Белгілі ғалым Раиса Күзденбаева қайтыс болды

/
Белгілі ғалым Раиса Күзденбаева қайтыс болды

Саналы ғұмырының жарты ғасырдан астамын фармакология ғылымына, жас мамандарды тәрбиелеуге және ұлттық ғылыми мектепті дамытуға арнаған көрнекті ғалым, педагог және қоғам қайраткері Раиса Салмағанбетқызы Күзденбаеваның дүниеден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Раиса Салмағанбетқызы 1942 жылғы 3 сәуірде Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Жастайынан оның бойынан ғылымға деген ұмтылыс пен табандылық айқын көрінді. Ақтөбе медицина институтын үздік бітіргеннен кейін, ғылыми жолын жалғастырып, Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғады. Сол жерде өзінің өмір бойы адал қызмет еткен ғылыми бағытын айқындады.

Елге оралған соң, ол өмірін білім беру мен ғылымға арнады. 35 жыл бойы фармакология кафедрасын басқарып, көптеген ғылым кандидаттары мен докторларын тәрбиелеп шығарды. Ол шәкірттері үшін тек ұстаз ғана емес, кәсіби және адами тұрғыда үлгі бола білді. Оның дәрістері мазмұндылығымен, тереңдігімен ерекшеленіп, студенттерді ізденіске, зерттеуге және медицинаға адал қызмет етуге шабыттандырды.

Раиса Салмағанбетқызының ғылыми мұрасы – жүздеген ғылыми мақалалар, монографиялар, патенттер мен отандық дәрілік препараттарды әзірлеу еңбектерінен тұрады. Ол Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі әрі академигі, сондай-ақ Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының және Клиникалық және іргелі медицина академиясының академигі болды.

Оның еңбек жолындағы маңызды кезеңдердің бірі – Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығындағы қызметімен байланысты. Бұл жерде ол фармакологиялық сараптама жүйесін дамытуға елеулі үлес қосты. Соңғы күндеріне дейін белсенді еңбек етіп, ғылыми-білім беру бағытына жетекшілік жасап, тәжірибесімен бөлісіп, әріптестері мен шәкірттеріне қолдау көрсетті.

Оның еңбегі жоғары мемлекеттік наградалармен және кәсіби қауымдастықтың зор құрметімен лайықты бағаланды. Алайда, ол үшін ең үлкен марапат – шәкірттерінің жетістігі мен еңбегінің халық игілігіне қызмет етуі еді.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының ұжымы, шәкірттері мен әріптестері марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары