Алматы қаласында полицияның үш қызметкеріне үкім шықты. Оларды қару мен оқ-дәрілерді ұрлады деп айыптаған, деп хабарлады turkystan.kz сайты Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Іс Бостандық аудандық сотында қаралды.
Белгілі болғандай, Алматы қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері есептен шығарылған қаруларды ұрлап, оларды заңсыз сатқан. Сот үкіміне сәйкес, бұл қылмыстық схемаға Тыл басқармасына қарасты әскери және арнайы қамтамасыз ету бөлімінің аға инспекторы М.Ж., Полиция департаментінің криминалисті М.Ш. және жүргізуші Н.А. қатысқан. Олар жоюға арналған қаруды жүйелі түрде ұрлап, сатқан деп танылды.
Қара нарыққа қару қалай түскен?
Тергеу барысында анықталғандай, Тыл басқармасына қарасты бөлімнің аға инспекторы сот істері бойынша айғақ зат ретінде сақталған немесе тәркіленген атыс қаруларын алдымен заңды түрде есептен шығарған. Жойылуы тиіс қарулар шын мәнінде ұрланған. Қалған екі әріптесі (екеуі де ПД қызметкерлері) бұл қарулардың зауыттық нөмірлерін жойып, бояп немесе өзгертіп, сатқан. Кейін полиция қызметкері олар жойылды деген жалған ақпаратты ресми тіркеулерге енгізіп отырған.
Олар барлығы 50-ге жуық қаруды ұрлап үлгерген. Оның ішінде Калашников автоматы, мылтық, Макаров тапаншалары, гранаталар мен әртүрлі калибрдегі оқ-дәрілер болған.
Бостандық аудандық сотының үкімімен үш айыпталушы да жүйелі түрде қару ұрлап, сату ісі бойынша кінәлі деп танылды. Схеманың ұйымдастырушысы — Полиция департаментінің аға инспекторы М.Ж. 8 жылға, криминалист — 5,5 жылға, жүргізуші — 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, олар бірнеше мәрте алдын ала сөз байласу арқылы атыс қаруы мен оқ-дәрілерді ұрлаған. Бұл қарулар айғақ зат ретінде арнайы қоймаға тапсырылған. Олар бұл қаруларды заңсыз айналымға шығарған, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қарсы әрекеттер жасаған, сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен басқару мүддесіне қарсы ауыр қылмыстар жасаған», – делінген сот үкімінде.
Полицейлер арнайы шендерінен айырылып, екеуіне мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды.
Айта кетейік, 2024 жылдың ақпанында желіде Алматы қалалық Полиция департаментінде 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларына байланысты тәркіленген қарулардың жоғалғаны туралы ақпарат тараған. Сол кезде полиция қару-жарақтың жетіспеушілігі 2023 жылы қозғалған қылмыстық істер мен халықтан сатып алынған қаруларға қатысты тексеру кезінде анықталғанын мәлімдеген.
Алматы қалалық Полиция департаментінің басшылары қызметтерінен босатылды