Қызылорда облысында әйеліне балтамен шабуыл жасаған биология пәнінің мұғаліміне үкім шықты. Ол адам өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды. Шабуылдан кейін әйел мүгедек болып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қылмыс Бала Би ауылында орын алған. Тергеу деректері бойынша, айыпталушы таңғы уақытта ұйықтап жатқан жұбайына шабуыл жасап, кейін үйден кетіп қалған. Әйелді ес-түссіз күйде олардың қызы тауып, жедел жәрдем шақырған. 42 жастағы әйелді дәрігерлер аман алып қалды.
«Ол ағаш сапты балта алып, әйелі ұйықтап жатқан кезде оған ерекше қатігездікпен басы мен иығына бірнеше рет соққы жасаған. Кәмелетке толмаған балалары оянғанда, айыпталушы қылмысын аяқтай алмай, балтаны тастап, үйден шығып кеткен. Оған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп хабарлады Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Жәбірленуші шығарылған үкіммен келісті. Алайда сотталған адамның туыстарының пікірі басқа: олар педагогтың жазасы тым қатаң болды деп санайды.
Әйел күйеуімен 11 жыл некеде тұрған. Олардың бес баласы бар.