«Мейрамхана, лимузин, шоу»: Ақтаудағы балабақша түлектерінің бітіру кеші дүркіреп өтті

/
«Мейрамхана, лимузин, шоу»: Ақтаудағы балабақша түлектерінің бітіру кеші дүркіреп өтті
Коллаж: Turkystan.kz (видеодан алынған кадр)

Желіде Ақтаудағы жекеменшік балабақшада білім алған тәрбиеленушілерге арналған салтанатты бітіру кеші көпшілікті таңғалдырды, деп хабарлады turkystan.kz сайты Lada.kz басылымына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода алты жасар балалардың ақ түсті «Hummer» лимузинімен мейрамханаға әкелінгені көрінеді. Шараның басты себебі – балабақшадағы оқу кезеңінің аяқталуы.

Балалар салтанатты костюмдер мен кешкі көйектер киіп шыққан. Әрқайсысына жеке сыйлық жиынтықтары дайындалған. Кешке музыканттар шақырылып, би қойылымдары, түтін эффектісі сияқты арнайы шоу элементтері ұсынылған.

Кештің соңында балаларға бітіру мантиялары табысталып, әсерлі фаер-шоу ұйымдастырылды — бұл балабақшамен қоштасудың ерекше сәті болған.

Желі қолданушыларының пікірлері екіге жарылды. Бірі мұндай аста-төк кешті артық шығын деп сынға алса, екінші топ ата-аналардың өз балаларын қуантқысы келгенін қалыпты жағдай деп есептеген.

Ақтау қалалық білім бөлімі бұл видеодағы көріністердің 2024 жылы ашылған «Alem Kids» жекеменшік балабақшасының түлектер кеші екенін хабарлады.

«Биыл бұл балабақшаны 24 бала тәмамдады. Бітіру кеші «Шахназ» мейрамханасында өтті. Іс-шараның барлық шығыны балабақша есебінен жабылды. Оған мейрамхана жалдау, балалардың киімі, көлік және басқа да қызметтер кіреді. Ата-аналардан ешқандай қаржы жиналған жоқ», – деп хабарлады білім бөлімінен.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары