Астана LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданның Түркиядан қашан әкелінетіні белгісіз

/
Астана LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданның Түркиядан қашан әкелінетіні белгісіз
gov.kz

Астана LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұсталғанына бір ай өтсе де, әлі күнге дейін Түркияда қалып отыр. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев оның экстрадициясына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мәжіліс кулуарында Шындалиевке Талғат Арданды неге ұзақ уақыт ұстамағаны туралы сұрақ қойылды. Оның айтуынша, ұсталу жылдамдығы іздестірумен айналысатын жедел қызметтерге байланысты.

«Біздің қазақстандық қызметтер шетелге барып, іздеу жүргізе алмайды. Шетелдік арнайы қызметтер Интерпол арқылы жұмыс істейді. Сондықтан Арданды Түркия полициясы ұстады», – деді бас прокурордың орынбасары.

Ол сондай-ақ шетелдік арнайы қызметтермен өзара іс-қимыл механизмін түсіндірді.

«Біз адамды іздеуге жариялаймыз, бұл ақпарат Интерполдың базасына түседі және әлем бойынша іздеу басталады. Адам табылған кезде, оны ұстау шаралары қабылданады. Өздеріңіз білетіндей, Талғат Ардан Түркияда ұсталды. Қазіргі таңда ол Түркияда қамауда отыр. Ол Астанаға әлі жеткізілген жоқ. Біз Түркия жағына барлық қажетті құжаттарды жібердік. Қазір олар материалдарды қарап, шешім қабылдайды. Арданның Қазақстанға қашан экстрадицияланатыны әзірге белгісіз. Себебі экстрадиция мәселесі Түркия заңнамасымен реттеледі, біз түрік тарапынан бұл процесті жеделдетуді талап ете алмаймыз. Бұл – олардың ішкі процесі, ол өз заңдарына сәйкес жүреді», – деп қосты Шындалиев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары