Қазақстанда қалай ипотека алуға болады – мамандар кеңесі

Қазақстанда қалай ипотека алуға болады – мамандар кеңесі
www.istockphoto.com

Қазақстан халқының басым бөлімі баспана сатып алу үшін ипотекаға жүгінеді. Алайда көбі ипотека алудың өзіндік ерекшеліктері мен кілтипандары бар екенінен бейхабар. Осы орайда "Крыша" порталының ипотека алу үшін өтінім жіберуден бастап кілтті алғанға дейінгі кезеңдер бойынша нұсқаулық дайындап, қайда және қашан бару керегін, қандай құжаттар жинау қажет және қанша ақша керек екенін жіті түсіндіріп берді.

1-қадам. Бюджетіңізді есептеңіз.

Ай сайын қанша төлей алатыныңызды анықтаңыз.

Бастапқы жарна (пәтер құнының 20 %-ы) ретінде қанша сома бере алатыныңызды есептеңіз.

2-қадам. Сәйкес келетін ипотекалық бағдарламасы бар банкті таңдаңыз.

Мөлшерлеме, несие мерзімі және бастапқы жарнаны салыстырыңыз.

Банктердің шарттары, мөлшерлемесі және талаптары толық көрсетілген шолулар:

Жаңа құрылыстарға ипотека – 2025: барлық банктің шарттары

Екінші нарықтағы баспанаға арналған ипотека: барлық банктің шарттары

Жер үйге арналған ипотека – 2025: барлық банктің шарттары

Кеңес: ең алдымен жалақыңыз түсетін банктен бастауға кеңес береміз. Кейде банк өз клиенттеріне төмен мөлшерлеме ұсынады.

Жаңа құрылыстан қарастырып жатсаңыз, банк қандай құрылыс компанияларымен серіктес екенін біліңіз. Мұндай жобаларда тиімді шарттар болады.

3-қадам. Банк алдын ала мақұлдауы керек.

Банк нақты бір пәтерді есепке алмай, төлем қабілетіңізді бағалайды.

Банк сізге бере алатын несие сомасын және ай сайынғы төлем мөлшерін есептеп береді.

4-қадам. Пәтер табыңыз.

Пәтер іздегенде банк талаптарын ескеріңіз. Бұл уақытыңыз бен ақшаңызды (мысалы, кепілақы беріп қойғанда, банк ипотека бермесе) үнемдеуге көмектеседі.

Жалпы талаптар:

салынғанына 50 жыл болмаған үй;

қайта жоспарлау кезінде заңдастырылмаған немесе тыйым салынған болмауға тиіс.

Кеңес: пәтер іздегенде Krisha. kz-тегі сүзгіні пайдаланыңыз: салынған жылы мен материалын таңдауға болады.

5-қадам. Пәтерді мамандарға бағалатыңыз.

Өзіңізге лайық пәтер тапсаңыз, мамандар оны бағалауы керек. Онсыз банк ипотека бермейді.

Бағалайтын компаниялардың тізімін нақтылап алыңыз.

Қызмет құны шамамен 20 000 теңгеден басталады, оны сатып алушы төлейді.

Сатушы бағалаушыны пәтерге кіргізіп, деректерді салыстыру үшін құжат көрсетуі қажет.

Бағалау актісі 2 күнде дайын болады, сол құжатпен банкке өтінім жіберуге болады.

6-қадам. Банкке өтінім жіберіңіз.

Өтінім жіберу үшін мынадай құжаттар керек:

жеке куәлік;

соңғы 6 айдағы табыс туралы анықтама;

еңбек шарты немесе жұмыс орнынан анықтама;

неке/бала туралы куәлік (бар болса);

бағалау актісі.

Пәтер құжаттары (сатушыдан алу керек):

меншік құқығын растайтын құжаттың көшірмесі (мысалы, сатып алу-сату, сыйға тарту, жекешелендіру келісімшарты және т. б.);

техпаспорт (жер үй болса жер телімінің мемлекеттік актісі де қажет);

ауыртпалықтар жоқ екені туралы анықтама.

7-қадам. Банк мақұлдауы керек

Банк барлық құжатты қарап, бәрі дұрыс болса, ипотеканы мақұлдайды.

Яғни, мәміле жасалады.

Бұл кезеңдегі маңызды құжат — кепілхат. Банк несие беретінін және ақшаны сатушыға аударатынын растайды. Ол мәміле кезінде қажет болады.

8-қадам. Кепілақы рәсімдеңіз.

Кепілақыны ипотека мақұлданғаннан кейін берген жөн.

Алдын ала беретін болсаңыз, қолхатта былай көрсетіңіз: «Банк ипотека бермеген жағдайда, кепілақы қайтарылады».

9-қадам. Мәміле күні туралы келісіңіз.

Сатушымен мәміле жасайтын күн мен уақытты келісіп, нотариусқа жазылыңыз.

Некеде болсаңыз, жұбайыңыздың келісімі қажет. Оны нотариус арқылы немесе онлайн рәсімдеуге болады. Бағасы — 1.5 АЕК (5898 теңге).

10-қадам. Сатып алу-сату келісімшартына қол қойыңыз.

Мәмілені нотариус рәсімдейді.

Ипотека арқылы алатындар үшін сатып алу-сату келісімшартының құны — 4 АЕК (15 728 теңге). Нотариус қызметінің ақысы — келісім бойынша (мәселен, екі тарап тең бөліп төлейді немесе бір тарап толық төлейді).

Келісімшартта сатушының банк шотының нөмірі жазылады және оған кепілхат қоса тіркеледі.

Қол қойғаннан кейін нотариус меншік құқығын тіркеуге өтінім жібереді, ал сіз мемлекеттік баж салығын төлейсіз:

қарапайым — 1202 тг (3 жұмыс күні ішінде дайын болады);

жылдам — 5000 тг (2 сағатта дайын болады).

Нәтиже: eGov. kz порталындағы жеке кабинетіңізге меншік құқығы туралы анықтама келеді — бұл пәтердің енді сіздің атыңызға тіркелгенін растайтын құжат.

11-қадам. Банкте ипотека және кепілзат келісімшарттарына қол қойыңыз.

Енді екі келісімшарт рәсімдеу қажет:

Ипотека келісімшарты.

Кепіл шарты.

Бәрін бір күнде банк бөлімшесінде жасауға болады. Жұбайыңыздың нотариус куәландырған келісімі қажет.

Кепіл шартына ЭЦҚ арқылы қол қоясыз. Мемлекеттік тіркеу үшін 2 АЕК (7864 теңге) төленеді.

12-қадам. Пәтерді сақтандырыңыз.

Сақтандыру полисін міндетті түрде ипотека мерзімі аяқталғанша жыл сайын жаңартып отыру қажет.

Орташа баға — жылына 70 000 тг (35 млн тг тұратын пәтер үшін).

13-қадам. Есеп айырысыңыз.

Ипотека келісімшартына қол қойған соң банк сатушының шотына ақша аударады. Бұған әдетте 1–3 жұмыс күні кетеді, бірақ заң бойынша 14 күнге дейін созылуы мүмкін.

Мәміле қанша уақыт алады

Орта есеппен — 5–7 күн.

Барлық қосымша шығын шамамен 150 000 теңгені құрауы мүмкін (пәтердің бағасына, отбасылық жағдайға және рәсімдеу мерзіміне байланысты өзгереді):

пәтер бағалау — 20 000 тг;

нотариус қызметі — 15 000–20 000 тг;

мемлекеттік баж — шамамен 10 000 тг;

алғашқы жылға сақтандыру — 70 000 тг.

Жаңа пәтер иесіне 1414 нөмірінен коммуналдық қызметтерді өз атына ауыстыру туралы SMS келеді. Оны бір-екі қадаммен оңай жасауға болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары