Ақуызы бар қосымша тағамдарды жеу қажет емес болуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Күнделікті жеткілікті мөлшерде тамақтанып жүрсеңіз, ағзаңызға қажетті ақуыз мөлшерін де алып жатырсыз. Сондықтан диетологтар ақуыз қосылған өнімдерді тұтыну көбіне артық дейді.
«Ақуыз қосылған өнімдер өндірушілер үшін өте тиімді. Бірақ ол денсаулық үшін емес, табыс үшін жасалып жатыр», – дейді Лондондағы Империал колледжінің жетекші диетологы әрі ZOE денсаулық ғылымы компаниясының маманы Федерика Аматидің айтуынша. «Бұл – ғылыми негізі жоқ тренд».
Ақуыз – ағза үшін ең маңызды қорек заттардың бірі. Ол жасушаларда сан түрлі қызмет атқарады, бұлшықет, сүйек пен терінің өсуі, қалпына келуі және күтімі үшін қажет. Соған қарамастан, ақуыз қосылған батончиктер, коктейльдер, құймақтар мен попкорндар секілді өнімдер нарықта көптеп кездеседі.
«Көп адамға артық ақуыз қажет емес»
Ақуыз – май мен көмірсу сияқты макронутриент, яғни ағзаға аса қажетті қоректік зат. Олардың көпшілігін ағза өзі синтездей алады, себебі ол аминқышқылдарынан құралады.
«Ақуыздың маңызын ескере отырып, біздің ағзамыз өте жақсы бейімделген – аминқышқылдарды түрлендіріп, өзіне қажетті ақуызды құрастыра алады. Бірақ бұл үшін адам жеткілікті мөлшерде тамақтануы керек», – дейді Федерика Амати.
Ұлыбританиядағы Британдық тамақтану қорының диетологы Бриджит Бенелам да бұл пікірмен келіседі: «АҚШ пен Ұлыбритания секілді елдерде тұратын көпшілік үшін қосымша ақуыз қажет емес. Егер арнайы медициналық жағдай болмаса, сізге жеткілікті ақуыз тек күнделікті тағамнан-ақ келеді».
Қанша ақуыз қажет?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, орта есеппен дені сау ересек адамға салмағының әр килограмына шаққанда 0,8 грамм ақуыз жеткілікті. Бұл шамамен:
Ер адамдарға – күніне 60 грамм;
Әйелдерге – күніне 50 грамм ақуыз.
Балалар мен егде жастағы адамдарға ақуызды жеткілікті тұтыну ерекше маңызды.
Ақуызды түрлі тағамнан алған жөн
Бенелам ақуызды тағамдардан алу керек дейді: мысалы, сүт өнімдері, балық, бұршақ, жаңғақ, көкөністер мен еттен. Әсіресе әрбір негізгі ас мәзірінде аз мөлшерде ақуыз болуы – бұлшықет жұмысын сақтау үшін маңызды.
Өсімдік текті ақуыз көздеріне мыналар жатады: бұршақ дақылдары, жасымық, үрме бұршақ, жаңғақтар, тұқымдар, тофу, темпех және вегетариандық ет алмастырғыштар. Жануар текті көздер – балық, ет, тауық еті, жұмыртқа мен сүт өнімдері.
Бұлшықет өсіру үшін не істеу керек?
Егер сіз бұлшықет массасын арттырғыңыз келсе, шешім – жаттығу.
«Денеңіздің сыртқы пішіні мен бұлшықет күшіне алаңдасаңыз, ауыр салмақтармен жаттығу жасап, ағзаңызға нағыз күш түсіріңіз», – дейді Федерика Амати.
«Ақуызы көп батончик жеу бұл мақсатқа көмектеспейді».