Бұл күндері Астанада бокстан ерлер және әйелдер арасында Әлем кубогі өтіп жатыр. Былғары қолғап шеберлері арасындағы бәсі биік жарысқа әлемнің 30 елінен 300-ге жуық боксшы қатысып, өзара кім мықтыны анықтауда.
Астанадағы Әлем кубогі – Олимпиадалық World Boxing ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы. Жыл бойы бірнеше кезеңмен өткізілетін Әлем кубогі рейтингілік сайыс саналады. Әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 300 ұпай, екінші орынға 200 ұпай, қос қола жүлдегерге 150 ұпайдан беріледі.
Бас қаладағы Әлем кубогінің басты ерекшелігі – ұлттық командалардың көбінің екі апта Астанаға ерте келіп, бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізуі. Біраз жылдық үзілістен соң Қазақстанға АҚШ, Канада бокс құрамалары ат басын бұрды. Америка мен Канададан бөлек бас қалада Сербия, Франция, Финляндия, Швеция, Швейцария, Әзербайжан, Аустралия, Словакия, Норвегия, Германия және Қазақстан құрамасы бірлесіп дайындық жүргізді. Бас-аяғы 100-ден аса былғары қолғап шебері бір залда жаттығып, дайындығын пысықтады.
Бұл байрақты доданың тағы бір ерекшелігі, әлемнің басқа қалаларында өтетін Әлем кубоктеріне қарағанда елордадағы бұл кубоктық жарысқа көп қатысушы келді. Олардың арасында азуын айға білеген боксшылар жетерлік. Соның ішінде 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Васили Лкадири (Франция), 2021 жылғы әлем чемпионы Робби Гонсалес (АҚШ), 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Билляль Беннама (Франция), екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ниджат Гусейнов, екі дүркін Еуропа чемпионы Турал Сариев (екеуі де Әзербайжаннан), Олимпиада чемпионы, 3 дүркін әлем чемпионы Бусеназ Сюрменели (Түркия), 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Сунчул Хан, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Эйджи Им (екеуі де Оңтүстік Кореядан) әлем чемпионатының қола жүлдегері Энхжаргал Мөнгөнцэцэг (Моңғолия), Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, екі дүркін Әлем чемпионы Хуанг Сяо-Вэнь, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия чемпионатының күміс және қола медаль иегері У Ши И, 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола медаль иегері Чэнь Нянь-Чэнь (Қытай Тайпейі), 2 дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Беатрис Феррейра секілді мықтылар
бар.
Бокссүйер көпшілік әсіресе, Өзбекстан мен Қазақстан былғары қолғап шеберлерінің арасындағы текетіресті асыға күткені мәлім. Алайда Өзбекстан ерлер құрамасы аталған жарысқа қатысуға өтініш бермеген болып шықты.
– Бізде боксшылар арасында да, федерация өкілдері арасында да өте жақсы қарым-қатынас қалыптасқан. Бір-бірімізге деген үлкен құрмет бар. Әр құраманың жыл басында бекітетін өздерінің күнтізбелік жоспары болады. Әлем чемпионатының алдындағы дайындық шеңберінде олардың бұл турнирге қатысуы жоспарланбаған. Мысалы, біз де Бразилия мен Польшада өткен кезеңдерге қатысқан жоқпыз. Сондықтан бұл жерден қандай да бір саяси астар немесе күмән іздеудің қажеті жоқ. Бұл – тек күнтізбелік жоспарға байланысты қабылданған тактикалық шешім, – дейді Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мұталип.
Есесіне, Өзбекстан әйелдер құрамасы Астанадағы ірі додаға бақ сынауға келісімін берді. Олардың сапында 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Азиза Якубова, Жасмин Такирова, Азиза Закирова сияқты бірнеше халықаралық жарыстардың жүлдегер боксшылары бар.
Ал Қазақстан командасы Әлем кубогіне үздік құрамды қатыстырып жатыр. Олардың ішінде әлем чемпиондары Бекзат Нұрдәулетов, Махмұд Сабырхан, Санжар Тәшкенбай мен Олимпиада Ойындарының жүлдегері Нұрбек Оралбай да бар. Бас бапкер Қайрат Сәтжанов бәсекеге қосқан 10 боксшының арасынан Нұрбек Оралбай ширек финалға іркілмей өтті. Ал 70 келіде жұдырықтасатын Абылайхан Жүсіпов алғашқы кездесуінде жарақатына байланысты жарыс жолынан шығуға мәжбүр болса, 60 келіде ел намысын қорғаған Серік Теміржанов ширек финалдан ары аса алмады.
Астанадағы бұл бәсеке – жай ғана турнир емес, бұл – қыркүйек айында Ұлыбританияда өтетін әлем чемпионатына да-
йындық. Сол үшін барлық команда барын салып, әлем чемпионатына бірінші нөмірлі боксшы ретінде баруға лайық екенін көрсетуде.