Аустралияның Виктория штатының жоғарғы соты үш адамды улап өлтірген Эрин Паттерсонды кінәлі деп тапты. Ол улы саңырауқұлақты тамаққа қосқан, салдарынан күйеуінің ата-анасы мен туысы қайтыс болған. Тағы бір адам, бақытына орай, аман қалды, деп хабарлайды turkystan.kz Guardian басылымына сілтеме жасап.
Оқиға Аустралияның Лионгата қаласында болған. Эрин Паттерсон 2023 жылы маусымда отбасылық түскі ас дайындаған. Сол астан кейін күйеуінің ата-анасы Дон мен Гейл Паттерсон, сондай-ақ олардың туысы Хизер Уилкинсон қайтыс болды. Хизердің күйеуі Ян Уилкинсон ауыр уланудан кейін ғана аман қалды.
Құлмақ (death cap) саңырауқұлағын жеген адамның жағдайы алдымен күрт нашарлап, кейін біраз жеңілдегендей сезіледі. Бірақ дәрігерлер бұл жай ғана “алдамшы үзіліс” дейді, көп ұзамай адам ағзасындағы барлық жүйе тоқтап, көптеген орган қызметі бір мезетте істен шығады.
Анестезиолог Стивен Уоррилоу сотта: “Бұл өте қауіпті у. Науқастың жағдайы күрт нашарлап, өлім қаупі жоғары болады,” – деп түсіндірді.
Паттерсон саңырауқұлақтарды қасақана улады ма, жоқ па, осы сұрақ басты таласқа айналды. Қорғаушы тарап оның кінәлі болуы мүмкін емес екенін, өйткені нақты ниет анықталмағанын алға тартты. Дегенмен, Аустралия заңында қылмысты дәлелдеу үшін нақты мотив қажет емес. Сот алқасы бәрібір 12 мүшенің шешімімен Эрин Паттерсонды үш кісі өлтіріп, тағы біреуге қастандық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Паттерсонның айтуынша, пандемия басталғалы ол жабайы саңырауқұлақ теріп, оларды үйінде кептіріп жүрген. 2023 жылғы сәуірде арнайы дегидратор сатып алып, саңырауқұлақтарды ұзақ сақтау үшін кептіре бастаған.
Эрин Паттерсон өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.