Жазда судан сақтаныңыз

Жазда судан сақтаныңыз

Төтенше жағдайлар министрлігі шомылу маусымында су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізуді бастады. Ондағы мақсат – жазатайым оқиғалардың алдын алу, халықтың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және су жанында демалу кезінде ережелерді сақтауға назар аудару.

Жаз айы басталғалы бері ТЖМ ІІМ қыз­меткерлерімен бірлесіп 30 мыңнан астам патрульдеу және рейд жұмыстарын өткізді, нәтижесінде қауіпсіздік шара­ларын сақтамағаны үшін 902 құқық бұзу­шы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
 Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғаннан бері 480-ге жуық рейд жүргізілді, оның барысында демалу­шыларға суда жүріс-тұрыс ережелері түс­ін­дірілді. Патрульдеу нәтижесінде 9 адам құтқарылып, 11 құқық бұзушы жау­апқа тартылды. Әсіресе, балаларға ерекше көңіл бөлінді. Шалқар көліндегі «Қауіпсіз жағажай» акциясы аясында ТЖ қызмет­кер­лері викторина элементтерімен және рөлдік тапсырмалармен интерактивті іс-шара өткізді. Дұрыс жауаптар үшін қатысушы­ларға құтқару ысқырықтары берілді. Балалар мен ересектерге өздерін құтқарушы рөлінде сынап көруге, басқа демалушыларға қауіпсіздік ережелерін еске түсіруге және балаларды қараусыз қал­дырмау неге ма­ңызды екенін түсін­діруге шақырды. Демалушылар акцияға үлкен қызығушылық­пен  белсенді түрде қатысты.
Қостанай облысында да құтқарушылар Тобыл өзенінде профилактикалық рейд өткізді. Балалары бар отбасы­ларға ерекше назар аударылды. Рейд барыс­ында олар қауіпсіз мінез-құлықтың негізгі ере­желерін еске түсірді және рұқсат етілмеген шомылуға арналған учаскелерді тексерді.
Жетісу облысында ТЖД жедел тобы Ақши ауылындағы Алакөл көлінде ауқым­ды іс-шаралар өткізді. Рейдтерге полиция мен көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері де қатысты. Дауыс зорайт­қыш құралдарын, қайықтар мен дрондар­ды қолдана отырып, демалушыларға қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат жет­кізілді. Рейд қорытындысы бойынша 35 әкімшілік хаттама жасалды.
Абай облысында Алакөл жаға­лауында кәсіби құтқарушылар да, қоғам­дық нұсқаушылар да кезекшілік атқарады. Олардың барлығы қажетті жабдық­тармен, атап айтқанда, құтқару шең­берлерімен, Александров ұшымен, жилеттермен және дауыс зорайтқыш құралдармен қамтама­сыз етілген. Әрекет ету үшін жедел-құт­қару жасағының қайықтары мен гидро­циклдері жұмыл­дырылды.
ТЖМ су маңындағы қарапайым қауіп­сіздік ережелерін сақтамаудың қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін қатаң еске салады. Ал профилактикалық рейдтер еліміздің барлық өңірлерінде тұрақты түрде жалғасатын болады.

А.БИМЕНДІ
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары