Үндістандық IT маманы кейінгі 4 жылда 80-ге жуық компанияға жұмысқа орналасып, әрқайсысында бір сценарийді қайталаған: әңгімелесуден сәтті өтіп, жұмысқа кіріседі, бірақ ештеңе істемейді. 2-3 ай бойы жалақы алып, кейін жұмыстан қуылады. Содан соң келесі компанияға өтеді. Оның айласын Playground AI компаниясының негізін қалаушысы әшкереледі, деп хабарлайды turkystan.kz x.com-ға сілтеме жасап.
Ол бұл қызметкерді жұмысқа алғаннан кейін бір апта ішінде ештеңе істемегенін байқап, жұмыстан босатқан. Бірақ кейін басқа ондаған стартаптарда дәл сол адамға ұқсас жағдай болғанын анықтайды.
Анықталғандай, бұл маманның түйіндемесі 90% жалған болған. Дегенмен, техникалық сұхбаттардан мінсіз өтетін.
«Өтірік айтты, ештеңе істемеді, бірақ сұхбаттардан тамаша өтті. Ал HR мұны түсінгенше бірнеше ай өтеді, ал жалақы сол уақыт аралығында оның шотына түсіп үлгереді», – дейді Playground AI басшысы.