Алматылықтар ыстық су мен жылуға 2 млрд теңге төлемеген

/
Алматылықтар ыстық су мен жылуға 2 млрд теңге төлемеген
istockphoto.com

Алматының коммуналдық қызметтері жылу энергиясы бойынша қарыздарды өндіру жұмыстарын күшейтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жылу энергиясы үшін миллиардтаған қарызы бар борышкерлер сот арқылы жауапкершілікке тартылады: мүлік пен банк шоттарына тыйым салынып, шетелге шығуға шектеу қойылады және қарыз толық өтелгенге дейін ыстық судан ажыратылады.

«Алматылық жылу желілері» ЖШС-нің мәліметінше, бүгінгі күні алматылық тұтынушылардың пайдаланылған ыстық су мен жылыту қызметтері үшін жалпы қарызы шамамен 2 миллиард теңгені құрайды.

– Қарыз туралы бірнеше рет ескертілгеніне қарамастан, кейбір тұтынушылар коммуналдық қызмет көрсетушінің заңды талаптарын елемей отыр, – деп хабарлады компания өкілдері.

Жыл басынан бері Алматыда 600-ден астам абонент ыстық судан ажыратылды. Заңды тұлғаларға 3345 сотқа дейінгі шағым жолданды. Сонымен қатар, соттарға талап-арыздар беріліп, 5184 борышкерден қарызды өндіріп алу үшін нотариустарға атқарушылық жазбалар жасау туралы өтініштер жіберілді.

Жалпы алғанда, 1754 борышкерге шектеу шаралары қолданылды:

  • 926 борышкердің (жылжымалы және жылжымайтын) мүлкіне тыйым салынды;
  • 822 банк шотына тыйым салынды;
  • 254 борышкерге Қазақстан Республикасынан шығуға шектеу қойылды;
  • 144 азаматтың жалақысы мен басқа да табыстарынан қарыздар өндірілді.

Компания қала тұрғындарын жауапкершілік танытып, қарыз жинатпай, жылу қызметтері үшін уақтылы төлем жасауға шақырады.

Еске салайық, Алматыда жылу жүйесін цифрландыру 2026 жылға дейін аяқталады. Осыдан кейін алматылықтар өздерінің шоттарын онлайн режимде көре алатын болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары