2025 жылдың қыркүйегінде Маңғыстау облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары «ДЮНЬ ОПЕРАТОР» интернет-есірткі дүкенін құрған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты бірқатар резонансты қылмыстық істерді аяқтап, сотқа жолдаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде, сондай-ақ ақша қаражаттарының қозғалысын тексеру барысында Жамбыл, Ақтөбе облыстарының аумағында және Шымкент қаласында 4 адам ұсталды.
Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған 2 млрд теңгеден астам ақша қаражаты тәркіленіп, жалпы құны 100 млн теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды.
Бұдан бөлек, заңсыз айналымнан аса ірі мөлшерде есірткі заттары алынды.
Биылғы жылдың 19 ақпанында және 20 наурызында сотталушылар есірткі заттарын өткізу, аса ірі мөлшерде сақтау, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілерімен кінәлі деп танылды.
Сотталғандарға 16 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
2 млрд теңгеден астам ақша қаражаты мемлекет кірісіне тәркіленді. Сондай-ақ сотталғандарға тиесілі люкс санатындағы автокөліктері тәркіленді.
Сот үкімдері заңды күшіне енген жоқ.