Жастықтың оты жалындап

Жастықтың оты жалындап
сурет: istockphoto.com

Қазіргі кең көлемді жаһандану мен ақ­параттық коммуникациялық техноло­гиялардың даму жағдайында, сол сияқты әлемдегі әлеуметтік-экономикалық өз­герістер ықпалымен бағыт-бағдарды ай­тарлықтай қайта ойлау, қайта бағалау жү­ріп жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда жеке тұл­ға мен азамат деңгейінде индивидтің өз-өзін анықтау үрдісі маңызды сипатқа ие болуда және бұл әсіресе жастар ор­та­сын­да маңызды. Қазақстандық жастардың құн­дылықтарын, қызығушылықтары мен сұраныстарын зерттеу мемлекеттік жастар саясатын сапалы түрде жүзеге асырудың маңызды құралы. Осы ретте «бүгінгі жас­тар қандай?» деген сұрақтың тууы заңды. Сонымен?

Бүгінгі жастар... қандай?

Өзі өмір сүрген заманын мақтап, кейінгі заманға кейіп, қазіргі жас­тар­ды сынап отыратындар бұрын да бол­ған, әлі де бар. Мәселен, Кеңес заманын көр­гендердің әңгімесін тыңдасақ, «біздің ке­зімізде жақсы еді, білімі терең еді, адам­дары ерек еді, заттары сапалы, үлкен­дері ба­талы еді», – дейді. Б.э.д. V ғасырдың өзін­де даңқты ойшыл Сократ «Бүгінгі жастар молшылыққа үйренген. Олар жаман өне­гемен көзге түседі, беделділерді жақ­тыр­май­ды. Балалар ата-аналарымен дауласады, ас­ты қомағайлана жұтады және мұға­лім­дер­ді титықтатады», – деп айтқан екен. Ф.Достоевскийдің 1866 жылы жарық көр­ген «Қылмыс пен жаза» атты әлеу­мет­тік-пси­хологиялық, әлеуметтік-филосо­фия­лық романындағы кейіпкер Аркадий Свид­ригайловтың: «Халық маскүнемдікке салынды, білімді жастар әрекетсіздігінен орындалмайтын түстер мен қиялдарға берілді, теориялар да ажарсызданды, қай­дан екені белгісіз ақшаны тығатын, ал қал­ғанын азғындыққа жұмсайтын жидтер қап­тап кетті», – дейді. Мұндай мысалдар өте көп. Мәселен, үлкен ақсақалдардың «За­манның түзу кезінде...» деп сөз бас­тай­тынын естіген боларсыз. Дегенмен тарих­тан ол заманның өте қиын да ауыр болға­нын оқимыз. «Бұрынғы шалдар айтқыш еді, батыр еді, ал қазіргі жастар...» деп сөйлейтін үлкендерді де жиі кездестіреміз. Мұның барлығы зоолог Конрад Лоренц аш­қан «үйрек синдромын» еске түсіреді. ХХ ғасырдың басында Конрад қаз бала­пандарына бірқатар тәжірибе жүргізіп, импринтинг деп аталатын құбылысты тапты. Лоренц егер балапан өмір есігін ашқаннан кейінгі алғашқы 12-17 сағатта қаз­дың орнына кез келген қозғалатын затты көрсе, оны анасы деп қателесетінін байқады. Тіпті, балапандар жансыз ро-ботты, допты немесе резеңке үйректі көрсе де «анам» деп тануы ғажап емес. Ал нағыз үйрек анасы қанша шақырғанымен бала­пан жауап бермейді, өйткені оның миын­да анасы доп немесе резеңке үйрек. Басқа ға­лымдар да импринтингтің әсерін рас­тады. Мұның жастарды сынауға қандай қа­тысы бар дерсіз. Иә, үлкендер жастарға әркез сын айтқан, мін таққан. Бұл ескілікті аңсау ма, әлде сол ескі ғұмырдағы жағымды ес­теліктерге деген сағыныш қана ма? Мы­салы, Совет дәуірін көрген адамдардың кө­бі «ең дәмді балмұздақ «ақ пломбир» еке­ніне сенімді, ал оның алғашқы «Ладасы» – ең жақсы көлік. Бір зерттеуде адамдарға бір картинаны 1905 жылы, екіншісін 2005 жылы салғанын айтып, екеуін бағалауға ұсы­ныпты. Қатысушылардың барлығы дер­лік «ең жақсы картина» деп ескі жұ­мыс­ты таңдаған екен. Демек, белгілі бір қалып­ты тіршілікке еті үйренген адам сол тап­тау­рын тірлігімен ғұмыр кеше беруге бейіл. Ал үлкендердің жастарға сенімсіздігін жаңа заманның құндылықтарын қабылдай ал­мауы, өз заманындағы алғашқы әсер­лерді аңсауы деп те қорытынды шығаруға болатындай. 
Ал енді «бүгінгі жастар қандай?» деген сауал­ға ойыссақ. Иә, әр буын өз заманында «бү­гінгі жастар» туралы түрлі пікір айтқан. Де­генмен ХХІ ғасыр жастары – бұрын­ғы­дан өзгеше. Бүгінгі жастар – цифрлы дәуір­дің ұрпағы. Олар еркін ойлайды, батыл ше­шім қабылдайды, әлемдік трендтерді тез мең­гереді. Заманауи технологияға бейім, жаңашыл бағыттарға құмар. Интернет пен әлеу­меттік желі арқылы кез келген ақпа­рат­ты шұғыл қабылдап, өз ойын ашық жет­­­­кізе алады. Алайда бұл артықшы­лық­тар­м­ен бірге белгілі бір қауіптер де қатар жү­реді. Мәселен, цифрлық тәуелділік, жал­ған ақпараттың ықпалы, желі арқылы манипуляцияға ұрыну, жалғыздық сезімі, психологиялық тұрақсыздық мәселелері жас­тар арасында жиі кездесіп отыр. Со­ны­мен бірге жұмыссыздық, баспана, білім мен мансапқа қатысты өзекті проблемалар да алаңдатады. 
Осы ретте бүгінгі жастар жалпы кар­тинасын көз алдымызға кел­тіру үшін Қазақстандағы жастардың жағ­дайын жүйелі түрде зерттейтін негізгі мекемелердің бірі – «Жастар» ғылыми-зерт­теу орталығының деректеріне назар ау­дарып көруге болады. Орталық жастар­дың демографиясы, денсаулығы, білім деңгейі, құндылықтары және қоғамдық-саяси қатысуы сияқты салаларда іргелі жә­не қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Олар­дың «Қазақстан жастары» ұлттық баян­дамасы жастардың өмір сүру жағдай­ларын кешенді түрде талдайды. Жуырда орталық 2024 жылғы зерттеу қорытын­дысын жариялады. Зерттеуде сауалнама арқылы жаппай сауал, респондентпен жеке сұхбат және сарапшымен сұхбат әдісі сияқты ақпарат жинау мен талдаудың сандық және сапалық әдістері негізінде 14 пен 35 жас арасындағы 2000-дай жастан жап­пай сауалнама алу әдісі қолданылған, яғни «face-to-face». 

Жастарды не алаңдатады?

Жалпы, жастарды не алаңдатады де­ген­ге зерттеу мынандай статистика ұсы­нып отыр. Қазір жастарды алаңдатып отыр­ған 3 маңызды жағдай келесілер: өзі­нің материалдық жағдайына алаң­дау­шылық (28,1%), өз өмірі мен жақындары өмірі үшін алаңдаушылық (27,3%), жұмыс­қа орналасу мәселесі (18,7%). Сол сияқты қа­тысушылардың 16,6%-ын елдегі сыбай­лас жемқорлықтың жоғары деңгейі маза­ла­са, 15,9%-ы ішкі және сыртқы саяси ахуал­дың тұрақсыздығына алаңдайды. 14,1%-дан 14,7%-ға дейінгі жастарды бәрінен бұрын жұ­мыссыз қалу, оқудағы проблемалар, тұр­ғын үйдің болмауы немесе нашар өмір сүру жағдайлары, өзінің өмірге бейімделе алмауы көбірек алаңдатады. Тұтастай ал­ғанда сауалға қатысқан жастар, өзіндік мә­селеден болашақ балаларына қатысты мә­селеге дейін өздерін алаңдататын түрлі се­бептерді көрсетті. Тек 11,2%-ы өз өмір­лерін­де оларды ештеңе алаңдатпайтынын жеткізген. Елді мекен типіне қарай кор­реляцияда ауылдық елді мекен рес­пон­денттерін қалалықтарға қарағанда жұ­мыс­қа орналасу (23,0%, қала – 16,0%), жұмыс ор­нынан айрылу (15,6%, қала – 13,1%), тұр­ғын үйдің болмауы немесе нашар өмір сүру жағдайлары (15,5%, қала – 13,5%), қа­рыз, несие төлеу мүмкіндігінің болмауы (12,5%, қала – 7,4%) көбірек мазалайды. Бұл жер­де қала респонденттері материалдық ре­сурстар, өз өмірі мен жақындары өміріне алаңдаушылыққа жиі мазасызданып отыр (тиісінше 29,5% бен 28,5% ). 
Жастардың әлеуметтік көңіл күйіне кел­сек, әлеуметтік-экономикалық жай­лы­лық – жастар өмірінің маңызды аспектісі, ол жасөспірім кезден-ақ жеке өмір сүру бей­несі, дағдысы мен жеке мінездемесі ар­қылы қалыптаса бастайды. Бүгінгі күн адам бәсекелестіктің жоғары күйінде ғұ­мыр кешеді, бұл ортада білім мен кәсіби дағ­дылар ғана емес, қарым-қатынастағы, бейімделудегі қабілеттіліктің жоғары дең­гейі, креативтілік, сыни ойлау және басқа да soft skills маңызды. Сауал нәтижелеріне сәйкес респонденттердің басым көпшілігі өз өмірлеріне риза, яғни, 73,4% «көңілім то­лады деуге болады» яки «толықтай көңі­лім толады» десе, ал ширек бөлігі өз өмі­рі­не риза емес: 24,2% «көңілім толмайды» не­месе «мүлдем көңілім толмайды» деген.
Аймақтық тұрғыдан алғанда өз өмір­леріне көңілі толмайтын рес­пон­дент­тер Маңғыстау (54,3%), Ақтөбе (42,0%), Алматы (39,9%), Жамбыл (34,9%) облыс­тары мен Астана (33,9%) қаласында тұра­ды. Өз өмірлеріне барынша көңілі толатын респонденттер – Ұлытау (100%), Абай (98,1%) және Қызылорда (91,8%) об­лыс­тарының жастары. Сауалнамаға қаты­су­шылардың 39,3%-ы өз болашақтарына алаң­дамайды, 33,5%-ы өз кезегінде өз бо­ла­шақтарына сенімді және оған опти­мизм­мен қарайды. 19,2% респонденттер өз болашағына алаңдаулы және оған үреймен, қауіппен қарайды. Сұралғандардың 6,9%-ы өз болашағына бейжай. Ал 1,3%-ы жауап беруге қиналған.

Жастар қандай құндылыққа иек артады?

Мемлекеттің жалпы бейнесін қа­лып­тастыру мен оның дамуын анық­тауда құндылықтар бағыт-бағдары маңызды орын алады. Әсіресе, жастар құн­дылықтарын ескеру маңызды, өйткені жас­тар қоғамның мейлінше белсенді де ди­намикалық бөлігін құрайды. Жастар құн­дылықтары әдетте ағымдағы әлеу­мет­тік-мәдени трендтерді, олардың әді­лет­тілікке, еркіндікке, теңдікке, экологиялық жауап­кершілік пен толеранттылыққа көз­қарасын білдіреді. Бұл аспектілер олар­дың таңдауы мен мінез-құлқын анықтап қа­на қоймайды, сонымен қатар елдегі әлеу­меттік және саяси ахуалға ықпал етеді. Жас­тар құндылықтарының бағыт-бағд­а­рын түсіну мемлекетке қоғам сұранысы мен ағымдағы талаптарға қатысты өз сая­сатын бейімдеу мен даму стратегиясын анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстандық жастар түрлі жастағы ұрпақтардан тұрады, олардың әрқайсысы өзіндік ықпал мен трансформацияны бастан кешірді. 1980 жылдар басы мен 1990 жылдар ортасында дү­ниеге келген Y-ұрпақ (миллениалдар) ай­тарлықтай өзгерістер кезеңінде өсті. Оның ішінде КСРО-ның ыдырауы, на­рық­тық экономикаға көшу мен Интернет сияқты жаңа технологиялар дамуы болды. 1990 жылдар ортасы мен 2000 жылдар ба­сында дүниеге келген Z-ұрпақ (пост­мил­лениалдар немесе Gen Z) өз кезегінде жаһан­дануды, интернет пен әлеуметтік желі­лердің тез дамуын бастан кешірді, бұл олар­дың әлеуметтік-мәдени және ақпа­рат­тық ортасын едәуір өзгертті. Тарихи және әлеуметтік-мәдени контекстегі бұл айыр­машылықтар Қазақстан жастары арасында түрлі құндылық бағыттардың, дүниетаным мен мінез-құлық модельдері қалыптасуына әкелді. Сонымен бірге географиялық ор­на­ласу жағдайын, тарихи оқиғаларды, ірі мемлекеттер ықпалы мен мемлекеттің көп векторлы саясатын ескерсек, жастардың құндылық бағыт-бағдары радикалды ауыт­қусыз және айтарлықтай бейтарап болып саналады. 
Зерттеу нәтижелерін өткен жылдар нәтижелерімен салыстыру айтарлықтай өзгерістер жоқтығын көрсетті. Қазақ­стан­дық жастар үшін отбасы (80,1%) мен ден­саулық (63,0%) бұрынғыдай маңызды. 2024 жылғы сауал нәтижелері бойынша достық құндылығы үшіншіден төртіншіге төмен­десе де, осы құндылықты таңдағандар үлесі 32,3% (2023 ж.) пайыздан 34,9%-ке дейін өскен екен. Өткен жылғы сауал нәти­желері бойынша жастар үшін мейлінше маңызды құндылық ретінде үшінші орынды өмірді материалдық қам­тамасыз ету алды, көрсеткіш – 42,4%, бұл 2023 жылғы сауалда осы нұсқаны таңдаған рес­­понденттер саны­нан едәуір көп (7,2% – 2023 жылы). Жалпы алғанда 2023 жылмен салыстырғанда шы­ғармашылықтан (3,5%, 1,6 пайызға аз) басқа пункттер бойынша рес­понденттер үлесі өсті. Өсу, әсіресе, ма­хаб­бат (21,6%, 11,7 пайызға көп), білім мен ағарту (25,2%, 19,5 пайызға көп), өз-өзін таныту мен өзін құрметтеу (21,6%, 16,8%-ға көп), көңіл кө­теру мен рақат алу мүм­кін­дігін алу (14,3%, 9,8 пайызға көп), қызық жұ­мыс және ма­мандық (22,1%, 19,2 пайыз­ға көп) болған.
Жас топтарына қарай алғанда ең жас топ респонденттерінің өзге топтармен са­­лыстырғанда спортшыларға 14-18 жас­тағылар 10,7%, 19-23 жастағылар – 6,2%, 24-28 жастағылар – 6,7%, 29-34 жастағылар – 5,8%, блогер, вайнер және тиктокерларға 14-18 жас тобы – 15,3%, 19-23 жас тобы – 8,6%, 24-28 жас тобы – 7,9%, 29-34 жас тобы – 8,1% көбірек сенім білдіретінін атап кеткен жөн. Сол сияқты дәрігерлерге де көбірек сенім білдіргендер – сауалға қатысушы 14-18 жас тобы (15,7%) мен 19-23 жас тобы (16,9%), ал 24-28 бен 29-34 жас топтарында дәрігерге сенім білдіргендер тиісінше тек 10,6% бен 11,9% болды. Жалпы алғанда, респонденттер есейген сайын кімге болса да сенушілер азая түседі, сауал­ға қатысушы 29-34 жас тобының 34,9%-ы ешкімге сенбейді екен.

Денсаулық, спорт, кітап

«Бірінші байлық – денсаулық» деген қазақ даналығымен алдымен жастардың денсаулыққа, спортқа көзқарасын анықтап көрелік. Зерттеуде жастар денсаулығына қатысты негізгі мәселелер қаралып, оның ішін­де физикалық және менталдық ден­сау­лықтың жалпы жағдайы, репродуктивті ден­саулық, Жастар денсаулық орталық­тары туралы хабардар болушылық пен спортқа қатынас зерттелген. 
Денсаулыққа қатысты мәселелерді бағалауда спортқа аз көңіл бөлетін рес­понденттердің 20,6%-ы маза­сыз­дана­ты­нын, олар жағдайды өзгертуді қалай­ты­нын айтса, 12,4%-ы болса мәселеге байланысты ешқандай әрекет жасауды ойлап отырған жоқ, ал 15,2%-ы бұл мәселенің өз өмірінде бар екенін түсінсе де, оларды бұл мәселе мүлдем мазаламайды екен. Зиянды дағ­дылар мен тәуелділікке келсек, респон­дент­тердің көпшілігі алкоголь, темекі, есірт­кі пайдалану және құмар ойындарға қа­тысуға байланысты өздерінде проблема жоқ екенін мәлімдеген (84,9% бен 94,6% жас­тарда мұндай проблема жоқ). 
Өздерінің физикалық және менталды ден­саулығын сақтау үшін жас рес­пон­дент­тер тұрақты түрде немесе белгілі уақыттан соң медициналық тексеруден өтіп тұрады (65,5%), аурудың алғашқы белгілері бай­қал­ғанда дәрігерге қаралады (67,1%) не­месе үй жағдайында өздері дербес емделе бас­тайды (60,4%). Сонымен қатар рес­пон­денттердің 59,5%-ы тұрақты түрде немесе бел­гілі уақытта өз тамақтануына мұқият болса, 63,7%-ы ұйқы мен сергектік режімін сақтауға тырысады, 75,5%-ы уақытты таза ауа­да өткізгісі келеді. Респонденттердің 72,7%-ы еш уақытта психотерапияда бол­ма­ғанын атап өтуге болады. Сауалға қа­тыс­қан­дардың 69,6%-ы еш уақытта халық ем­шілеріне қаралмаған.  
Әр аймақта спорт инфроқұрылымын да­мыту, салауатты өмір салты мен белсенді спорт­тық жаттығулармен айналысуды на­­­сихаттау, ілгері жылжыту өзекті мәселе болып қалуда. Кедергілерге келсек, сауал нә­тижелеріне сәйкес жас респонденттердің 36,2%-ы спортпен айналысуға мүмкіндік бер­мей тұрған басты кедергі еріншектік деп санайды. Ал ширек бөлігі уақыт же­тіс­пеушілігін айтты. Одан сәл аз бөлігі (24,9%) спортпен айналысуға жастарға қаржы же­тіс­пейтінін көрсетті, 24,4%-ы мотива­ция­ның жоқтығын атаған. 19,4%-ы үшін ке­дергі шаршау, ал 19,0%-ы үшін жуық жер­де жаттығу нысандарының жоқтығы. Сауал­ға қатысушылардың 10,7%-ы нашар инф­роқұрылым мен денсаулықтың нашар күйін атады. 10,2% респонденттер пікірін­ше жастар жаттықтырушылар мен секция­лар болмағандықтан спортпен айналыса алмай отыр. 16,4% респонденттер пікірін­ше жастардың спортпен айналысуына ке­дергі болатындай ерекше себептер жоқ. 
Цифрлық дәуірде жастардың кітап­тан алшақтап, әлеуметтік желі­лерге тәуелділігі артып бара жатқаны аян. Елімізде барынша танымал мессенджер WhatsApp (89,4%), екінші орында – Instagram (79,8%), үшінші орында – TikTok (63,9%). Интернетте респонденттер көбіне ақ­параттық контент (69,2%) пен көңіл көтеру контентін (60,6%) жиі қарайды. Сауал нәтижелері бойынша 32,4% рес­пон­денттер кітап оқымайды. Кітап оқитындар арасында мейлінше танымал классикалық (20,3%) және қазіргі романдар (19,1%). Оқи­­­­тындар арасында ерлерге қарағанда әйел­дер көп. Тұтыну мәдениетіне қатысты жас­тардың жария, ақылыдан гөрі тегін плат­формаларды пайдалануға басымдық бере­тіні байқалады. Бұл ретте жастардың отандық видеоөнімдерді айтарлықтай жиі қарайтынын айта кеткен жөн. Сонымен бірге кітап оқу ақпарат тұтынудың, әсіресе ерлер арасында кең танымал түрі емес­тігіне көңіл аударған жөн. 

Қазақстан – жас мемлекет, халқының орта жасы 2023 жылы 32 жасты құрады. 2023 жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы ағымдағы осы демографиялық үрдісті бәсекелестік басымдыққа айналдыру қажеттігін атап өткен болатын. 2023 жылы жастардың жас ерекшелігі 35 жасқа дейін деп белгіленген еді, нәтижесінде жастар саны елде 5,7 миллион адамнан асты. Бүгінде еліміздегі әрбір үшінші адам – жас азамат. Қазақстан халқының шамамен 25%-ын 14 пен 29 жас аралығындағы жастар құрайды. Бұл сандық көрсеткіш еліміздің болашағы жастардың қолында екенін айғақтайды. Мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан қолдаулар да аз емес. Қазақстанда жастар саясатының негізі қаланып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастардың білім алуына, кәсіп бастауына, мәдени дамуына жағдай жасалып келеді. Жастарды қолдаудың нақты тетіктеріне  «Жастар практикасы», «Бастау Бизнес», Zhas Project сияқты жобалар, білім гранттарының ұлғаюы, жатақханалар салу, NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар, Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарын қолдау секілді жобалар бар.
Алайда жастарға тек қолдау көрсету жеткіліксіз. Олардың пікіріне құлақ түру, бастамаларын қолдау, сыни ойлауын дамыту – басты міндет. Жастарға сенім артылған қоғам ғана жаңарып, жаңғыра алады. Бұған жоғарыда келтірген зерттеудегі мысалдар дәлел. Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын?» деген сөз де өзекті.  Жастар – қоғамның қозғаушысы ғана емес, болашақтың да кепілі. Олардың мүмкіндігін дер кезінде танып, қолдай білсек, мемлекетіміздің келешегі кемел, рухы биік болары сөзсіз. 

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары