Мексикада 96 жастағы аяқ-қолы сал қарияны жеке басын растау үшін банкке жеткізуді талап еткен қызметкерлерге қарсы іс қозғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Oddity Central-дың мәліметінше, Мексикадағы BBVA банкінің қызметкерлері 96 жастағы қарияның жеке басын растау үшін кеңсеге шақырғаны үшін сынға қалды. Төсекке таңылған, қимылдай алмайтын Фиделия Васкес Нуньо банкке жедел жәрдем зембілімен банк кеңсесіне жеткізілген.
Зейнеткердің туыстары барлық қажет құжаттарды, соның ішінде ресми өкілдің атына жазылған сенімхатты көрсетсе де, банк қызметкерлерінің қарияны биометриялық жүйеден тексеру үшін өзі келуін талап еткен. Мұндағы бар мәселе – қызметкерлер қарияның түрлі уақытта түсірген суреттері сәйкес емес, басқа кісі деп айыптаған. Сол үшін қария алты ай зейнетақысын ала алмаған.
Сонымен қатар, туыстар банк әкімшілігі онлайн растау немесе қызметкерді үйге шақыру секілді балама қызмет түрін ұсынбағанын айтады. Туыстары банкке төсекке таңылған қарияны зембілмен көтеріп келген соң, оны айналадағылар суретке түсіріп, желіге таратып жіберген. Желі қолданушылары банк әкімшілігін жасы үлкен әрі әлсіз кісіге құрметсіздік көрсетті деп сынға алуда.
Бұл оқиғадан соң туыстары Адам құқы жөніндегі ұлттық комиссия мен қаржылай қызмет тұтынушылардың құқын қорған комиссиясына арыз жазған. Тергеу жұмыстары басталды.