Дәстүр. Еңбек. Құрмет

/
Дәстүр. Еңбек. Құрмет
сурет: istockphoto.com

Шілденің үшінші жексенбісінде елімізде металлургтер күні тойланады. Ел экономикасының іргесін шайқалтпай ұстап тұрған өндіріс майталмандарының кәсіби мерекесі – адал еңбек, жауапкершілік пен табандылыққа көрсетілген құрмет. Биыл да әр аймақта мереке қарсаңында өтетін іс-шара легі басталып кетті. Қостанай облысындағы Қарсақбай, Жітіқара және басқа да өндіріс ошақтарында мереке иелеріне құрмет көрсетіліп, салтанатты жиындар мен спорттық шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Тарихқа тағзым

Қарсақбай кентінде өткен мерекелік іс-шараның мазмұны ерекше болды. «Қазақ­мыс корпорациясы» жанындағы Ардагерлер кеңесінің бастамасымен Қарсақбай зауыты­ның ардагері, Құрметті металлург Мұзаппар Жүсіпов атында садақ атудан спорттық жарыс ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шара аясында М.Төрегелдин атындағы Жезді музейі мен академик Қаныш Сәтбаевтың музей-үйі бірлесіп «Металлург жолы» тақырыбындағы жылжымалы көрме өткізді. 
Көрмеде Қарсақбай зауытында тер төккен атақты металлургтер – М.Жүсіпов, О.Мейрамов, Ж.Жеңсікбаев сияқты тұлғалар­дың орден-медальдары, құрмет грамоталары мен жеке заттары жұрт назарына ұсынылды.
Сонымен қатар музей қорындағы тарихи фотосуреттер, зауыт тарихы туралы құжат­тар мен көркем туындылар көпшілікке 
ер­ек­ше әсер қалдырды. Бұл көрме ай соңына дейін Қ.Сәтбаев музей-үйінде жалғасады.

Еңбек мерекесі

«Комаровское тау-кен кәсіпорны» Жіті­қара қаласында металлургтер күніне орай ауқымды бағдарлама әзірлеп, қала тұрғын­дары мен еңбек ұжымдарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Таңертең спорттық жарыс­тармен басталған күн шағын футбол, волейбол және жеңіл атлетика бойынша жолдастық кездесулермен жалғасты. Ойын­дарда «Комаровское тау-кен кәсіпорны» және «Варваринское» кәсіпорындарының қызметкерлері күш сынасып, үздіктер марапатталды.
Бамперболдан балалар арасында өткен турнир ерекше әсерлі өтті. Әзіл-қалжың мен бәсекеге толы ойыннан соң балалар өз әсер­лерін бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Сонымен қатар осы күні 98,3 млн теңгеге жаңартылған спорт стадионының тұсаукесері өтті. Бұл әлеуметтік жоба кәсіп­орын мен жергілікті әкімдік арасындағы меморандум аясында жүзеге асты.
Кешкі салтанатты жиында аудан әкімі Аслан Жаныспаев пен кәсіпорын басшылары металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтап, үздік қызметкерлерді салалық және корпор­ативтік марапаттармен марапаттады. Олар­дың қатарында «Еңбек даңқы», «Кенші даң­қы», «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иегер­лері, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға лай­ық деп танылған қызметкерлер бар. Соны­мен қатар үздік еңбек ұжымдары да анықталды.
Кештің шарықтау шегі – жергілікті және танымал әртістердің қатысуымен өткен кон­церт пен әсем отшашу болды. Мысты қала тұрғындары бұл мерекені отбасымен бірге атап өтіп, бірліктің, еңбекке деген құрметтің шынайы үлгісін көрсетті.

Үздіктерді үлгі етті

Қостанай облысындағы «МехЛитКом» жауапкершілігі серіктестігі де металлургтер күніне орай ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Кәсіпорын концерттік бағдарлама ұйымдас­тырып, жылы лебізді мен алғысын жеткізіп, ең­бегімен ерекшеленген мамандарды марапаттады.
Ұзақ жыл бойы металлургия саласына адал еңбек сіңірген Анатолий Петрович Мальцевке «Еңбек ардагері» атағы берілсе, өндірістегі белсенді қызметкерлер түрлі номинация бойынша марапат алды. Соны­мен қатар дене шынықтыру мен спорт саласына қосқан үлесі үшін де бірқатар маман марапатталды.
Ел дамуына қосқан металлургтердің өлшеусіз еңбегі қандай құрметке де лайық. Еңбек адамын ұлықтау – мемлекеттің өз-өзіне деген құрметі, ал металлургтер қа-
у­ымы­на зор шабыт беретін, жас буынға өнеге болатын игі іс.

Д.Жанатқызы

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары