Ғылымды дамыту отандық өндірісті жандандырады

/
Ғылымды дамыту отандық өндірісті жандандырады
сурет: istockphoto.com

«Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Бұл – айдан анық нәрсе. Сол себепті, Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек. Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет», – деген еді Мемлекет басшысы бұдан екі жыл бұрын сөйлеген сөзінде. Расында, бізде жаңалық ашып, патент алып жатқан ғалымдар бар да, бірақ сол жаңалықтардың өндіріске еніп жатқанын ести бермейміз. 

Қазақстанда ғылым академиясы құ­рыл­ғалы бері әр салада әлемдік маңызы бар ғалымдар шықты, олардың жетістік­тері жайлы кезінде талай жазылды, сол сияқты еліміз тәуелсіздік алғалы бері де ғылым бір орында тоқтап қалған жоқ, дамып жатыр. Ғылымға талантты жастар келіп, зерттеулер жүргізіп, жақсы нәтиже көрсетіп жатқандар бар.
Мысалы, 2020 жылы жаһандық панде­мия кезінде коронавируске қарсы вакци­на ойлап тапқандардың алдыңғы қатар­ын­да қазақстандық ғалымдар да болды. Біз­дің ғалымдар жасап шыққан QazVac вак­цинасы елімізде өндіріліп, екпе жұ­мыс­тары кеңінен жүргізіліп, сонымен бірге оны бірнеше ел сатып алып пайда­лан­ды. Бұл біздің елдің фармокология­сының әлемдік дәрежедегі әлеуетін көрсетсе керек.
Бүгінде әлем жойылуы жүз жылға дейін созылатын полиэтилен материал­дардан зардап шегіп отыр. Оның жер беті­нінің экологиясына қауіп тудырып отырғаны жайында көп айтылады. Осы мәселені шешуде де еліміздің жас ғалымы үлкен табысқа жетті. С.Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертханасының кіші ғылыми қызметкері, жас ғалым Нариман Қайырбеков полиэти­лен пакеттерінің орнына биологиялық жылдам ыдырайтын материалды ойлап тапты. Ол крахмалдан тез ыдырайтын ма­териал жасаудың жолын ойлап тапқан. Жас ғалым целлюлоза материалынан да жасауға болатынын айтады. Аталған екі материалдан жаңа әдіспен жасалатын материал суда тез еріп, қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін көрінеді. 
Негізі, мұндай жаңалық көп. Бірақ оның бәрі жайдан-жай болып жатқан жоқ, елі­мізде ғылымды дамытуға, қабілет­ті жас­тарды қолдауға мән беріліп отыр­ған­дықтан, бізде ғылыммен айналысатын жастардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, салыстыру үшін айтар болсақ, Қазақстанда 2011 жылы 35 жасқа дейінгі жас ғалымдардың саны 6,4 мың болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 8,1 мыңға жеткен. Демек, бүгінгі қазақ ғы­лымында даму, ілгерілеу көзге анық көрінеді дер едік.
Қай саланың да болашағы жастар десек, ғылымға келетін жастар орта мектеп оқушысы болып жүрген кезінен-ақ нәтиже көрсете бастайды. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында біздің оқушылар әл­емнің беделді 7 пәндік олимпиадаларда (IMO, IPhO, IBO, IChO, ILO, iGeo, IOI) 2 ал­тын, 12 күміс, 12 қола медаль және 1 дип­лом жеңіп алса, 2024-2025 оқу жыл­ында халықаралық олимпиадалар мен жарыстарда 362 медаль жеңіп алды, оның ішінде 41 алтын, 127 күміс, 194 қола, сон­дай-ақ 48 Құрмет грамотасы бар. Бұл өт­кен жылмен салыстырғанда 119 медальға артық. 
Міне, халықаралық пәндік олимпиа­да­ларда биік тұғырдан көрініп жүрген жастарға алдағы уақытта ғылыммен еркін айналысуға мүмкіндік берілсе, олардың ізденістері еліміздің ғылымына, эконо­ми­касына зор әсер етіп, Қазақстанның ғылым-білімі дамыған алдыңғы қатарлы елге айналуына ықпалын тигізері сөзсіз.

А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары