Мұстафа Көк – Түркияның Ниде қаласындағы Омер Халисдемир атындағы университеттің 3-курс студенті. 60 жасында студент атанған ол түркология мамандығы бойынша білімін жетілдіріп жүр. Осыдан бес ай бұрын алмасу бағдарламасы бойынша Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға келген. «Атажұртыма бес айға емес, бір жылға келіп оқуға болатынын білмей қалдым» деген ол енді магистратура бөлімін толығымен Қазақстанда оқысам дейді. Түркиядағы тек қана қазақтар мекендейтін жалғыз ауылдан атамекеніне білім қуып келген Мұстафа Көкке хабарласып, әңгімелескен едік.
– Жергілікті Түркістан телеарнасына берген қысқа сұхбатыңыздан кейін көпшілік сіздің оқуға деген құлшынысыңызға қайран қалып жатыр. 60 жаста оқуға қайта ден қоюдан бөлек, бір семестрді атажұртыңыздағы бірегей университетте оқуға келгеніңізге дән риза. Ол сұхбатты көре алмаған көпшілікке өзіңізді кеңінен таныстыра кетсеңіз.
– Мен 1962 жылы Ниде провинциясына қарасты Алтай қазақ ауылында дүниеге келдім. Бастауыш мектепті ғана бітірдім. Түркияда бастауышта бес жыл, орта оқуда үш жыл, кейін лицейде жеті жыл оқиды. Содан соң университетке оқуға тапсырады. Ал мен орта оқу мен лицейде оқи алмадым. Оған себеп – ауылда 80-90 малы бар әке-шешеме қолғанат болып, оқуды ысырып, оларға көмектесу керек болды. Сөйтіп, ауылда қалып қойдым. Десе де, оқысам, білімімді жетілдірсем деген үлкен арман ішімде қалып қойды. Қатты оқығым келді. Өзім оқи алмасам да, балаларымды оқытайын деп төрт баламның жоғары білім алып, мықты маман болуын қадағаладым. Бүгінде төртеуі де – өз ісінің мамандары, балалы-шағалы. Екеуі – мұғалім, бірі – полицей, бірі – тілмаш. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, қолым босап, жауапкершілік жүгі азайған соң енді өзіме көңіл бөлейін, өзім оқиын деген мақсат тұттым. Жұмыста бір бала орта мектептің тапсырмасын орындап, емтихан тапсырып, сырттай оқып жүрген-тін. Оқулығын ашып қарасам, мен жауабын білетін сұрақтар, баяғыда оқыған дүниелерім. Сол кезде өз-өзіме «Осы мен оқи алатын секілдімін. Оқысам қайтеді?!» деп сұрақ қойдым. Сөйтіп, 2020 жылы оқуға кірісіп, төрт жылда орта оқу мен лицейдің жүйесі бойынша сырттай білім алдым. Содан соң Нидедегі Омер Халисдемир атындағы университетке оқуға түстім.
– Өзіңіз қалаған мамандыққа түсе алдыңыз ба?
– Түркияда түлектерге 24 мамандық таңдау құқы беріледі. Мен екі мамандықты, соның ішінде киім тігу ісі мамандығын бірінші таңдадым. Сіз тарихи кинода, сериалдарда көріп жүрген батырлардың киімі қазақтың көне киімдері ғой. Сол киім үлгілерін тігуді үйренсем бе деген едім. Алайда ол бөлімге емес, екінші таңдаған мамандығым – түркология бөліміне оқуға түсу бұйырған екен. Мен 2004-2010 жылдары аралығында ауыл әкімі болып жұмыс істедім. Сол уақытта осы университетте Наурыз мейрамын мерекелеуге атсалысып, ауылдан бауырсақ пісіртіп, тағы басқа ұлттық тағамды әзірлеп әкелетінмін. Сол кезде бірге тойлаған оқытушыларым бүгінде өзімнің ұстаздарым болып шыға келді (күліп).
– Дегенмен түркология мамандығын меңгеретініңізді естігенде қуанған боларсыз?
– Әлбетте, қатты қуандым. Киім тігу ісін оқытатын оқытушылар менің алдымен олардың бөліміне оқуға түскім келетінін естіп-біліп, «Сен бізге де керексің. Оқу бітірген соң бізге тапсыр. Теріден киім тігудің қыр-сырын үйретеміз» деп қолқалап отыр. Біз теріден киім қалай тігу керек екенін бала кезден білеміз ғой. Бәрін білеміз. Алайда ресми оқудың жөні бөлек. Дегенмен түркология саласында да білмейтінім көп екен. Осы үш жылдың ішінде көп нәрсені білдім, жіті зерттедім. Біз білмейтін дүние расында көп екен.
– Түркістан телеарнасына берген сұхбатыңызда алғашында топтастарыңыздан ұялып, аудиторияда үнемі артқы қатарда отыратыныңызды айтып қалдыңыз. Жастармен үйренісу, жаңа ортаға бой үйрету процесі қиынға түсті ме?
– Мен оқуға түскен кезде алпыс жаста едім. Әрине, менің жасымдағы студентке көпшіліктің таңдана қарайтыны айтпаса да түсінікті. Менің топтастарым – 17-18 жастағы қыз-жігіттер. Біздің топта 32 жастағы Мұстафа, 28 жастағы Бурак деген екі жігіт оқыды. Бірде олар «Біз – шалмыз, балалардың қасында отыра алмадық» дейді. «Сендер өздеріңді шал деп санасаңдар, мен 60 жасымда қайтемін онда?!» дедім. Дегенмен олар бес айдан соң оқудан шығып кетті. Ал мен бастаған ісімді соңына дейін жеткізейін деп тырыстым. Сабақтан бірде-бір рет қалған емеспін. 18 жыл асфальт жол төсеумен айналысатын үкіметтің жұмысында істедім. Жұмыс істесем де, сабақты бәрінен биік қойдым. Әдепкіде топтастарыммен тіл табыса алмай, алдына барып отыруға ұялып, үнемі артта отыратынмын. Бірде бір оқытушы «Мұстафа аға, алдына келіп отырсаңызшы. Неге үнемі артта отырасыз?» деді. Сөйтсем, мұғалімнің алдына барып отырған жақсы екен ғой. Тақтайдағы жазуды анық көресің. Айтқандарын анық естисің. Мен артта отырғанда алысты, жақынды көретін екі көзілдірігімді кезек-кезек тағып отыратынмын. Тақтадағы жазу-сызуды көру үшін біреуін, жазуды дәптерге түсіру үшін екіншісін қолданамын. Соны оқытушылар байқаса керек. Алдына отырғызып қойды. Кейін бәрі өзгеріп сала берді. Бір жыл өте олармен дос болып, жақын араласып кеттім. Топтағы екі-үш қыз кабинетке кіре сала «Ағаның қасына мен отырамын!» деп немерелерім секілді таласады. Олардың бұлай жылы қабылдауы мені оқуға ықыласымды арттырып жіберді. Бұрын артта отырғанда мұғалімнің айтқанын ғана жазатынмын. Түсінбегенімді өз бетімше іздейтінмін. Ал қазір түсінбегенімді балалардан сұрап алатын болдым. Оқуды, оқығанды жақсы көремін. Әр күн бірдеңе үйренсем, соған қатты қуанамын. Бұрын кітап оқуға уақыт жоқ болды. Қазір ұстаздар оқы деген кітаптың бәрін оқып, көп дерекке қанығып, сусындап жатырмын. Керемет сезім!
– Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде студенттермен алмасу бағдарламасымен білім алдыңыз ғой?
– Иә, университеттегі профессорым, түркология бөлімінің басшысы «Келесі жылы Орхун алмасу бағдарламасымен Қазақстанға жіберейін» деп ұсыныс айтты. Онда оқи аламын ба, ұят болып қалмай ма деп көп толғандым. Бұрынырақта көпшіліктің алдына шығып сөйлегеннен қымсынбайтынмын. Алайда білім жолына түскен соң бойыңда күдік пен күмән көп болады екен. Түркиядағы жас топтастарыма енді бой үйретіп жатқанда Түркістандағы балалар қалай қарсы алар екен деп бас қатырдым. Бір жағынан, онда оқуға ұялдым. Профессор «Жоқ, барасың. Өзің – қазақсың. Өз атамекеніңе бара жатырсың» деп артықшылығын тізіп шығып, ақыры онда құжат тапсыруыма көндірді. Үкіметтің жұмысы болғандықтан, алатын жалақым да жақсы еді. Зейнетке шықсаң, айлығыңның жартысын алып отырасың. Оқу жолына түсіп, Қазақстанға оқу мүмкіндігі туындаған соң, өтініш жазып, жоғары жалақы төлейтін ол жұмыстан шығып кеттім. Сөйтіп, осы жылдың ақпан айында бес айға оқуға Түркістанға келдім. Білмей қалыппын, мұнда мен ойлағандай бір семестр емес, бір жыл толығымен оқуға болады екен. Ондайын білгенде былтыр күзде келер едім.
– Түркістандағы топтастарыңызбен қалай тіл табысып кеттіңіз? Бастапқыда олар Түркиядағы қыз-жігіттер секілді реакция танытты ма?
– Иә, басында үркіп қарағаны бар. Ә дегенде олар мені оқытушы екен деп ойласа керек. «Жоқ, сендер секілді студентпін» десем, таңғалысын жасырмайды. Көп студентпен бірге оқитын болған соң, олардың бәрін тани бермеймін. Бірақ олар мені автобуста танып, «Ағай, қалыңыз қалай? Амансыз ба?» деп амандасып жатады. «Біз бірге оқимыз ба?» деп алдымен сұрап аламын. Олар «Иә, бірге оқимыз» дейді (күліп). Кейде бір-бірімен сыбырласып «Бізбен оқиды екен. Түркиядан келіпті» деп айтып жатады. Маған мұндай реакция ұнайды. Оқығанның пайдасы өзіме тиеді, дегенмен қазір оқуды қолға алу кеш деп жүргендерге үлгі болайын деп тырысып жүрмін. Білімге ұмтылған адамға үлгі болып отырсақ басқа арман не?!
– Бұған дейін Астана, Алматыға келгеніңізді байқадым. Түркістанға бірінші рет келіп тұрсыз ба?
– Түркістанға бірінші рет келуім. Ауыл әкімі болып тұрғанымда Астанадағы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына келіп қатыстым. Сосын Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Алматыда өткен жиынына шақыртылдым. Екі рет барғанымда да айналамның орысша шүлдірлегеніне таң болып қайтқанмын. Ал Түркістанда бәрі басқаша. Автобуста, көлікте, дүкенде, барлық жерде бәрі қазақша сөйлейді. Қазақстанға енді келген екенмін деп сезіндім өзімді. Ғұлама бабамыз Ахмет Ясауи туралы көп естіп-біліп өстік қой. Алғаш кесенені аралаған кезде Құран оқып жатып, көңілім толқып, өз-өзімді ұстай алмай, өксіп жыладым. Тоқтай алмадым. Көз жасыма ерік бердім. Қазақ болғаныма қуанып, руханиятымды қатты сезіндім. Мен жалдап тұратын пәтер әкімдікке қарсы бетте орналасқан. Күнде үш-төрт сағат далада серуендеймін. Саябақта көп отырамын. Айналамның бәрі қазақша сайрап тұр. Бұл менің көңіліме майдай жағады. Түркияда ортамыз түрікше сөйлеседі ғой. Ал ана тіліміз – қазақша ғана сөйлейтін ортада жүру, қазақша әңгіме тыңдаудың өзі бір ғанибет!
Осы ортаға масаттанған мен мұндағы көші-қон бөліміне барып, азаматтық алып, осы жақта қалғым келетінін айтып, көмектесуін сұрадым. Ондағы жауапты мамандар ол үшін түрік азаматтығынан бас тартуым керек екенін айтты. Қазақстанда қос азаматтыққа заң бойынша тыйым салынған екен. Ал менің бала-шағам, немерелерім Түркияда тұрады. Тағдыр талқысымен сонда тудық, өстік, өндік. Сонда байланып қалдық. Мұнда ұзақ уақыт қалудың басқа жолын іздедім. Сөйтсем, қандастарға арналған «Ата жолы картасы» деген құжат шыққан екен. Соны алып алсақ та болады екен. 10 жыл Қазақстан азаматы секілді жүре алады екенбіз.
Түркістандағы оқуым аяқталды. Жиырма күннен кейін Түркияға қайтамын. Менің аталарым Сырдарияны бойлап, Өскемен, Зайсанды басып өтіп, Қытайға қарай шығып кеткен екен. Ол кезде шекара жоқ еді ғой. Жайлау «қуалап» кете берген. Бергі жақты орыстар, арғы жақты қытайлар бөліп алғанда аталарымыз Қытай жағында қалып қойған. Содан кейін тепкіге ұшырағысы келмеген олардың Үндістан, Пәкістанды жарып өтіп, Түркияға көшу тарихын білетін боларсыз. Мен алдағы жиырма күннің ішінде аталарымның ізі қалған Зайсан жаққа барып қайтуды жоспарлап отырмын. Картадан қарасам, Қытаймен шекаралас жерде орналасқан екен. Ертең соған пойызбен аттанғалы отырмын. Пойыз екі жарым күн жүреді екен. Ал ұшақ билеті тым қымбат. Есесіне, пойызбен жүріп, қазақтың кең байтақ жерін көруге мүмкіндік туып тұр.
– Оқуды аяқтаған соң не істемек ойыңыз бар?
– Қазір 3-курсты аяқтадым. Енді бір жыл оқимын. Сосын ары қарай тағы оқысам деймін. Оқи бергім келеді. Оқудың «дәмін» сездім, маған оқыған, ізденген ұнап қалды. Сондықтан магистратураға түсу ойда бар. Кеше осындағы саябақтардың бірінде үй ішіммен түрікше сөйлесіп отырсам, менімен жасты екі кісі кідіріп, менің әңгімемді тыңдап тұр. Сөйлесіп біткен соң маған жақындап, амандасып, «Қазақсыз ба?» деп сұрайды. «Иә, қазақпын» десем, «Қазақ болсаң, неге басқа тілде сөйлеп тұрсың?» дейді (күліп). «Түркия қазағымын. Түрікше сөйледім» десем, жақын тартып, «Отырып, сөйлессек бола ма?» деп қасыма жайғаса кетті. Олар менің мұнда қайдан жүргенімді сұрады. Оқуға келгенімді айтып едім, «Бұл жаста оқып не қыласың? Не пайдаң тиеді сенің?» дейді (күліп). «Өзіме пайдам тиеді, өзім үшін оқып жатырмын» дедім. Сол оқудың пайдасы тисін деп, Түркия қазақтарының көші туралы айтылмаған, жарияланбаған дүниелерді жария етіп, кітап жазсам деймін. Қазақстандағы көп қазақ Түркия қазақтарының қоныс аудару тарихынан бейхабар. «Сендер уақытында Қазақстанды тастап, қашып кеттіңдер» деп қатты айтқандары да бар. Біз қашып кеткен жоқпыз. Аталарымыз тұрақтаған жер қазақтың жері ғой. Орынбор, Омбыда тұратындарға «Сен қашып кеттің?» деп айта аласың ба? Өз жерлері ғой!
– Магистратураға Түркияға түсесіз бе? Әлде Қазақстанға қайта келіп оқисыз ба?
– Әлгі профессорым «Қазақстанға барасың» деп отыр. Тағы келетініме тіпті қуанып отырмын. Ол кісі Атырауға барып оқуды ұсынды. Қазақстанның қай бұрышына жіберсе де, барамын. Мақтанбаймын, Түркияға келген көп қазақты төбеме көтеріп, қуана қарсы аламын. Ес білгелі бері Түркияда қазақ болғанымды мақтан етемін. Түрік достарымды да айрықша қарсы аламын, Қазақстаннан келгендерді де дәл солай күтіп аламын. Өзімді Нидедегі бір елшілік санаймын. Ниде демекші, қазір Еуропаны жайлап жүрген қазақтардың көбі осы ауылдан шыққан. 1963 жылы осында Германияға баратын жұмыскер тобын іздеп, кооператив құрылған-тын. Сол уақытта біздің ауылдан біраз қазақ сонда жұмысқа кетті. Бүгінде Германия, Швеция, Голландия, Францияда тұрып жатқандардың көбі – біздің ауылдың тумалары.
Нидеге оқуға Қазақстаннан мұғалімдер мен студенттер көп барады. Былтыр 120 бала келсе, биыл 90 бала оқуға барды. Олардың онда барғандарының пайдасы орасан. Көпшілік Түркияда кішкене бір Қазақстан бар екенін сезеді. Түркиядағы көпшілік жылқы етін жемейді ғой. Мен елден келгендерге «Қазы-қарта, етті сағынсаң, Қазақ ауылына кел. Бізден жеп тұрасың» деп шақырып аламын. Арқалық деген жерден келген бір мұғалім қонағым болған-тын. Ол енді мені Арқалыққа шақырып, «Осы жерде оқыңыз» деп ұсыныс айтып отыр. Алла бұйыртып, денім сау болса, келесі жылы атамекенге қайта келіп, тағы оқысам ба деп отырмын!
– Әңгімеңізге рахмет! Расында көпке үлгісіз! Іске сәт!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ