«Ешкімді танымай қалды»: Айгүл Иманбаева анасының жағдайын айтып, сырын ақтарды (ВИДЕО)

/
«Ешкімді танымай қалды»: Айгүл Иманбаева анасының жағдайын айтып, сырын ақтарды (ВИДЕО)
Видеодан скриншот

Әнші Айгүл Иманбаева бала күнінде бастан өткерген қиын сәттерін еске алып, анасының жас кезінде бірнеше рет инсульт алғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесінің айтуынша, анасы алғашқы инсультты 37 жасында өткерген. Сол уақытта Айгүл небәрі бастауыш сыныпта оқып жүрген.

“Ол кезде бір реттік шприц енді ғана шығып жатқан уақыт. Темір шприцтер болатын. Дәрігер шақырып, ауылды жалаңаяқ аралап шприц іздеп кеткенім әлі есімде. Үйге келсем, көршілер жиналып көңіл айтып отыр екен. Баламын ғой, “Тәтем өлген жоқ” деп бәрін қуып шықтым”, – деді әнші.

Айгүл Иманбаева сол кезеңде анасына көмектесудің түрлі жолын іздегенін жеткізді.

“Үйдегі мысықты қолына беріп, “Тәте, мына мысықты сипашы, басыңның ауырғаны қояды” деймін. Аузына қасықпен су құямыз, бірақ су қайта төгіліп кететін”, – деп еске алды ол.

Өнер иесінің анасы да сол уақыттағы ауыр кезеңді еске алып, қыздарының тым кішкентай болғанын айтты.

“Сұрай береді: “Апа, неге бұлай болды?” деп. Лаура 3-сыныпта, Айгүл 1-сыныпта оқитын”, – деді ол.

Сонымен қатар әнші анасының екінші инсульт алған сәті де отбасы үшін өте ауыр болғанын айтты. Оның сөзінше, сол кезде анасы жақындарын танымай қалған.

“Балам хабарласып, “Мама, тез келші, апам ешкімді танымай жатыр” деді. “Бәрі мені үйден қуып жатыр, үйді су алып жатыр” деп айқайлап жатқан. Сол кезде көлікті 180-200 жылдамдықпен айдап жеттім. Үйге жеткенше аяқ-қолым дірілдеп кетті. Кейін екінші инсульт кезінде жадын жоғалтқанын білдік”, – деді Айгүл Иманбаева.

Әңгіме соңында әнші анасының қайсар мінезіне әрдайым тәнті екенін айтты.

“Сіздің мықтылығыңыз маған берілген ғой. Бірақ мен қазір әлсіз боламын деп шештім”, – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары