Ұлттық қауіпсіздікті қорғау – қылмыстың алдын алу

/
Ұлттық қауіпсіздікті қорғау – қылмыстың алдын алу
сурет: istockphoto.com

Қай ел болса да ұлттық қауіпсіздік бірінші орында тұра­тын мәселе. Сондықтан елдің қауіпсіздігіне жауап беретін органның атқаратын жұмысы әрқашан ауқымды және маңызды болады.

Қазақстан бейбіт өсіп-өркендеуді қалайтын бейбітсүйгіш ел. Бірақ ел сон­дай екен деп қылмыскерлер қарап отыр­майды, олар лаңкестік әрекеттер жасауға, есірткі заттар таратуға, ұйымдасқан түрде түрлі қылмыс жасауға әрекеттенеді. Міне, осының алдын алып, қылмысын әш­кере­леуде Ұлттық қауіпсіздік комитеті әрдайым зор нәтиже көрсетуде.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің соң­ғы екі жылда атқарған жұмыстарына на­зар салсақ, олардың ел қауіпсіздігі үшін қандай жанкешті еңбек етіп жат­қан­ын көрер едік.
Өткен жылы Мемлекет басшысының қабылдауында болып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атқарған жұмыстары тура­лы есеп берген Ермек Сағымбаев комиет­тің бір жылда 4 террористік актінің ал­дын алғанын, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қатысы бар 84 адам сот­талғанын, тағы 44 адамның ұсталғанын айтқан болатын. Сонымен бірге лаңкес­тік күдікті ретінде іздеу салынған 6 қа­зақ­стандық азамат Түркия мен Сириядан елге әкелініп, олардың екеуі сотталған. Бұдан бөлек, терроризм мен экстре­мизмге қатысы барлығы анықталған 824 шетелдік Қазақстанға кіргізілмеген.
Ішкі істер министрлігімен бірге жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 19 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере­леніп, 60 адам қамауға алынған. Сондай-ақ заңсыз айналымда жүрген 505 дана атыс қаруы, қолдан жасалған 5 дана жар­­ыл­ғыш құрылғы, 45 жарылғыш зат және 15 046 дана оқ-дәрі тәркіленген. Бұдан өзге, есірткі өндіретін 33 зертхана, оны тасымалдайтын 35 халықаралық және 31 өңірлік арна жойылып, 3,2 тонна есірткі құралдары және психотроптық заттар, 4,5 тонна көкнәр шикізаты, 18,8 тонна прекурсорлар тәркіленіп, оларды заңсыз айналымға шығаруға қатысқан 162 адам сотталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында 1,6 триллион теңгеден астам қаражаттың талан-тараж болуы­ның алды алынып, бюджетке 315 мил­лиард теңге қайтарылған және сыбайлас жемқорлық әрекетке барған 46 адам сотталған. Мемлекеттік шекарада 55 мыңға жуық құқық бұзушы ұсталып, 1 300-ден астам қылмыстың жолы кесілген. Сонымен бірге шекара арқылы 18 мил­лиард теңге көлемінде валюта мен құны 66 миллиард теңге болатын тауарларды заңсыз өткізуге тосқауыл қойылды және 20 заңсыз көші-қон арнасы тоқтатылды. Ал киберқауіпсіздік шаралары бойынша, Комитет мемлекеттік органдардың ақ­параттық жүйелеріне жасалған 552 мил­лионнан астам кибершабуылды және 6 мың DDoS-шабуылды тойтарыпты.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев жақында Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында биылғы жарты жыл ішінде комитеттің атқарған жұмыстары туралы айта келіп, мыналарды мәлімдеді:
Ұлттық қауіпсіздік органдарының ма­тер­иалдары бойынша, ағымдағы жылы террористік қылмыс жасағаны үшін 32 адам сотталған, сондай-ақ 23 адам әлі тер­гелуде. Діни радикалдар ретінде күдікке ілінген 170 шетелдік елімізге кір­гізілмеген. Жасалмақшы болған екі террористік актінің алды алын­ған. Оның бірі Ақтау қаласында тоқтатылса, екіншісінің шетелде жолы кесілген.
 Жыл басынан бері ҰҚК 800 кг астам синте­тикалық есірткі мен 13 тоннадан астам химиялық реагентті заңсыз айна­лым­нан алып, 16 жасырын зертхана, сон­дай-ақ 24 халықаралық және 17 өңір­лік есірткі арнасын жойған. Шекара режимі мен аумақтық су ережесін бұзған 17 мың­нан астам адам анықталған. Ұзын­дығы  340 шақырымнан астам браконьерлік құрал тәркіленіп, 3 мил­лиард теңге шығынның алдын алды. 316 дана қару мен оқ-дәріні, 294 дана есірткіні, 268 дана діни әдебиетті алып өту әрекетінің жолы кесілген.
Бұлардың бәрі Қазақстан тұрғын­дарының қауіпсіздігі мен бейбіт өмір сүруі жолында атқарылып жатқан шаруа­лар. Дегенмен еліміздің әр азаматы жағымсыз әдеттерден аулақ, қылмысқа бастайтын жолдан қашық жүрсе елімізде тәртіп орнап, дамыған қоғамда еркін өмір сүруге кепілдік бар. 

А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары