Белгілі продюсер, той ұйымдастырушы Жан Мұқанов әнші Сәкен Майғазиевтің ұлының үйлену тойын ұйымдастыруға қатысты көпшіліктен көмек сұрады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Құрметті мәдениет өкілдері, шығармашылық жандар мен той десе ішкен асын жерге қоятын ағайын! ӘДІЛЕТ пен ӘДИЯНЫҢ үйлену тойына дайындық басталды. Бұл — Сәкен мен Динара Майғазиевтердің жалғыз ұлының үлкен қуанышы. Жәй ғана қуаныш емес — елдің мәдени өміріндегі ерекше сәт. Сол себепті мен, бас продюсер ретінде, барлық декораторларды, дизайнерлерді, ұйымдастырушыларды, өнер мен сұлулықты түсінетін серіктестерді рәсми түрде шақырамын — бірге үлкен мәдени оқиғаны жасап шығайық!», – дейді продюсер.
Сондай-ақ ол тойға көп адам шақырылғанын, алайда орын тіпті аз екенін тілге тиек етті.
«Кешке 2000 адам шақырылыпты, ал орын максимум 1000-ға арналған. Сондықтан қазір… отырып алып, тізім қарап, ойланып отырмын: “Кімді қиамыз, ағайын?”», – дейді Ж.Мұқанов.
Продюсер тойға серіктес болуға келіскен бірнеше серіктеске алғыс айта отырып, қатарына қосыламын деушілерге іздеу салды.
«Келесі кім?Бұл – сіздердің тарихқа енуге мүмкіндігіңіз. Себебі мәдениетте бәрі бірыңғай бірегей болуға тиіс. Сосын Сәкен Майғазиевтің ұлының үйлену тойын бүкіл ел көру керек», – дейді продюсер.