Республика күнінде Ақтөбе облысында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.
Алдымен Ақтөбе қаласына қарасты К.Нокин ауылында заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. 
Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Алматы ауданының әкімшілігі, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық спорт басқармасының өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аталған кешеннің жалпы ауданы – 1 010 шаршы метр. Мұнда бір мезетте 50-ден 200-ге дейін жас спортшы жаттыға алады. Спорт орталығында дзюдо, грек-рим және еркін күрес, сондай-ақ футбол секциялары жұмыс істейді.
Жаңа кешеннің ашылуы ауыл жастарының спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік береді. Бұл орайда биыл Ақтөбе облысында 12 жоба бойынша спорттық нысандар қолданысқа берілмек. Ал соңғы үш жылда 32 жаңа спорт кешені халық игілігіне берілген.
Сондай-ақ мерекеде Ақтөбе қаласының Жібек жолы тұрғын алабында «Заречный» спорт кешені тұрғындарға есігін айқара ашты. Бұл кешенде дзюдо, самбо, грек-рим күресі, волейбол, тоғызқұмалақ, т.б. спорт түрлерінен секциялар жұмыс істейді. Нысан бір мезгілде 50-ден 200-ге дейін бала қабылдауға қауқарлы.
Республика күнінде Ақтөбе облысының Темір ауданы Темір қаласында жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға аудан әкімі мен қала тұрғындары қатысты.
– Бұл кешен – тұрғындарымыздың салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін маңызды нысан. Біздің мақсат – жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, дені сау, белсенді ұрпақ тәрбиелеу. Республика күнінде ашылып отырған жаңа кешеннің игілігін көруге тілектеспін, – деді аудан әкімі Алмас Жақсылықов.
Жаңа спорт нысаны бір уақытта 80-100 адамды қабылдай алады. Кешен заманауи спорт құрылғыларымен жабдықталған, мұнда 6 түрлі спорт секциясы жұмыс істейді.
Сонымен қатар Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына қарасты Құмтоғай ауылында 100 орындық жаңа мектеп ғимараты ашылды. Шараға ауыл тұрғындары, ардагер ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Салтанатты рәсімде Ырғыз ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азамат Махаев құмтоғайлықтарды Республика күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, білім ордасының ауыл өмірінде алатын орны ерекше екенін атап өтті.
Ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Марал Төлеуұлы игі тілегін айтып, жаңа нысанның табалдырығын алғаш аттаған оқушыларға ақ батасын берді.
Жиыннан кейін қонақтар мен ауыл тұрғындары мектеп ішін аралап, оқу кабинеттерімен, зертханаларымен танысты. Заманауи құрал-жабдықтар және жаңа жиһаздармен қамтылған сыныптар жұртшылықтың оң бағасын алды.
Ата-аналар мен ауыл тұрғындары білім ордасының құрылысына қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысын жеткізді.
Құмтоғай жалпы білім беретін орта мектебінің құрылысы 2023 жылы басталды. Бас мердігер – «ЕРЗАТ» өндірістік кооперативі. Екі қабатты жаңа мектеп ғимаратында оқу блоктары мен спорт залы орналасқан.
Айта кету керек, бүгінде Құмтоғай ауылында 495 тұрғын тұрады. Ал мектепте 114 бала оқып жатыр.
Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы
 
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        