«Тексеруге келді – айыппұлды жалақымнан төледім», – дейді мектеп директорлары. Айыппұлдар директорлардың өз күштерімен шеше алмайтын жағдайлар үшін салынады: суық әжетханалар, ескі төбелер, сынған баспалдақтар, тіпті тасқындар үшін де. «AMANAT» партиясы мұндай тәсілді өзгертуді ұсынады: жазалау емес, көмектесу керек. санитариялық-эпидемиологиялық қызмет реформасы қазірдің өзінде Парламентке жол тартты.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің өзекті мәселелері «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің сараптамалық отырысында талқыланды. Кеңес төрайымы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, қазіргі уақытта заңнамалық өзгерістер қаралуда.
«Егер санитариялық-эпидемиологиялық тексеріс алғаш рет жүргізілсе, ол бақылау емес, ұсыным сипатта болуы керек, яғни айыппұл салынбауға тиіс. Біз жазалау тетіктерінен бас тартып, профилактиканы күшейтуге басымдық беруіміз қажет деп есептейміз. Мектеп директорлары санитарлық жағдай үшін бір өзі жауап бермеуі керек. Бұл мәселеге біз үш жылдан бері назар аударып келеміз. Біз мемлекеттік бақылау мәселесіне қайта оралып отырмыз, бірақ бұл жолы жазалау мәселесіне емес, алдын алу шараларына басымдық берілуі керек», — деді ол.
Кеңес отырысында депутаттар, сарапшылар мен Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері санитариялық-эпидемиологиялық қызметкерлеріне қолдау көрсету тетіктерін және профилактикалық медицинаны нығайту бойынша стратегиялық бастамаларды талқылады.
Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рахымжанованың айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйелі проблемаларға тап болып отыр. Олардың қатарында — кадрлардың қартаюы, жас дәрігерлердің еңбекақысының төмендігі және инфрақұрылымның жеткіліксіз қаржыландырылуы бар. 2028 жылға дейін 400-ге жуық қызметкер зейнет жасына жетеді. 2025–2027 жылдарға арналған болжам бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бейіндегі мамандарға деген қажеттілік – 1142 бірлікті құрайды. Ең үлкен кадр тапшылығы елорда мен оған жақын өңірлерде байқалады.
Бұл мәселелерді шешу үшін «AMANAT» партиясы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп бірқатар шараларды қолға алды. 2023 жылы салалық факультеттердің жұмысы қайта жанданып, 300 студент «медициналық-профилактикалық іс» мамандығы бойынша грант иеленді. Сондай-ақ цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл соңына дейін санитариялық бақылауды автоматтандыру үшін «Санэпиднадзор» ақпараттық жүйесін енгізу және кейбір өңірлерде пилоттық жобаларды іске қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде 400 мың медициналық кітапша цифрландырылып, жалған құжаттардың санын азайтуға мүмкіндік берді.
2023 жылы шекаралық санитариялық-карантиндік бақылаудың күшеюі нәтижесінде үш холера жағдайы анықталып, оның таралуына жол берілмеді. Сонымен қатар жаппай екпе егу нәтижесінде қызылша ауруының таралуы 90%-ға төмендеді. Алайда басқарылатын инфекциялар бойынша жағдай тұрақталғанымен, тамақтан улану деректері өсуде: жағдайлардың 55%-ы — білім беру ұйымдарына, 44%-ы — қоғамдық тамақтану орындарына тиесілі. Бұған санитариялық талаптардың бұзылуы және медицинадан өтпеген қызметкерлердің жұмысқа жіберілуі себеп. Қолданыстағы заңнамада тексерулерге қатысты шектеулер бар, бұл адал емес кәсіпкерлер үшін талаптарды жүйелі түрде бұзуға жол ашты.
«Өткен жылы санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқат саласында әзірленген бірқатар заңнамалық түзетулер «AMANAT» партиясының Мәжілістегі фракциясы тарапынан қолдау тапты. Бұл бастамалар бойынша барлық мемлекеттік органдардың келісімі алынып, Үкіметтің оң қорытындылары берілді», – деді Марал Рахымжанова.
Сондай-ақ жоспарланбаған тексерулердің принципі енгізіледі, яғни бұдан былай 30 күн бұрын міндетті түрде ескерту қажет емес. Мектептердің, асханалардың, спорт залдарының және медициналық пункттердің жағдайы кешенді түрде бағаланады. Жаңа тәсіл тәуекелдерді бағалауға негізделген: алғашқы тексеріс ескерту сипатында болады және айыппұлдар қолданылмайды. Алайда балалардың денсаулығына қауіп төндіретін өрескел заңбұзушылықтар анықталған жағдайда жедел әрекет ету шаралары сақталады.
Сонымен қатар мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, маусымдық сауықтыру орталықтарының жұмысы, екпе жүргізу және эпидемияға қарсы іс-шараларды уақытылы өткізу мәселелері бойынша бақылау күшейтіледі. Барлық тексерулер мен мониторингтер прокуратура органдарында алдын ала тіркелуге тиіс.
Басты санитарлық дәрігерлерге санитариялық қауіпсіздік саласында әрекетсіздік танытқан лауазымды тұлғаларға қатысты ұсыныстар енгізу құқығы беріледі. Бұл мектеп пен медициналық мекеме басшыларының негізсіз жазалануына жол бермейді. Өйткені олар бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі емес.
Жақын арада Кеңес мүшелері Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жаңғыртудың кешенді жоспарын әзірлемек. Оған жалақыны арттыру, материалдық-техникалық базаны жаңарту және қызметтің өкілеттіктерін кеңейту шаралары енгізіледі. Қорытынды ұсыныстар Парламентке жолданады.