Францияда медицина мамандары күнделікті тұтынылатын тағамдарда, нан, жарма, картоп сынды өнімдерде кездесетін кадмий атты улы ауыр металлдың адам денсаулығына төндіретін қауіпі туралы дабыл қағып отыр. Бұл металлдың адам ағзасына негізінен тағам арқылы түсетіні белгілі, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Кадмий табиғатта топырақта кездеседі және фосфат тыңайтқыштарының құрамында болады. Осы арқылы ол өсімдіктерге еніп, кейін тамақ тізбегіне қосылады. Кадмийдің канцерогенді қасиеті бар: ол ұйқыбез, өкпе, қуық асты безі және бүйрек обырына, жүрек ауруларына, бедеулікке, жүйке жүйесінің зақымдануына және сүйек ауруларына себеп болуы мүмкін.
Францияның медициналық кәсіптік бірлестігі (URPS) 2 маусымда үкіметке жолдаған хатында «балалар арасында кадмиймен улану жағдайлары күрт артып отыр» деп мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, бұл олардың болашақтағы денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Францияның азық-түлік және экология қауіпсіздігі агенттігінің (ANSES) дерегінше, ересектердің 0,6%-ының рационында кадмий мөлшері шекті нормадан асады. Алайда 3–17 жас аралығындағы балалардың 14%-ы және үш жасқа дейінгі сәбилердің 36%-ы күнделікті тағаммен бірге артық мөлшерде кадмий тұтынады.
2000–2022 жылдар аралығында Еуропалық Одақта кадмийге қатысты ең көп қауіп дабылын Италия тіркеген. Одан кейінгі орындарда Испания, Германия, Франция және Польша тұр. ЕО құрамындағы елдер құрамында кадмий мөлшері 60 мг/кг-нан асатын фосфат тыңайтқыштарын пайдалануға тыйым салған. Кейбір мемлекеттер бұл көрсеткішті одан әрі төмендетіп те үлгерді. Алайда Еуропада фосфат тыңайтқыштарын ең көп қолданатын ел – Франция – әзірге қосымша шектеулер енгізген жоқ.
Дәрігерлер тобы үкіметтен мынандай шараларды қолға алуды сұрап отыр:
- халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
- мектеп асханаларындағы мәзірлерді қайта қарау;
- құрамында кадмий мөлшері аз органикалық өнімдерді насихаттау;
- жоғары қауіп тобына кіретін азаматтардың ағзасындағы кадмий деңгейін бақылау.
АҚШ-та 1960 жылдан бері ауыл шаруашылығында қолданылатын қалдықтарды қатаң бақылау арқылы кадмийдің таралуын азайтуға қол жеткізілгенін мысал ретінде келтіреді.
Мамандардың айтуынша, кадмий адам ағзасынан шықпайды, керісінше, жылдар бойы жиналып, біртіндеп ауру тудыруы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап әрекет ету керек.