Қарағандыда «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалы Әкелер күніне орай «Әке аманаты» тақырыбында алғаш рет облыстық әкелер форумын өткізді.
Онда 300-ден астам ер адам – әкелер, педагогтер, әскерилер, спортшылар және қоғам қайраткерлері бас қосып, балаға тәрбие берудің, патриотизмнің, цифрлық қауіпсіздіктің және жасөспірімдерді әлеуметтік қауіп-қатерден қорғаудың негізгі мәселелерін талқылады.
Кездесу ер адамдар арасындағы өзара сенімге негізделген ашық әңгімелесу форматында өтті. Форумға қатысушылар бастан өткен оқиғаларымен, бала тәрбиесіндегі тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ жасөспірімдер тап болатын қазіргі сын-қатерлер талқыланды. Балалармен өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнату, интернеттегі кибербуллингтің алдын алу, нашақорлыққа төзбеу және әкенің тәлімгер әрі қорғаушы ретіндегі рөлі тақырыптарына баса назар аударылды.
«Бүгінгі форум жай ғана кездесу емес. Бұл баланың басты қамқоршысы, тәрбиешісі ретінде әкенің беделін арттыруға бағытталған қадам. Отбасы – күшті мемлекеттің негізі. Біз осыған сенімдіміз. Әкелерге қолдау көрсету және жауапты, көшбасшы отағаларын қалыптастыру – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі», – деді «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.
Форумда жасөспірімдер қылмысы мен девиантты мінез-құлық мәселелеріне ерекше назар аударылды. ABADAN спорт академиясының президенті, меценат әрі «AMANAT» партиясының мүшесі Нұрлан Қалтаев өз тәжірибесімен бөлісті. Оның академиясында 500-ден астам бала мен жасөспірім, соның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балақайлар спорттың 12 түрін игеруде.
«Біз жастардың бойында есірткіге қарсы тұра білу қасиетін қалыптастыруға тиіспіз. Бұл өскелең ұрпақтың денсаулығына қатысты мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Спорт, тәртіп және ер адамның тәрбиесі – жасөспірімдер арасындағы тәуелділік пен деструктивті мінез-құлықтың алдын алудың күшті құралы. Біз, ересектер, балалармен барынша жақын болуға және оларды соңымыздан ерте білуге міндеттіміз», – деді Нұрлан Қалтаев.
Қатысушыларға қарағандылық жастардың әкеге білдірген ризашылығы топтастырылған бейнеролик көрсетілді. Шынайылық, сенім және махаббат. Бұл ұғымдар іс-шараның негізгі қозғаушы күшіне айналды.
Сондай-ақ форум аясында психологтар мен педагогтердің қатысуымен ашық талқылау өткізілді. Онда әкелер кәсіби кеңес алып, оларға қиын жағдайдан шығу жолдары айтылды. Кездесу соңында қатысушылар алғыс хатпен марапатталды. Бұған қоса, «AMANAT» партиясының жаңа мүшелеріне партия жұмысына деген сенімінің, ер адамдардың отбасы мен қоғам өміріне белсенді араласуын қолдаудың жарқын үлгісі ретінде партиялық билеттер табысталды.