Ғылымы дамыған ел озар

Ғылымы дамыған ел озар
сурет: istockphoto.com

Таңертең көзімізді ашқаннан күн батқанға дейінгі аралықта ғылымның мыңдаған жетістігімен бетпе-бет келеміз. Тұтынатын тағамымыз, қолданатын құрылғымыз, тіпті денсаулығымызды түзейтін медицина да – ғалымдардың тынымсыз ізденісінің жемісі. 

Әлемнің дамыған елдері ғылымды тек зертхана қабырғасында қал­дыр­­май, оны жалпыхалықтық мәде­ниет­тің бір бөлігіне айналдыру үшін кешенді стра­тегиялар қолданады. 
Қытай – әлемде ғылымды насихат­тау­дың тиімді моделін көрсетіп отырған жә­не арнайы қабылданған заңы бар са­нау­лы елдердің бірі. «Ғылымды таныту ту­ра­лы» заң бойынша (2024-2025 жж. жаңар­тылған) әрбір мемлекеттік кәсіп­орын мен ғылыми мекеме өз табысы мен уақы­тының бір бөлігін халыққа есеп беру­ге және түсіндіру жұмыстарына жұмсауға мін­детті. Мұндағы ғылыми музейлер де жай ғана экспонаттар жиынтығы емес, адамдар, әсіресе балалар физикалық заң­ды­лықтарды өз қолымен тексеріп көретін ор­талықтар. Осындай 1 900 тұрақты му­зей­ден бөлек, Қытайдың шалғай ауыл­да­рына баратын 1 000-нан астам жыл­жы­малы ғылыми орталық бар. Бұл – «ешбір ба­ланы ғылымнан тыс қалдырмау» стра­тегиясының бір бөлігі. Мәселен, Тяньгун ғарыш стансасынан тікелей эфирде бері­ле­тін сабақтарды бір мезетте 60 миллион­нан астам мектеп оқушысы тамашалайды.
Қытай ғылымды танытуға жылына 3 мил­лиард доллардан астам қаржы бөледі. Мем­лекет ғылымды танытуды мемле­кет­тік қауіпсіздік пен экономикалық тәуел­сіз­діктің кепілі ретінде қарастырады. 
Алпауыт АҚШ ғылымды экожүйе жә­не азаматтық ғылым бағытында дамытып, мем­лекеттік гранттар, жеке қорлар мен медианың тығыз байланысын қамтамасыз етіп отыр. Smithsonian-нан бөлек NASA-ның жылдық бюджетінің қомақты бөлігі қо­ғаммен байланыс бағдарламасына ке­те­ді. Олар Марстағы роверлерге «жеке мі­­нез» беріп, оларды әлеуметтік желіде сөй­­лету арқылы ғылымды адамға жақын­датты.
Ұлттық ғылым қорының (NSF) тала­бы бойынша АҚШ-та ғалым мем­ле­­кеттен грант алу үшін өз жобасының пайдасын кеңірек бір бөлімге жазуы керек. Яғни, ол өз зерттеуін қарапайым халыққа қа­лай пайдалы екенін және оны қалай тү­сін­діретінін дәлелдемейінше, ақша беріл­мейді.
Ал STEM-фестивальдерге 300 мыңнан астам адам қатысады. Мұнда ғылым ойын-сауық индустриясымен (Disney, Marvel се­кілді) бәсекеге түсе алатын деңгейде ұсы­нылады.
Бүгінде ғылымды тек оқулықпен емес, креа­тивті жолдармен өз халқына «сатып» отырған көшбасшы елдердің бірі – Ұлы­британия. Олар ғылымды ұлттық брендке айналдырған. BBC арнасы ғылыми бағдар­ла­маларды Голливуд фильмдері деңгейінде тү­сіреді. Сэр Дэвид Аттенборо немесе фи­зик Брайан Кокс сияқты тұлғалар ха­лық арасында өте танымал. FameLab – ға­лым­дарға арналған X-Factor сияқты шоу. Жас ғалымдар сахнаға шығып, 3 минут ішін­­де өз зерттеулерін ең қызықты әрі тү­­сінікті тілде айтып беруге тиіс. Бұл фор­мат қазір әлемнің 30-дан астам еліне та­ра­­ған.
Бұл бағытта Германия да оқ бойы озық тұр. Оларда «Ғылым жылы» аясында жыл сайын белгілі бір тақырып («Мұхиттар», «Жа­санды интеллект») таңдалып, бүкіл ел бойынша фестивальдер мен ашық пікір­таластар өтеді.
Еуропа Одағы қарапайым адамдарды нақты ғылыми зерттеулерге қатыстыра оты­рып, азаматтық ғылымның дамуына ба­сымдық беріп отыр. Арнайы қосымша­лар арқылы кез келген адам ауа райын ба­қылау, сирек кездесетін құстарды тіркеу не­месе жұлдызды аспанды суретке түсіру арқылы ғалымдарға мәлімет жинауға кө­мектеседі. Бұл адамдардың ғылымға деген жеке жауапкершілік сезімін оятады.
Жапонияның ғылымды дамыту қо­ғамы Hirameki Tokimeki бағ­дар­­ламасын жүзеге асырып отыр. Мұнда же­текші ғалымдар мектеп оқушыларын өз зертханаларына шақырып, нақты тә­жіри­белер жасатады. Сондай-ақ шетелдік жас ғалымдар жапон мектептеріне барып, өз зерттеулері туралы ағылшын тілінде дә­ріс оқиды, бұл оқушылардың әрі ғылым­ға, әрі шет тілін білуге деген қызығушылы­ғын арттырады.
Дамыған елдер ғылымды тек білім беру саласы емес, экономикалық драйвер және ұлттық имидж ретінде қарастырады. Олар ғылымды тұтыну тауарына айнал­ды­­ра білді. Мысалы, АҚШ-та ғылыми му­зейге бару демалыс күнгі ең танымал от­ба­сылық дәстүр болса, Қытайда ғалым болу – ең табысты әрі беделді мансаптың бірі.  
Біздің елімізде де ғылымды насихат­тау­ды мемлекеттік басымдыққа айнал­дыру­да. Бұл бағытта тек заңнамалық емес, тәжірибелік және қаржылық шаралар ке­шенді түрде жүзеге асырылып отыр.  Кейін­гі екі жылда ғылымды басқару вер­ти­калы толығымен жаңарды, мемлекет ши­кізаттық экономикадан білім экономи­касына өтуге талпыныстар жасауда. 
Президент жанындағы Ғылым мен тех­нологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құ­рылуы ғылымның мәртебесін ең жо­ғары мемлекеттік деңгейге көтерді. Бұл ст­ратегиялық шешімдердің бюрокра­тия­лық кедергісіз тікелей қабылдануына жол ашты. 2024 жылы шілдеде қабылданған және 2025-2026 жылдары толық күшіне енген «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң ғалымдардың мәртебесін арт­тырды. Енді ғылыми жобаларды коммер­ция­ландыру жеңілдетілді. Жаңа заң ғы­лым­ды тек «білім берудің қосымшасы» ре­тін­де емес, дербес экономикалық сектор ретінде бекітті.
Мемлекет 2029 жылға қарай ғылымға бө­лінетін қаражатты ЖІӨ-нің 1 пайызына жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ жер қой­науын пайдаланушылар (мұнай, газ ком­паниялары) өз табысының 1 пайызын тіке­лей отандық ғылымға бағыттауға мін­деттелді. Бұл ғылым мен нақты сектордың ара­сындағы алтын көпір болмақ. Мем­леке­тіміз ғылымды қаржыландырудың тек көлемін емес, құрылымын да өзгертті. Ендігі жерде гранттар іргелі зерттеулермен қатар, бизнеске бағытталған қолданбалы жобаларға да беріледі. 
Ғылымын дамытуды көздейтін ел адами капиталға баса мән береді. Мә­селен, «Жас ғалым» жобасы аясында мың­даған жас маманға постдокторантура дең­гейінде жоғары жалақы мен зерттеу мүм­кіндігі берілді. Жас ғалымдарға арнал­ған тұрғын үй бағдарламалары іске қо­сыл­ды. Бұл ғылымды жастар үшін «тиімді ман­сап жолы» ретінде көрсетуге бағыттал­ған және ғалымның әлеуметтік бейнесін өзгертудегі ауқымды шара. 
Алматы мен Астанадан бөлек, облыс ор­талықтарындағы университеттер база­сын­да «Үздік ғылыми-білім беру хабтары» құрылуда. Бұл ғылымның тек ірі қалаларда емес, өңірлерде де дамуына жол ашады. М.Қо­зыбаев университеті (Петропавл), А.Жұ­банов университеті (Ақтөбе) сияқты оқу орындарының шетелдік жетекші ЖОО-лармен (Arizona State University, Heriot-Watt т.б.) серіктестігі ғылымның са­па­сын халықаралық стандартқа жет­кізді.
Ғылым – тез нәтиже беретін сала емес. Алайда мемлекетіміз жүзеге асырып отырған іс-шаралардың алғашқы көрсет­кіш­терін үш кезеңге бөлуге болады. Бірін­шісі – қысқамерзімді нәтиже (1-3 жыл). Осы аралықта ЖОО-ға ғылыми бағыттар бойынша түсетін талапкерлер саны арта­ды. Қазақ тіліндегі ғылыми-танымал кон­тент­тер (Reels, подкасттар, мақалалар) са­па­лық жағынан өседі. Екіншісі – орта­мерзімді нәтижелер. 5-10 жыл шамасында отандық ғалымдардың патенттері негі­зін­де жасалған өнімдер нарыққа шыға алады. Қа­зақстанның халықаралық иннова­ция­лық индекстердегі орны жоғарылайды. Үшін­ші ұзақмерзімді нәтиже шамамен 15 жыл­ды қамтиды. Ол кезде ел экономикасы шикізатқа тәуелділіктен арылып, білім эко­номикасына көшеді. Ал бүгінде еліміз ғы­лымды насихаттау кезеңінен оны эко­номиканың драйверіне айналдыру кезеңі­не өтіп жатыр. Әсіресе, жасанды интеллект (AI) туралы 2025 жылы қабылданған жаңа заң бұл процесті жеделдете түспек.

Мойындау керек, ғылым саласында шешімін таппаған мәселелер де жетерлік. Елімізде ғылымның дамуына мемлекет қаржы бөлгенімен, жеке сектор әлі де отандық ғылымға инвестиция салуға сақтықпен қарайды. Есеп берудің көптігі мен күрделілігі ғалымдардың уақытын зерттеуден гөрі қағазбастылыққа көбірек жұмсауына себеп болуда. Қазақстанның ғылымдағы қазіргі қадамдарын сапалық серпіліс алдындағы дайындық деп сараптауға болады. Мемлекет инфрақұрылым мен заңнамалық базаны жасап берді. Ендігі кезек ғалымдар мен бизнес қауымдастығының осы мүмкіндікті нақты экономикалық өнімге айналдыруына байланысты болмақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары