Әлеуметтік желі – бүгінгі балалардың ойын алаңы тәрізді. TikTok-тағы шексіз бейнелер – көңілге қызық, санаға салмақ. Қызықты трендтер мен мультимемдердің тасасында тұрған мағынасыз мазмұн бала санасын біртіндеп тұмшалап барады. Соңғы уақытта кең тараған «brainrot» термині осы құбылысты сипаттайды.
Зерттеулерге сүйенсек, TikTok-ты қолданушы орта есеппен күніне 95 минут уақытын осы желіде өткізеді. Оның 60 пайыздан астамы – 18 жасқа толмағандар. Қазақстандық оқушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, 10-15 жас аралығындағы оқушылардың 82 пайызы TikTok-ты күніне 1 сағаттан артық пайдаланады. Оның ішінде 40 пайызы бір күнде 50-ден астам қысқа видеоны қарайды. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Сонда күніне сан түрлі бейнеролик көріп, үздіксіз ақпарат ағымында жүрген баланың санасы қандай күйде болмақ?
«Oxford Languages» 2024 жылдың «Жыл сөзі» ретінде «brainrot» терминін таңдады. Тікелей аудармасы – «мидың шіруі». Бұл сөз – интернеттегі мағынасыз, бірақ көз тартарлық контенттердің жастар санасына қалай әсер етіп жатқанын сипаттайтын терминге айналды. Танымал журналист Дина Төлепберген өзінің YouTube арнасына «Brainrot – жаңа заман індеті ме?» атты бейнежазбасын жариялап, осы ұғымның қайдан шыққанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл сөз ең алғаш 1854 жылы америкалық жазушы Генри Дэвид Тороның «Уолден немесе ормандағы өмір» атты еңбегінде қолданылған.
Торо: «Англия шіріген картоп індетін емдеуге тырысып жатыр. Бірақ ешкім мидың шіруін тоқтатуға ұмтылып жүрген жоқ – ал бұл індет одан да кең таралған, одан да қауіпті», – деп жазған.
Trallalero Trallalla, Bombardino Crocodilo, Bombombini Gusini, Tung Tung Sahur, Ballerina Cappuccina сынды кейіпкерлер – визуалды тұрғыдан көз тартарлық, айтуға жеңіл, бірақ ешқандай тәрбиелік немесе танымдық мәні жоқ бейнелер. Олардың барлығы – итальяндық акцентпен үйлестіріліп, жасанды интеллект көмегімен бейнеленген жануарлар. Алайда осы мультимемдердің астарында әлдеқайда күрделі, тіпті қауіпті мағына жатуы мүмкін. Мәселен, Trallalero Trallalla мен Bombardino Crocodilo – бастапқыда мағынасыз көрінгенімен, интернет қауымдастығында бұл атаулардың діни мазақ пен Палестинадағы соғысқа жанама сілтеме екені жөнінде деректер тарауда. Bombardino Crocodilo – бомба тастап мәз болған жау бейнесі болса, Trallalero Trallalla – діни қорлаудың символы. Бұл ешқандай ойын емес, балалардың қасірет пен азапты келемеж еткен арандату құралы тәрізді.
Мағынасы әлі ашылмаған кейіпкерлер де жетерлік. Олар қазір бейтарап көрінгенімен, кейін саяси немесе діни идеологияға ұласуы мүмкін. Бұл бейкүнә басталып, бейқам жұтылған мәдени айла. Тек Ballerina Cappuccina бейнесінің өзі TikTok-та 53,2 миллион қаралым жинаған. Ол ән айтып, билейтін кейіпкер. Бірақ ол бейне астарында әйел бейнесінің тек «ойын-сауық объектісі» ретінде көрсетілуі жатыр. Бұл – мәселенің бір ғана шеті.
Калифорниялық нейропсихолог доктор Стефани Ци Хуа Чен былай дейді:
«TikTok-тағы қысқа контент дофамин бөлінуін арттырады, бірақ ми нақты ақпаратты қабылдап, оны өңдеуге үлгермейді. Бұл – ақпараттық «псевдотамақтану»: жаңа мәлімет қабылдағандай сезінесіз, бірақ шын мәнінде есіңізде ештеңе қалмайды». Мазмұнсыз контент көрерменнің көңіл күйіне уақытша ләззат береді, бірақ ұзақмерзімді когнитивті процестерді – логика, есте сақтау, зейін шоғырландыру механизмдерін әлсіретеді.
Жасанды интеллектпен жасалған мемдер – бұл өнім емес, процесс. Олар үнемі өзгеріп отырады. Бір бейне танымал бола бастаса, оның мыңдаған нұсқасы жаңаша өңделіп, жаңа кейіпкерлермен жалғасады. Бұл процеске кез келген қолданушы қатыса алады. Әркім өз фантазиясына сүйеніп, кейіпкерлерге жаңа өмірбаян ойлап таба береді. Бұл «виртуал әлемнің» шегі жоқ. Бірақ сол шексіздіктің шегінде жасанды манипуляция, теріс бағдар, мәдени экспансия тұруы мүмкін.
Жоғарыда келтірілген зерттеулерден байқағанымыз – жасөспірімдердің TikTok платформасында өткізетін уақыты шектен тыс, ал көретін контентінің мәні таяз. Мұндай ахуал ата-аналардың да алаңдаушылығын тудырды. «Балаларым тіпті тамақ ішіп отырып TikTok көреді. Не көреді десең – мағынасыз билер, әндер. Бала күлсе, жақсы деп ойлаймыз. Бірақ сол күлкі неге, не үшін – соны ойламаймыз», – дейді Айгүл Сәрсенова. Ал үш баланың анасы Гүлнар Төлеубаева ұлының назары тек телефонда екенін ашып айтты. «Не көріп отырғанын сұрасам, өзі де түсіндіріп бере алмайды», – дейді ол.
TikTok-тың өзінде ата-ананың бақылау функциялары бар болғанымен, көпшілік бұл құралдарды қолданбайды. Жасөспірімдердің 74 пайызы TikTok қолдануын ата-анасынан жасырын жүргізеді.
Өткен жылдың өзінде TikTok желісін Қазақстанда бұғаттау мәселесі көтерілген еді. Бұл бастама Мәжіліс мінберінде қозғалып, қоғамда кеңінен талқыға түсті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанарбек Әшімжан бұл туралы: «Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия сынды елдер балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, TikTok-қа шектеу қою туралы шешім қабылдады. Қызығы, бұл платформаның өзі шыққан Қытайда TikTok қолжетімді емес. Біз де осы мәселені шұғыл қарастыруымыз керек. Себебі TikTok-ты шектен тыс қолданудың психологиялық, әлеуметтік және оқу үлгеріміне әсері айтарлықтай», – деп мәлімдеген болатын.
Дабыл қаққан аналар мен танымал блогерлердің жанайқайынан кейін Бала құқығын қорғау комитеті бұл мәселеге назар аударып, мәнсіз трендке тұсау салатын шешім шығаратынына сеніміміз мол.
TikTok бүгінгі күннің қуатты медиақұралына айналды. Ендеше, оны тек тыйып, шектеу емес, саналы түрде қолдануды үйрету маңызды. Контенттің қандай болатыны – әр қолданушының таңдауына, қоғамның ортақ ұстанымына байланысты. Мәселе – платформаның өзінде емес, оны қалай пайдалануда.
Ал сіз…
Instagram стористен кеше қандай видео көргеніңіз есіңізде ме? TikTok-тан кеше көрген 1 минуттық 10 видеоңыздан біреуін нақты айтып бере аласыз ба?
Егер жауабыңыз «жоқ» болса, ойланатын уақыт келді.
Айзере АЛИЕВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Журналистика факультеті ІІ курс студенті