Атырауда жалған ұтыс ойынын өткізіп, қаражат жинаған деген күдікпен жергілікті блогер ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
Atyrau Online басылымының хабарлауынша, әйел әлеуметтік желіде лотерея ойнатып, қайырымдылық акцияларын өткіземін деген желеумен қолданушыларға «ақылды швабра», ас үй ыдыстары, тәттілер, алтын сияқты бағалы сыйлықтарды сатып алуды ұсынған, сондай-ақ көпбалалы отбасыға үйге алып беруге ақша жинауды бастаған.
"Әшекей бұйымдарды тиімді бағаға аламын деп үміттеніп, оған 83 мың теңге аудардым. Алданғанымды білген соң полицияға хабарластым", - дейді жәбірленушілердің бірі.
2023 жылдың қыркүйегінен бастап ол ақшаны қайтарып алуға тырысқанымен, нәтиже болмаған. Оның айтуынша, блогер кез келген талапқа агрессивті түрде жауап беріп, «бермеймін, қайда барсаң, онда бар» деген.
Тағы бір арызданушы 485 мың теңгесін жоғалтқанын айтады. Алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер саны 50-ден астам болуы мүмкін.
Атырау облыстық полиция департаменті күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлімі «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Күдікті қазір қамауда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары қазақстандықтарды онлайн ұтыс ойынына қатысу және бейтаныс адамдарға ақша аудару кезінде абай болуға шақырып отыр.