Айтпай келетін ауру

Айтпай келетін ауру
сурет: istockphoto.com

Ол үнсіз келеді. Жан-дүниеңді жалмап, ағзаңды шаршатып, болмысыңды шайқалтады. Қатерлі ісік – заманымыздың ең күрделі биологиялық жұмбағы ғана емес, адамзаттың моральдық төзіміне сынақ десек те болады. Қазақстанда қатерлі ісік диагнозы әрбір 13 минут сайын қойылады екен. Бұл дерек жай сандар емес – бұл үзілген үміттер мен қиын тағдырлар хронологиясы.

Жыл сайын 41 мың адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады

ДСҰ дерегіне сүйенсек, 2022 жылы әлем­де 20 млн адамға қатерлі ісік диаг­но­зы қойылған. Ғалымдар 2050 жылға қарай бұл көр­сеткіш 77 пайызға өсіп, 35 млн-ға жете­ді деп болжап отыр. Себебі әлем халқының саны артып, қартайып келеді, ал онко­ло­гиялық аурулар бүкіл адамзат үшін созыл­ма­лы дертке айналды. Қазақстан да бұл «көш­тен» қалмай отыр. ДСМ дерегіне жү­гін­сек, 2024 жылы 41 318 адамнан қатерлі ісік анықталып, тізімде тұрғандар саны 230 мыңнан асып кеткен. Ал 2023 жылы 41 519 жағ­дай тіркелген, ол кезде тізімде 218 186 адам болған. Сүт безі обырына 5 652 адам шал­дыққан. Ең жиі кездесетін түрі де осы. Екін­ші орында колоректалды обыр, оған 4 029 адам ұшыраған. Үшінші орында өкпе обы­ры – 3 833 науқас. Келесі кезекте асқа­зан обыры (2 907) мен жатыр мойны обы­ры (1 921). Ал қатерлі ісіктен жыл сайын 12 000-нан аса адам қайтыс болады. Өлім-жітім бойынша:
1‑орында – өкпе обыры (16,3 пайыз),
2‑орында – асқазан обыры (12,0  пайыз),
3‑орында – тоқ ішек обыры (10,6  пайыз),
4‑орында – сүт безі обыры (8,1  пайыз). 

Жылына 57 мыңнан астам ота жасалады

Аурудың беталысы жаман болғанымен, оны жеңуде дәрігерлер де аянып  жатқан жоқ. 

– Жыл сайын 20 өңірлік және 2 Ұлт­тық онкологиялық орталықта 57 мыңнан астам хирургиялық операция жасалады. Оның 20 пайызы – III-IV санаттағы күрделі опе­рациялар. Алдағы жылдары барлық өңір­де аз инвазивті және интервенциялық опе­рациялар көбейетін болады, – дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бри­фингте. 
Маманның айтуынша, бүгінде Қазақ онкология институтында қатерлі ісік­терді хирургиялық емдеудің жаңа әдіс­терін енгізіп жатыр. Олар:  онкоурология, он­ко­гинекология және абдоминальді он­кологиядағы роботты хирургия; қатерлі ісік диагнозы кезінде қаңқа сүйектерін 3D про­тездеу және 3D импланттарды қазақ­стан­­дық титаннан әзірлеу жұ­мыстары.

– Қазір ел азаматтарына иммуно­био­ло­­­гиялық препараттардың 45 түрі қол­же­тім­ді. Бөлінген 103 млрд теңге қаржының 83 пайызы таргетті препараттармен қам­туға жұмсалады. Дәрілік терапияның қол­жетімділігін арттыру және қаржы ре­сурс­тарын ұтымды пайдалану үшін министрлік әр­түрлі тәсілдер әзірлеп жатыр. Мысалы, он­кологиялық ауруларды халықаралық стан­дарттарға сәйкес диагностикалау мен емдеу хаттамалары жаңартылды. Бүгінде қа­терлі ісік ауруларымен ауыратын 236 мың­нан астам пациент динамикалық ба­қылауда тұр. Жыл сайын онкологиялық нау­қастардың саны 5-6 пайызға өсіп отыр. Қатерлі ісік ауруының өсуі – бұл әлемдік тенденция. Оның бір себебі – ха­лықтың қартаюы. Сонымен қатар қазіргі өрке-ниеттің көптеген факторының әсері. Яғни, қимыл-қозғалыстың азаюы, дене қоз­ғалысының аздығы, дұрыс та­мақтанбау, генетикалық және сома­ти­ка­лық мута-цияларды жүзеге асыру, – деді Ербол Бекмұхамбетов. 

Төрағаның айтуынша, онкологиялық ау­рулардың саны өскенімен өлім-жітім тұрақты түр­де төмендеген. Мәселен, соңғы 10 жыл­да қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 33 пайыз­ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шақ­қанда 63 жағдай тіркелген. 

– Әйелдер ерлерге қарағанда қатерлі ісік­ке жиі шалдығады. Әйелдердің қатерлі ісі­гінің кең тараған түрлері – сүт безі қа­тер­лі ісігі, жатыр мойны қатерлі ісігі. Алай­да, қайтыс болғандардың 53 пайызы – өкпе мен асқазан қатерлі ісігіне шалдығатын ер адам­дар. Бұл аурулардың өлім-жітім дең­гейі жоғары. Егер Қазақстандағы онко­ло­гия­лық аурулардың таралуын басқа ел­дермен, мысалы, Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымы елдерімен салыс­ты­ратын болсақ, онда біздің елімізде он­ко­логиялық аурулармен сырқаттану мен өлім-жітім әлдеқайда төмен. Сонымен қа­тар, ісіктерді кеш анықтау мәселесі сақта­лып отыр. Бұл ауруды алдын ала анықтау ша­раларын күшейту қажеттілігін көрсетеді, – деді Ербол Бекмұхамбетов. 

Айта кетейік, Қазақстан азаматтары он­кологиялық скринингтік зерттеулерден те­гін өтеді.  Мұндай тексеріс пациенттің тір­келген жері бойынша медициналық-са­нитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жүргізіледі.

Әрбір бесінші әйел жатыр мойны қатерлі ісігінен көз жұмады

Қазақ онкология және радиология ғы­лыми-зерттеу институтының басқарма тө­рағасы Ербол Бекмұхамбетовтің сөзін Ұлт­­тық қоғамдық денсаулық сақтау орта­лығының басқарма төрағасы Айжан Есма­ғамбетова да қоштайды. 

– Жатыр мойны қатерлі ісігінің деңгейі әлем­де де, елімізде де өте жоғары. Бұл дерт елі­мізде әйелдер арасында кездесетін қа­терлі ісіктер арасында екінші орында тұр. Әлемде жыл сайын 600 мың адам осы ауру­ға шалдығады. Қазақстанда орта есеппен жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққан 2 мың науқас анықталады, оның 600-і қай­тыс болады, яғни әр бесінші әйел жатыр мойны қатерлі ісігінен көз жұмады, – деді Айжан Есмағамбетова.

Еске сала кетсек, былтыр қыркүйек­тен бастап елімізде жатыр мойны обы­рының негізгі қоздырғышы — адам па­пиллома вирусына (АПВ) қарсы қыз­дар­ды жалпы вакциналау басталған бо­ла­тын.  
Алматы онкологиялық орталығы Он­ко­гинекология бөлімінің меңгерушісі Райхан Болатбекова қыз-келіншектердің өз денсаулықтарына немқұрайлы қарай­тынына, уақытылы дәрігерге қаралмай­ты­нына  алаңдаулы. Дәрігердің айтуынша, Ал­ма­тыда жатыр мойны обыры әйелдер ара­сындағы онкологиялық аурулар ішінде сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. 2024 жылы бұл диагноз 206 әйелге қойыл­ған. Олардың негізгі жас тобы – 35-тен 50 жасқа дейінгі әйелдер. 

– Жатыр мойны обырының «жасарып» бара жатқаны алаңдатады. Мысалы, Алма­тыда 20-24 жас аралығындағы қыз-келін­шек­терде жатыр мойны обыры тіркеліп жа­тыр. Ерте сатыда бұл ауру айқын белгі­лер­сіз өтуі мүмкін, сондықтан тұрақты про­филактикалық тексерулер мен ск­ринингтен өту арқылы жатыр мойны обы­рын бастапқы кезеңінде анықтап, сәтті ем­деуге болады, – дейді онкогинеколог. 

Маман қыз-келіншектерге болмашы бел­гілердің өзіне назар аударып, гинеколог­қа тұрақты түрде баруға кеңес береді. Өйт­кені аты жаман ауру қаншалықты ерте анық­­талса, жазылу мүмкіндігі де сон­ша­лық­ты жақсы нәтиже береді. 

Үкіметтен не көмек? 

Алдыңғы жылы Қазақстан Республи­ка­сында онкологиялық ауруларға қарсы кү­рес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Бұл құ­жат біздің елімізде онкологиялық кө­мек­т­і дамыту үшін өте маңызды қадам болды. 
2023-2027 жылдарға арналған он­ко­ло­гия­лық аурулармен күрес жөніндегі ке­шен­ді жоспар бағдарламасы ерте диаг­ности­ка­ның ықтималдылығын арт­тыру,  ма­ман­дандырылған емді дамыту, паллиативтік көмек пен оңалту сапасын жақсарту және кадрлар дайындау мен ғылымды қолдауға бағытталған. 
Жоспардың іс-шараларын іске асыру елі­міздегі тұрғындардың ауруының да­муының бастапқы кезеңдерінде өкпе ауру­ла­рын диагностикалау, жатыр мойны па­тологиясының қауіп факторы ретінде адам папиллома вирусы инфекциясын анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томог­рафияны кеңінен қолдану арқылы алдын-ала қатерлі ісікті ерте анықтауға болады,  заманауи технологияларына қолже­тім­ділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ком­пью­терлік, магниттік-резонанстық, позит­рондық-эмиссиялық томографияны, ра­диои­зотоптық зерттеулерді пайдалана оты­рып, заманауи сәулелік диагностика ап­параттарында зерттеп-қарау мүмкіндігі едәуір артады, телемедицина, жасанды ин­тел­лект мүмкіндіктерін белсенді енгізу көз­делген.
Қазақстанның әрбір өңіріндегі па­циент­­тер әлемдік стандарттарға сай за­ма­науи сәулелік ем алады. Әрбір өңірлік он­ко­логиялық орталықта дәрілік ем алған кез­­де пациенттер үшін қолайлы жағдайлар жа­­салған. Ауылдық жерлерде тұратын па­циенттер жылжымалы медициналық ке­шен­дердің мобильді қызметтерін пай­да­лану мүмкіндігіне ие болады, паллиа­тив­тік көмек пен оңалту сапасы артады.
Сондай-ақ жоспарда медицина кадр­ла­рын даярлауға үлкен мән берілген. Елі­міз­дің онкологтары әлемнің жетекші он­ко­ло­гиялық орталықтарына қайта даяр­лауға және біліктілігін арттыруға жібері­леді.
Жалпы, онкологиялық аурулармен кү­рес жөніндегі кешенді жоспарға 5 Ин­ди­ка­тор енгізілген:
1. Онкологиялық аурулардың ерте (0-I) анық­тау үлесін 35 пайызға дейін ұлғайту;
2. Онкология ауруларының анық жағ­дай­­ларының (III-IV сатысы) белгісін жүзбе-жүз көру арқылы 10 пайызға дейін төмен­дету;
3. Онкологиялық аурулары бар па­циент­­терді сәулемен емдеуді 53 пайызға дейін өсіру;
4. Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді 100 мың тұрғынға шаққанда 64,5-ке дейін төмендету;
5. Қатерлі ісікпен ауыратын науқас­тар­дың өмірін 5 жылға дейін ұзарту деңгейін 60 пайызға дейін өсіру. 
Мемлекеттік бағдарлама аясында 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер төрт жылда бір рет тегін скринингтен өте ала­ды. Бұл – цитологиялық жағынды алу ар­қылы жүргізілетін, ерте диагноз қоюдың қарапайым әрі қолжетімді әдісі.
Бағдарламаны жүзеге асыруға респуб­ли­калық бюджеттен 460,7 млрд теңге бө­лін­ген. 

Ауруды ерте анықтау қаншалықты мүмкін? 

Қатерлі ісік диагнозын қою үшін бір­неше әдіс қолданылады. 

– Обыр ауруының көп жағдайда еш­қан­­дай симптомдары болмайды, оның қауіп­­тілігі де осында. Әдетте ауру симп­том­дары ІІІ немесе ІV сатыда ғана біліне бас­тай­ды. Сондықтан қатерлі ісік диагнозын қою үшін бірнеше әдіс қолданылады, – дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының страте­гия­лық және инвестициялық даму бөлімінің меңгерушісі Алма Жылқайдарова.

Оның ай­туынша, қатерлі ісікті тек онкологтар ғана анықтамайды. Мәселен, оны рент­генолог, маммограф, эндоскопист, ци­то­лог, гистолог сияқты дәрігерлер де анық­тай алады. 

– Аталған мамандар нақты көз жеткізу үшін онколог маманға жібереді. Дәрігер қа­­терлі ісік диагнозын қою үшін бірнеше әдіс­­ті қолданады. Атап айтар болсам, зәр мен қан анализі дәрігерге қатерлі ісік ауру­лары тудыруы мүмкін ауытқуларды анық­тауға көмектеседі. Мысалы, лейкемиямен ауы­­ратын адамдардың жалпы қан анализі ар­­қылы лейкоциттердің ерекше санын немесе түрін анықтауы мүмкін, – дейді маман.

Алма Жылқайдарованың айтуынша, қа­терлі ісік ауруын анықтауға  компью­тер­лік томография, сүйекті сканерлеу, маг­нит­тік-резонанстық томография (МРТ), позит­рон­ды-эмиссиялық томография (ПЭТ), ульт­радыбыстық және рентгендік зерт­теулер және басқалары кіреді. 
Президент Іс басқармасына қарасты Медициналық орталық ауруханасының бас он­кологы Назар Сейдалин адамзат әлі күн­ге дейін обырдың нақты қандай себептен пай­да болатынын білмейді, тек әсер етуші фак­торлар ғана белгілі дейді. 

– Қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ете­тін факторларды екіге бөлуге болады. Бірін­шісі, басқарылмайтын факторлар: гене­тика, экология. Бұл факторларды біз өзгер­те алмаймыз. Екіншісі, басқарылатын факторлар, яғни, өмір салтымен байла­нысты әдеттер. Мысалы, темекі шегу, ішім­дік ішу, семіздік, физикалық белсенділіктің төмендігі. Адамның психо-эмоциялық жағдайы да үлкен рөл атқарады. Өйткені психологиялық тұрақсыздық, стресс, маза­сыздық сияқты факторлар адамның өмір салтына тікелей әсер етеді, – дейді онколог.

Оның айтуынша, онкологиялық ауру­лардың нақты себебі толық зерттелме­гені­мен, негізгі механизмі белгілі: ағзадағы жасу­шалар мутацияға ұшырап, бақылаусыз көбейе бастайды. Иммундық жүйе үнемі бақылап, қатерлі жасушаларды жоюға ты­рысады. Алайда адамның өмір салты дұрыс болмаса, иммунитет әлсірейді жә­не қатерлі ісік жасушалары көбейе бере­ді. 

Ауру қайдан?

– Қатерлі ісіктің симптомдарының пай­да болуының өзі  оның асқынып, басқа сатыға көшкенінің белгісі. Себебі қатерлі ісік алғашқы кезеңде ешқандай белгі бер­мейді. Сондықтан өмірді сақтап қалудың басты шарты – аурудың алдын алу. Яғни, ерте диагностикадан өту. Елімізде бұл үшін жағдай жасалған, дегенмен әрбір азамат өз денсаулығы өзінің жауапкершілігінде екенін ұмыт­пауы керек, – дейді Ұлттық ғылыми онко­логия орталығына қарасты консуль­та­тивті диагностикалық орталық меңгеру­шісі Индира Құсайынова.

Қатерлі ісіктің алдын алудың ең тиімді жолы – азаматтардың уақытылы тек­серу­ден өтуі. Уақытында тексерілмегендіктен де «жаман» ауру жазған иесін «иемденіп» ала­ды. Науқастардың ауруы жанына бат­қан­да ғана дәрігерге жүгіретіні де статис­тикалық деректерді өршітіп отыр. Мәселен, 40 жастан асқан адамға жылына кемінде бір рет медициналық тексеруден өту ұсынылады. Әйелдер үшін жатыр мойны обы­рына (25 жастан бастап), сүт безі обы­рына (40 жастан бастап) скринингтер жаса­лады. Ер адамдарда қуық асты безі обырына тексерілуге мүмкіндік бар. Со­нымен қатар 50 жастан асқан азаматтарға тоқ ішек обырына скрининг жасалады. Аурудың алдын алу оның еміне де толыққанды әсер ететінін төмендегі мына деректерден де байқауға болады. 2024 жылы 2,8 млн қазақстандық қатерлі ісіктің алдын алуға арналған скринингтен өткен. Жатыр мойны обырының скринингінен 795 387 әйел өтіп, 60 200 әйелден жатыр мойнының әртүрлі патологиясы анықтал­ған. Сүт безі обырының скринингі бойын­ша 940 502 әйел тексерілген, 184 709-нан сүт безінің әртүрлі патологиясы табылған. Колоректалды обырдың бар-жоғын 1 миллионнан астам ер мен әйел тексерткен. Тоқ ішектің әртүрлі патологиясы 9 828 адамнан табылыпты. Скринингтен уақыты­лы өтіп тұратын азаматтар өз денсаулығына жауапты қарайтындар. Ал асқынған ауру насырға шабатыны бесенеден белгілі.  
Еліміз рак ауруын емдеуде кешенді шараларды жолға қойғанымен, ауруы­на шипаны шетелден іздейтіндер де бар. Олардың саны жүздеп саналады. Мы­салы, 2024  жылы 138 қазақстандық шетел медицинасына жүгінсе, 2023 жылы 186 пациент шетел асқан екен.
Астана медицина университеті онко­логия кафедрасының меңгерушісі, профес­сор, медицина ғылымдарының докторы, жо­ғары санатты хирург маман Абай Мақы­шев: 

– Әлем елдері қатерлі ісікке қарсы кү­ре­сіп, түрлі қадамға барып, мемлекеттік дең­гейде бағдарламалар қабылдап, іске асыр­ғанымен өлім-жітім көрсеткіші азай­май тұр. Аурудың пайда болып, дамуына бір­неше фактор әсер етеді. Біріншіден, па­­циенттер көбіне-көп қатерлі ісік метас­таз бергенде, яғни басқа ағзаларға тараған­да, аурудың соңғы сатысында медициналық көмекке жүгініп жатады. Бұл кезеңде ем­ша­ралар күрделі, қиын болады. Екіншіден, қатерлі ісік көбіне шылым шегу, дұрыс та­мақтанбау, физикалық белсенділіктің аз­дығы, радиация, қоршаған ортаның лас­тануы және генетикалық бейімділік сияқты мінез-құлықтан немесе экологиялық қауіп факторлары бар өлкелерде тұратын адам­дар­да дамиды. Үшінші, қатерлі ісік, оның себеп-салдары, белгілері және алдын алу әдістері туралы білім беру, халықты ақпа­рат­тандыру онкологиялық ауруларды ерте анық­тауға және емдеуге көмектесетін ше­шу­ші фактор саналады. Жалпы алғанда, он­кологиялық аурулардан болатын өлім-жі­тім­ді азайту үшін сапалы қызмет көрсету, ал­дын алу шараларын жақсартып, білім беру­ді жетілдіріп, салада сапаны жоға­ры­лату­ арқылы азайтуға болады,– дейді док­тор.

Ауру неге «жасарды»?

Еліміздегі онколог мамандар қатерлі ісіктің жыл сайын жасарып бара жат­қанын айтып дабыл қағуда. Сүйектің қатерлі ісігіне көбіне балалар шалдығады екен. 
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жоғары санатты дә­рігер онкологы, онкоортопед Бахрам Жұма­дуллаевтың айтуынша, сүйектің си­рек кездесетін қатерлі ісігі – остеосар­кома. Бұл көбіне 10 жастан асқан балаларда жиі кездеседі дейді. 

– Ғылыми орталықта балалардағы ос­тео­саркомалар кезінде ірі буындарды эн­доп­ротездеу бойынша бірегей күрделі опе­рациялар 2012 жылдан бері жасалады. 13 жылда 100-ден астам жасөпірімге мега-эндопротездеу операциясы жүргізілді. Бұл ота­лар балалардың аяқ-қолын еркін қи­мыл­дауына, ойдағыдай өмір сүруге ғана кө­мектеспейді. Бұдан бөлек, сүйек ісігі ке­­зін­де жоғары мөлшерлі химиотерапияны енгізу арқасында басқа органдардың ме­тастаздануы төмендеп, өміршеңдігі артады. Ем­деудің осы түрі остеосаркомаға ша­л­дық­қан балалардың 90 пайызына қолданылады, – дейді №2 хирургия бөлімінің меңгерушісі Бахрам Жұмадуллаев.

Дәрігер елімізде жылына орта есеппен 20-25 баладан остеосаркома қатерлі ісігі анық­талатынын алға тартады. Барлық ос­теосаркоманың 50 пайызы тізе буынына, 30 пайызы иық-буынына жақын орнал­а­са­ды екен.

– Аяқ-қолы еркін қимылдағаннан кейін пациенттің жалпы сауығып кету жағ­дай­лары  71 пайызды құрайды. Бұл нәтиже остео­сар­ко­ма­­ны зерттеу жөніндегі халы-қаралық му­ль­тиорталықтар нәтижесінің деректерімен сай келеді. Онкология сала-сындағы ең күр­делі операция медициналық көмектің ке­піл­дендірілген көлемі негізінде тегін жа­салады. Бірегей операциялардың нәти­же­сінде балалардың өмір сүру сапасы жақ­сара­ды. Бүгінгі күні олар өздерінің құрбы-құр­дастарымен қатар деңгейде мек­тепке ба­рып, универ­си­тетте оқып, түрлі салада еңбек етеді. Тіпті, тұр­мыс құрып 2-3 баланың ата-анасы атанып жат­қан­дар да бар, – деді ол.

2011 жылдан 2020 жыл­­ға дейін бала­лар­да қа­­тер­лі ісік саны екі есеге – 356-дан 710-ға дейін өс­кен. Ба­ла­лардың ракпен ау­­руының өсуі – тек бір се­беп емес, ол күрделі гене­тика­лық, эколо­гия­лық, ин­фек-циялық және диагнос­ти­калық фак­торлардың кон-вер­генциясы. Бұл мәселе-нің түпкілікті шешімі – инфек­цияларды жою, хи-миялық заттарды бақы­лау, бала ден­сау­лығын қорғауға бағыттал­ған экологиялық саясат, салауатты өмір сал­ты және меди­ци­на сапасын жақсарту. Балалардағы рак себебін нақты анық­тау қиын – олар көбіне тұқым қуалау­шылық синдром­дар­мен (BRCA, TP53 сияқ­ты), Ходжкин лим­фо­масы сияқты жағ­дайлармен байла­ныс­ты. Сонымен қатар балалардағы онко­ло­гия­лық аурулардың 75-90  пайызы себепсіз, яғни көп­факторлы.

Отандық ғалымдар ізденісі

Қазақстандық-америкалық биолог жә­не биотехнолог ғалым, бүгінде ҚР Ұлттық ғы­лым академиясының Вице-президенті Дос Сарбасов мутацияланған қатерлі ісік жасушаларын өздігінен жоюға мүмкіндік беретін дәрі әзірлеген болатын. 
Жыл басында  Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында аталған препараттың жыл соңына дейін тіркеуден өтетінін мәлімдеді. Бүгінде кли­никалық сынақтың екінші фазасы жүріп жатыр. Оны аяқтау және препаратты тіркеу осы жылдың соңына жоспарланған.

Профессор Дос Сарбасов қатерлі ісікке қар­сы препаратты әзірлеу барысы туралы: «Қа­терлі ісік жасушалары глюкозамен қо­рек­тенеді. Ал біздің ойлап тапқан әдіс ерек­ше. Оларды тамақтандырамыз деп ал­дап, ауру жасушаларды аштан өлтіру. Мә­селен, С дәрумені мен мышьякты қатар қол­данып, олардың көзін жоюға болады. Бұл – әлем бойынша әлі қолданылмаған әдіс. Біз жасаған дәрі-дәрмекті бірінші рет қа­был­дағаннан кейін он бес онкологиялық науқастың жағдайы тұрақтанды, олардың алтауында ісіктің өсуі тоқтады, ал біреуінде ол тіпті 30 пайызға азайды. Қазір дәрігерлер пре­паратта уыттылықтың жоғы растал­ған­нан кейін оның дозасын арттырды, –деді.

Ғалымның ойлап тапқан дәрісі күшәла не­гізіндегі америкалық препаратпен бірге аз мөлшерде ұйқы безінің қатерлі ісігінің 95 пайызында, тоқ ішектің қатерлі ісігінің 30 пайызында және өкпенің қатерлі ісігінің 20 пайызында кездесетін KRAS-мутант жасушаларына қарсы тиімді екенін көр­сеткен. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары