүру барысын, ұйымдастыруын,сценарийлерін әуелі осы кісі көреді,рұсатын беріп, бекіткеннен кейін ғана жұмыс басталатын. Сырттан маған жетекшілік ететін. Айтқан сөздерімді, өткізген шараларымның ескертулерімен мақтауларын өз әке шешемнен кейін,осы кісімен үйіндегі Жұмағайша жеңгемнен күтетінмін… Қисық жүрмегенім, жаманға ермегенім,қарқылдап күлмегенім, қысқа кимегенім, нәпсіні сүймегінім,бөсіп сөйлемегенім бәрі сіздерден көрген — өнегем мен тәрбием аға!»,- деп жазды Тамара Асар әлеуметтік желіде.