Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлерден еңбек тәртібін, ішкі еңбек тәртібі қағидаларын сақтауды және өз міндеттерін тиісінше орындауды талап етуге құқылы. Алайда жұмысқа кешіккені, жұмыста қателік жібергені немесе басқа да тәртіп бұзушылықтар үшін ақшалай айыппұл салу заңнамада қарастырылмаған, деп мәлімдеді Еңбек министрлігі.
ҚР Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, қызметкер еңбек тәртібін бұзған жағдайда жұмыс беруші оған мынадай тәртіптік жаза қолдана алады:
ескерту;
сөгіс;
қатаң сөгіс;
ҚР Еңбек кодексінде көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу.
Еңбек кодексінде және Қазақстан Республикасының заңдарында қарастырылмаған басқа тәртіптік жазаларды қолдануға жол берілмейді.
Мәселен, қызметкер жұмысқа 20 минут кешігіп келсе, жұмыс беруші оған өз бетінше 10 мың теңге айыппұл салып, бұл соманы жалақысынан ұстап қала алмайды. Егер бұған заңды негіз болса, жұмыс беруші белгіленген тәртіпті сақтай отырып, заңда көзделген тәртіптік жазаның бірін қолдана алады.
Сонымен қатар тәртіптік жаза жұмыс берушінің өз қалауымен тағайындала салмайды. Жаза қолданбас бұрын ол қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етуге міндетті. Ал қандай жаза қолдану керектігін шешкенде, жасалған тәртіп бұзушылықтың сипаты мен ауырлығы, сондай-ақ оның қандай жағдайда болғаны ескерілуге тиіс.
Бұл ретте заңсыз ақшалай айыппұл мен заңнамада көзделген жалақыдан ұстап қалу тәртібін бір-бірінен ажырата білу керек.
ҚР Еңбек кодексінің 115-бабында қызметкердің жалақысынан қандай жағдайларда ұсталым жасауға болатыны нақты көрсетілген. Ал кейбір өзге жағдайларда мұндай ұсталым қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылады.
Яғни еңбек тәртібін бұзғаны үшін салынатын ақшалай айыппұл мен заңды негізде жалақыдан ұстап қалу – екі түрлі ұғым. Жұмыс беруші заңда белгіленген тәртіптік жазаларды ақшалай айыппұлмен алмастыра алмайды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек заңнамасын сақтау жұмыс берушілер үшін де, қызметкерлер үшін де міндетті екенін еске салады. Еңбек тәртібі бұзылған жағдайда жұмыс беруші тек заңда көзделген шараларды қолданып, оларды белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға тиіс.