Оксфорд дәрігерінің “5 минуттық ережесі” – ми жалқаулығын жеңудің ең қарапайым жолы

/
Оксфорд дәрігерінің “5 минуттық ережесі” – ми жалқаулығын жеңудің ең қарапайым жолы
сурет: istockphoto.com

Оксфорд университетінің неврологі Фэй Бегети күні бойы ауруханада күрделі диагнозы бар науқастарды қабылдайды. Ал кешкісін үйіне келіп, екі кішкентай баласын ұйықтатып, демалуға тырысады. Бірақ миы шаршап, зейіні мен күш-қуаты таусылған кезде, ол өзін қайта сергітудің бір ғана қарапайым әдісін қолданады. Бұл әдісті дәрігер ми құрылымын зерттеген 20 жылдық тәжірибесіне сүйеніп әзірлеп шыққан, деп хабарлайды turkystan.kz cnbc.com-қа сілтеме жасап.

Бегетидің айтуынша, бұл әдіс – ми қуатын бұрынғы қалпына келтіріп, адамды жігерлендіруге ең тиімді тәсіл. Ол оны “5 минуттық ереже” деп атайды.

5 минуттық ереже дегеніміз не?

Ереже өте қарапайым: бір істі істегіңіз келмей тұрған сәтте, бәрібір бастап кетіңіз, бірақ тек 5 минут қана істеймін деп ойлаңыз. Осы уақыт өткен соң, жалғастыру не тоқтату туралы шешімді қайта қарауға болады.

Көп жағдайда бізді шаршататын дене емес, мидың шаршауы. Ми өз қуатын үнемдеу үшін бізді “жеңіл” әрекеттерге итермелейді – мысалы, сериал көру немесе әлеуметтік желіде уақыт өткізу. Оның үстіне, ми алда тұрған істі тым қиын етіп елестетіп, одан қорқатын себеп ойлап табады.

Бірақ нағыз қиындық – бастау ғана. Бір рет бастап кетсек, одан әрі жалғастыру әлдеқайда оңай болады.

Бұл әдіс неліктен тиімді?

Бегетидің айтуынша, бұл ереже оны жүздеген жаттығуларды өткізіп алмауға көмектескен. Ең қиыны – алғаш рет жүгіру аяқ киімін киіп, сыртқа шығу. Ал бес минут өткен соң, көп жағдайда ол өзінде әрі қарай жалғастыратын күш-қуаттың барын сезінеді.

Ол бұл тәсілді тіпті декреттік демалыста кітабын жазғанда да қолданған. Балаларын ұйықтатып болған соң, небары бірнеше сөйлем жазуға отырады. Ал бір қарағанда, жазуға мүлде күш пен уақыт жоқтай көрінген кеште де нақты нәтиже пайда бола бастаған.

Егер бес минуттан кейін тоқтауды шешсеңіз – ол да қалыпты жағдай. Денеңіз бен миыңызды тыңдау маңызды. Бірақ сол бес минуттың өзінде-ақ бір істің басы басталып, кішкентай қадам жасалады. Ал бұл – алға жылжудың нақты белгісі.

Бес минут – үлкен нәтижеге бастар жол

Мидың табиғаты бойынша “ештеңе істемеуден” гөрі “аз да болса бірдеңе істеу” әлдеқайда пайдалы. Өйткені ештеңенің үстіне ештеңе құра алмайсыз, ал аз да болса бар дүниенің үстіне жаңа әдет қалыптастыруға болады.

Қайталанған әрекеттер уақыт өте келе мидың префронтальды қыртысынан (күрделі шешімдер мен өзін-өзі бақылауға жауапты аймақ) базальді ганглияға (әдеттерді сақтайтын ми бөлігі) ауысады. Яғни, бұл әрекет біртіндеп әдетке айналады, ал оны орындау миға әлдеқайда жеңіл бола бастайды.

Осылайша, жаттығу жасауды өмір салтына айналдырған адамдар “мотивация” күтіп отырмайды – олар үшін бұл енді күнделікті қалыптасқан дағды ғана.

Фэй Бегети — Оксфорд университетінің неврологі, нейроғалым және «The Phone Fix» кітабының авторы. Оның зерттеу саласы – нейродегенеративті аурулар. Бүгінде ол Британ неврологтар қауымдастығының деректер және құрылғылар жөніндегі кеңесінің мүшесі және The Female Lead денсаулық елшісі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары