Қытайда ғылыми жетістіктің жаңа кезеңі басталды: зерттеушілер адамға қараңғыда көруге мүмкіндік беретін ерекше линзалар жасап шығарды. Ең таңғаларлығы – бұл линзалар арқылы адам тіпті көзін жұмса да, айналасын көре алады, деп хабарлайды turkystan.kz eurekalert.org-қа сілтеме жасап.
Жаңашыл құрылғының сыры – линза құрамындағы нанобөлшектерде. Олар инфрақызыл сәулені сіңіріп, оны көзге көрінетін жарыққа айналдырады. Ғалымдардың айтуынша, инфрақызыл сәуле адам қабағы арқылы жақсы өтеді, бұл тіпті көз жұмулы болса да, көруге мүмкіндік береді.
Қазір линзалардың соңғы техникалық өңдеу жұмыстары аяқталуға жақын. Көп ұзамай, сырт көзге кәдімгі линза болып көрінетін бұл өнертабыс түнде көруге арналған көлемді құрылғылардың орнын басуы мүмкін.
Ғылыми қауымдастық бұл жаңалықты әскери, құтқару және медицина салаларында кеңінен қолдануға болады деп бағалап отыр.