Астана жарқыраған ақшаңқан архитектурасы, мұнтаздай тап-таза көшелерімен көз тартады. Бүгінде қаланың тазалығы тұрғындардың мәдени индикаторына айналған. Бірақ осы мінсіз көріністің артында көрінбейтін қажырлы еңбек, ескерусіз адамдар бар. Солардың бірі – көше тазалықшысы Талғат Ахметов.
61 жастағы Талғат аға – Есіл ауданындағы Тұран даңғылы бойын күн сайын сыпырып өтетін қарапайым еңбек адамы.
Күнім таңғы 4:30-дан басталады...
Ол – Қарағанды облысының тумасы. Қазір Астана маңындағы Талапкер ауылында тұрады. Қала мен ауыл арасы – 57 шақырым. Қалаға күн сайын жұмысшыларға арналған арнайы автобуспен қатынайды.
– Таңым сағат 04:30-да басталады, қалаға 06:30-да шамасында жетеміз. Қолымызға сыпырғыш пен арба, күрек алып, жетіде жұмысты бастап кетеміз. Екі-екіден жүреміз. Біріміз сыпырып, біріміз үйілген қоқысты арбаға саламыз. Жұмыс уақыты сағат 07:00-ден 16:00-ге дейін. Түскі ас – 11-де. Сыпырамыз, тазалаймыз, арбамен қоқыс жинаймыз. Бәрі – қарапайым тірлік, бірақ жеңіл емес. Бірақ сосын үйге жетіп, шай ішіп отырғанда, шаршағаның, бәрі ұмыт болады», – дейді Талғат аға, сыпырғышына таянып.
Ол тазалайтын аумақ – Сығанақ көшесінен «Астана Жұлдызы» айналма жолына дейінгі Тұран даңғылы. Аз емес. Бірақ ол бұл жолды қалтарыс-бұлтарысына дейін жаттап алған. Әр таныс із, таныс жол, тіті, әр ағашының көлеңкесі де таныс көрінеді.
Табысым аз болса да, адал нәпақа
«Айлығымыз – 250 мың теңге. Көп емес. Қанша аз табыс болса да, адал нәпақа. Алты күн істеп, бір күн демаламыз. Осы тазалық саласында 10 жылдан аса уақыт жұмыс істеп жүрмін», – дейді Талғат аға.
Ол елорда тұрғындарының тазалыққа бейім екенін ерекше атап өтті.
«Кейбір қалаларда, адам көп жерде қоқыс та көп болады. Бірақ Астанада ондай емес. Тұрғындар ұқыпты. Әрине, бірен-саран болмаса, жалпы халық түсіністікпен қарайды. Қоқысты қоқыс жәшігіне тастайды. Астана тұрғындары тазалыққа бейім. Бұл – біздің жұмысымызды жеңілдетеді», – дейді ол.
Әр маусымның өз қиындығы бар
Көктемде – батпақ, жазда – шаң мен бөтелке, күзде – жапырақ, ал қыста – қар. Талғат аға әр маусымның өз қиындығы бар екенін жасырмады. Ол үшін ең қиын маусым – көктем мен күз. Бірақ кейіпкеріміз әр мезгілдің өз кереметі де, қиындығы да бар екенін айтты.
«Қыс қатты болған жылдары күні бойы күрек ұстап шығамыз. Ал жазда — қоқыс көп. Адамдар серуендейді, су ішеді, балмұздақ жейді – бәрі қаланың шетінде қалып жатады. Соның бәрін жинаймыз. Жеңіл жұмыс жоқ. Бірақ адамның ниеті түзу болса, бәріне үйренеді екен. Біз де соны көріп келеміз», – дейді ол.
Сондай-ақ Талғат аға ешқашан істеп жүрген жұмысынан қысылмағанын айтады.
«Қарапайым ғана жұмыс істегеніме ұялмаймын. Бұл да – адал еңбек. Адал еңбектің артында тыныш ұйқы мен тәтті нан тұрады», – дейді тазалықшы.
Талғат Ахметов бұрын Нұра ауданында аула ішіндегі жолдарды тазалаған. Екі жыл бұрын осы Есіл ауданына ауысқан.
«Басында қалаға келу қиындау болды. Бірақ елордада тазалыққа, тәртіпке қарайтын көздер бар. Біз де соған үлес қосып жүрміз деп ойлаймын», – деді Талғат Ахметов.
Отбасыңды адал еңбекпен асырағанға жететін нәрсе жоқ...
Талғат ағаның төрт баласы бар. Балалары есейген, әрқайсысы өз өмірін құрып жатыр.
«Балаларыма еңбекті үйреттім. Өзіңе сенсең, ештеңеден қысылмайсың. Қазір бәріне шүкір деймін. Осы жұмыстың арқасында ешкімге қол жаймадым. Отбасыны адал еңбекпен асырағанға жететін нәрсе жоқ», – дейді ол байыппен.
Үндемей жасалған еңбек – ең үлкен еңбек
Кейіпкеріміз көп сөйлемейді. Бірақ айтқан әрбір сөзі – нық, жасаған әрбір ісі – тәртіпке құрылған. Сырт көзге ол жай ғана сыпырғыш ұстаған жан сияқты көрінуі мүмкін. Алайда дәл сол үнсіз еңбегі адамдардың жайлы жүріп-тұруына жағдай жасалып, қаланы таза, көшелерді көрікті етеді.
«Адамдар көбіне байқай бермейді. Бірақ біз болмасақ, көше көркі де болмайды. Мен соны жақсы білем. Сондықтан әр таң – мен үшін жауапкершілік. Тазалық тек тазалықшыларға керек емес. Ол бәрімізге ортақ. Қоқысты жәшікке тастасаңыз бізге де, өзіңізге де істеген жақсылығыңыз болады. Қала тазалығы – сіз бен бізге аманат», – деді ол.
Қала көшелері тазарғанда, ол өзі де бір тыныстап, тазарғандай болады. Біреуге елеусіз, біреуге беймәлім адам. Бірақ Талғат Ахметов – Астананың күнделікті тынысын бір қалыпта ұстап, таза да сәнді қаланың көсегесін көгертіп жүрген абыройлы жұмысшылардың бірі. Сондай-ақ өмірін адал кәсіпке арнап, қоғамның жақсара түсуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан еңбек адамы.
Анель ЖАРЫЛҒАСЫНҚЫЗЫ