Отандық психолог Лимана Құттыбекқызы үйдегі зорлық-зомбылық құрбаны бола тұра күйеуінен ажыраса алмайтын әйелдердің психологиялық жай-күйі туралы айтты. Маманның сөзінше, тұрмыста зорлық көрген әйелдер террорлық қастандық көргендерден кем зардап шекпейді, деп жазады Turkystan.kz KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Психолог өзіне жүгінетін жасөспірімдер мен әйелдердің мысалында толық отбасында өскен балалардың барлығы бақытты бола бермейтінін еске салды. Ол мұны болдырмау үшін әр адам психологиялық сау әрі сауатты болуы керектігін ескертті. Өкінішке қарай, көптеген әйел отбасында зорлық-зомбылық көре жүріп, балаларының жанына ауыр жара салады, дейді ол.
"Әйелдер үшін ана болу – қуаныш пен жауапкершілікке толы кезең. Ана болу бақыты,баланың қуанышы, отбасы берекесі-әйелдер үшін ең бағалы бақыт. Алайда, көптеген әйелдер осындай бақыттың орнына әртүрлі себептердің салдарынан отбасы зорлық зомбылықты басынан кешіріп, үрей мен жан күйзелісіне ұшырап жататыны жасырын емес. Қоғамымызда "Қыздың қырық жаны бар", "шыдау керек", "баланың бақыты үшін ажыраспа" деген ақыл-кеңес айтатында аз емес. Бірақ бұл жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі мүмкін, ананың өз өміріне, баланың болашағына орны толмас зардап тигізуі мүмкін. Көнбістік пен тәуелділік таныта бермей, тығырықтан шығар жол іздеу, күйзеліс шеңберінен шығудың жолын іздеу - әлсіздіктің емес, ақылдылықтың белгісі", - дейді ол.
Психолог өз зерттеулерінен де мысалдар келтіре отырып, отбасын сақтап қаламын деген желеумен зорлық көрсеткен күйеуінен ажыраспайтындар өте көп екенін атап өтті.
"Біздің қоғамда әке-шешесі бар толық отбасылардың балалары психологиялық сау болады деген жалпылама түсінік бар. Менің зерттеуім толық отбасында өскен қыз балалардың айтарлықтай бөлігі отбасынан қажетті мейірім мен жылылықты көрмей өскендер екенін көрсетті. Елімізде рухани деңгейі төмен, балалардың жан дүниесі мен рухани сұранысына немқұрайлы қарайтын, бала тәрбиесіне жайсыз толық отбасылар да жиі кездеседі деп айта аламын. Балаларды өсіруде ата-ана ретінде тиісті жауапкершіліктерді арқаламайтын, ұрпағының болашағынан гөрі басқа құндылықтарды көбірек ойлайтын ата-ана баршылық. Еуропа жұрты бір итті асырау үшін кемінде үш-төрт кітап оқып, ит тәрбиелеудің алғашқы қажетті ақпараттарын жинайды екен. Ендеше ел ит асырау үшін үш кітап оқыса, біз бала тәрбиелеу үшін қанша кітап оқимыз?! Бұрынғыдай ырымдар мен тиымдар арқылы ұрпақ тәрбиелеу жолы қазір соншалық әсерлі бола қоймас. Қазір құрғақ ақыл да бала тәрбиесіне әсер етпейді", - дейді маман.
Сондай-ақ бала кезінде психо-эмоционалдық жайсыздықта өскен балалар отбасын құрғанда көргенін істейді, өскен ортасындағы әрекеттерді қайталайды, себебі олар оған үйреншікті, қалыпты жағдай болып көрінеді, дейді Лимана.
"Алдыма келген қыз-келіншектердің айтқан ішкі толғаныстарын тыңдай отырып, олардың санасындағы үрейдің салмағын бомба жарылысынан кем деп айта алмаймын. Біздің кейбір ер азаматтардың қарым-қатынас деңгейі маған жұбайларына жасалып жатқан терроризмнің бір көрінісі сияқты көрінеді. Өйткені олардың жаны өте үлкен қорқыныш торына түсіп қалған. Кейбір азаматтардың үй болып, шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірдің көшін алып жүруге қабілеті жетпей жатқанын көремін. Менің бір клиентімнің баласы "ата-анам бар, әкем ішімдікті қатты ішеді, мені ұрып келді. Анам онымен неге ажыраспайтынын түсінбеймін. "Сендер әкесіз болмаса екен деп шыдап жүрмін" дейді. Ондай әкенің не қажеті бар", - деп сыр бөліскен еді.
Бұл таза отбасылық зорлық-зомбылық көрінісі. Әйелдің ондай күйеуден кете алмауының, соның салдарынан баланың психологиялық жан жарасына ұшырауының астарында өте үлкен проблемалар жатыр. Бұл психологиялық тәуелділік", - деді ол.