Ресейде Қазақстан азаматы лаңкестік әрекетке жәрдемдесті деген күдікпен тұтқындалды. Бұл туралы Санкт-Петербург соттарының бірлескен баспасөз қызметі Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Санкт-Петербургтегі Красногвардейский аудандық соты Қазақстан азаматшасына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде 17 тамызға дейін қамауға алу туралы шешім қабылдады. Әйел адам Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 205.1-бабы 3-бөлігі бойынша (лаңкестік әрекетке жәрдемдесу) күдікке ілінген.
Тергеу мәліметі бойынша, күдікті жоғары лауазымды әскери қызметкерге қатысты билік органдарының қызметін тұрақсыздандыру немесе олардың шешімдеріне ықпал ету мақсатында лаңкестік әрекетке жәрдем көрсеткен.
Күдікті 2024 жылдың 19 маусымында ұсталды. Әзірге оған ресми түрде айып тағылған жоқ. Сот отырысында әйел адам үйқамаққа алынуын сұраған, алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ.