Ресейдің Саратов қаласында тұратын 59 жастағы Насритдин Халимов есімді зейнеткер 1992 жылдан бері бірде-бір рет теледидар көрмеген. Осы уақыт ішінде ол жаңалықтарды тек көшеде, автобус ішінде немесе қайырымдылық түскі астар кезіндегі әңгімелер арқылы ғана естіп отырған. Бұл туралы daily.afisha.ru жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Халимов 33 жыл бойы ақпараттық вакуумда өмір сүріп келген. Ер адам 2022 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Хорошие люди» қорынан ыстық ас алып тұрады. Жақында ол волонтерлерut 3 өтініш айтқан: аяқ киімге арналған гуталин, ескі үлгідегі баспа машинасы және теледидар.
Қор қызметкерлері оның тілектерін орындап, барлық затты жеткізіп берген. Алайда теледидарды қосу мүмкін болмады: Халимовтың үйінде антенна сигналы ұстамайды екен.
Теледидарды қоса алмаған волонтерлер ер адамға смартфон арқылы ескі фильмдер көрсеткен. Сол сәтте Насритдин көз жасына ерік беріп, жылап жіберген. Қор қызметкерлері антенна мәселесін жақын күндері шешуге уәде берді.
Ресейде 7 миллионнан астам жалғыз тұратын зейнеткер бар. Бұл адамдардың көбіне күнделікті өмірде көмектесетін ешкімі жоқ: дүкенге бару, дәрігер шақыру, түбіртектерді төлеу — бәрі де өз мойнында. Бұл жайында әлеуметтік қорғау саласының сарапшылары мәлімдеп отыр. Көптеген қарт адам ақпараттан қағылып, технологияны меңгермеген. Олар онлайн қызметтерге қол жеткізе алмайды, ал кейбіреулері тіпті күнделікті қажетті заттарды алуға да қиналады. Осындай жағдайда еріктілер мен қайырымдылық қорлары басты тірекке айналып отыр.