Тарих пен тағдыр жазуымен әлемнің түрлі елінде ғұмыр кешіп жатқан қандастарымыздың Қазақстан десе жүрегі елеңдеп, тамшыдай болса да көмегін тигізгісі келіп тұрады. Еліме болсын дейтін осындай азаматтың бірі – Қажы Әкбар Аюби. Ол қазір отбасымен Дания елінде тұрады. «Siemens Energy» компаниясында жасыл энергетика жөніндегі сарапшы. Алматыға ат басын тіреген сапарында Қажы Әкбар бауырымызбен жолығып, жасыл энергия туралы әңгімелескен едік.
– Кейінгі жылдары түрлі табиғи апаттар, су тасқындары жиіледі. Сарап-шылар мұның басты себебі климаттың өзгеруі, ауаға көмірқышқыл газының көп тарауы деп есептейді. Сол себепті әлемнің дамыған елдері, әсіресе Еуропа көмір және басқа қазба отыннан бас тартып, «жасыл» энергетиканы енгізуге көшті. Жалпы, декарбонизация саясаты деген не?
– Өзіңіз айтып өткендей, көмірқышқыл газы артқан сайын планетаның температурасы ысып жатыр, сондықтан ғалымдар «жасыл» энергияны құптайды. Дегенмен «жасыл» энергетиканы күн тәртібіне шығарудың саяси-экономикалық астары да бар. Бұл мәселеде ең бастысы әрбір мемлекет өзінің жағдайына, ерекшелігіне қарау керек. Әр ел өз ресурстарына терең сараптама жасап, «жасыл» энергияны енгізу керек пе, керек болса қай түрін енгізу керек деген сұрақты қойғаны дұрыс. Ал Еуропа елдеріне келсек, олар осы салаға жаппай көшті, Дания мемлекеті 2040 жылға қарай 100 пайыз «жасыл» энергияны қолданатын болады. Біріншіден, оның экономикалық қыры бар: бұл елдерде көмір, мұнай, газ сияқты қазба отын түрі аз, болса да жеткіліксіз. Тағы бір себеп: қазір әлемде қалыптасқан саяси жағдай. Сондықтан саяси-экономикалық жағынан басқа елдерге тәуелді болмау үшін де Еуропа елдері балама энергияға көшті. Олар осының бәрін ерте аңғарды.
Жалпы, энергия көздеріне бәсекелестік тарихына зер салсақ, ол 1970 жылдары Израиль мен арабтардың арасындағы кикілжіңнен басталды. Сол кезде-ақ қуат көздерінің стратегиялық мәні бар екені айқындалды. Дания мемлекеті «жасыл» энергияны дамыту үшін субсидия бере бастады, кәсіпкерлердің аяғынан нық тұруы үшін бастапқыда көмектесу керек болды. Ал бүгінгі күні бұл сала қарыштап дамыды, қазір субсидия берілмейді. Мәселен, біздің компания шығаратын жел энергиясы генераторлары мұнай мен көмірден алынатын қуат көздерімен бәсекелесе алады. Дания елінде жел энергиясы арзандау, себебі жаңа технологияларды енгізу арқылы өндірістің тиімділігі артты. Бұл ел әлем бойынша жел диірмендері индустриясын дамытып, оны табыс көзіне айналдырды, экспортқа шығаруды жолға қойды.
Әрине, Еуропа елдері, Америка, Жапония жасыл энергияны батыл енгізе алады, ал енді Қазақстанда бұл мәселе басқаша. Данияда қазір электр энергиясының бір киловаты – 200 теңге, ал сіздерде, естуімше, 30 теңге. Егер жел энергиясын енгізсе, ол 30 теңгеден қымбатқа түссе, экономикалық жағынан тиімсіз болады.
Саяси жағын айтып өтетін болсақ, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін экономикалық қатынастар күшейді, импорт-экспорт ұлғайды, ашық экономика саясаты орнады. Бұл әлем елдері арасындағы соғыстың алдын алу үшін де керек болды. Еуропа бүкіл зауыттарын Қытайға апарып құрды, одан бұл елдер ел байыды. Қазір Қытай экономикасы әлем бойынша екінші орында. Жапония да алпауыт елдің біріне айналды. Осының бәрі соңғы 50 жылдағы бейбіт заманымыздың нәтижесі. Ал қазір қайтадан тыныштыққа қатер төніп, протекционизм дәуірі келе жатыр. Соған байланысты әрбір ел өзінің саяси-экономикалық тәуелсіздігін басты орынға қояды. Мысалы, Дания елі отандық тауарға басымдық береді. Егер бизнес ұлғайса, ауқымы кеңейсе, ел ішінде өндірілетін тауарлар халыққа арзан болады.
Қазақстанға келсек, ел бюджетінің басым бөлігі мұнайға тәуелді. Егер мұнайдың бағасы төмен түссе жағдай күрт өзгеріп кетуі ықтимал. Сондықтан әр мемлекет ертеңін ойлауы керек. Еуропа, Америка зардап шеге қоймас, өйткені олар кем дегенде жейтін тамағын өздері өндіреді, өз технологиясы бар. Ал Қазақстан азық-түліктің көпшілігін сырт елден сатып алады. Индустриялық мемлекетке айнала алмаудың осындай салдары болады.
– Енді жасыл энергияның экологиялық қырына тоқталсаңыз.
– Жер бетінде 8 миллиард адам бар, оларға тамақ, киім-кешек керек. Соңғы жүз жылда өнеркәсіп әлем бойынша қарқындап дамыды. Өндіріс орындары, зауыт-фабрикалардан ауаға шығатын көмірқышқыл газы көбейді. Атмосферада көмірқышқыл газы артқан сайын температура көтеріледі, климат өзгереді. Әрине, адами фактор бар, одан бөлек, табиғаттың өзі де өзгеріп тұрады ғой.
«Жасыл» энергияның пайдасы көп, мәселен, адам таза ауада өмір сүрсе оның денсаулығы жақсырақ болады. Ал лас ауада адам өмірі қысқарады, ауру көбейеді. Дания сияқты елдер осының бәрін ескереді, оларда емделу, дәрі-дәрмек бәрі тегін. Егер біз экологияны бүгін жақсартсақ, ертең Данияда өмір сүретін адамдардың денсаулығы да жақсы, демек олардың емделу қаражаты азаяды. Жұмысқа қабілеті артады.
– Барлық фактор бір-бірімен тығыз байланысты, «жасыл» энергия өзін-өзі ақтайды дейсіз ғой. Дат елінде жасыл энергияның жел диірмендерінен басқа қандай түрлері қолданылады?
– Бізде «жасыл» энергияның 59 пайызы – желден, 11 пайызы – күннен алынады. Қалған 29 пайыздың ішіндегі 11 пайызы – көмір, 0,8 пайызы мұнай, демек 12 пайызы – «қара» энергия. Одан басқасы қоқысты өңдеуден алынады. Данияда тұрмыстық және басқа қалдықтар өңделіп, қайтадан қолданылады. Сонда бүкіл қуат көзінің 88 пайызы таза энергия болып отыр.
– Кез келген инновация, оның ішінде «жасыл» энергия да ғылыми зерттеулерді қажет етеді. Еуропа елдерінде осы саладағы ғылымның, ғалымдардың үлесі қандай?
– Әрине, мұның бәрі ғылымның арқасында іске асырылған дүниелер. Дамыған елдерде ғылымсыз, ғылыми зерттеусіз ешбір шешім қабылданбайды. Үлкен жобалар іске асырылмай тұрып сараптама жасалады, сол үшін компаниялар ғылымға миллиардтаған қаржы бөледі.
Мен қазір 100 мың адам жұмыс істейтін алпауыт компанияда қызмет атқарамын. Біздің жел диірмені бөлімінде 25 мың адам жұмыс істейді. Мұнда R&D – ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер (research and development) деген бөлім бар, оған компания миллиардтап ақша бөледі. Кәдімгідей жыл сайын табыстың бір бөлігін ғылымға бөліп отырады, соның арқасында өнімдер барған сайын арзандайды. Мәселен, біз орнататын құрылғылар бұрын 2 мегаватт болатын, қазір жерге орнатылатын құрылғының қуаты – 5 мегаватт, ал теңізге орнатылатыны – 14 мгв.
– Дат елінде жел энергиясына басымдық берудің, оның ішінде теңізге қондырғы орнатудың себебі неде?
– Бұл елде қазір жел қондырғыларын қоятын орын қалмады. Жел диірменінің қанаттары 100 метрдей болады, алатын орны, тасымалдау жағы оңай емес. Бұрын орнатылғандарын жаңартып отырамыз. Жел диірмендерін орнатпас бұрын жан-жақты талдау, сараптама жасалады. Мәселен, қондырғыдан құстар зиян шекпеуі керек, жыл құстарының ұшатын жолына кедергі жасауға болмайды. Табиғатқа зиян тимеуі үшін басқа да саланың мамандары сараптама жасауға атсалысады.
Дания елінің 90 пайызын су қоршап жатыр, сондықтан жел диірмендерін теңізге көшіреді. Жалғыз бұл ел емес, Жапония, Америка, Францияда компанияның осындай жобалары бар.
– Қазақстан – климат жөніндегі Париж келісіміне қол қойған ел. Бірақ еліміздің энергетика жүйесі әлі де қазба отынға, көмірге тәуелді. Қазақстанның географиялық ерекшелігін ескере отырып, «жасыл» энергияның қандай түрлерін дамытқан тиімді?
– Мен айтып өткендей, «жасыл» энергетика Қазақстанға тиімді ме, жоқ па, мәселеге сол жағынан келу керек. Ең алдымен жан-жақты экономикалық сараптама жасап, соның негізінде шешім қабылдаған дұрыс. Сіздерде энергияның көбі көмірден алынады, одан түтін шығады. Қазір сол құбырлардан шыққан көмірқышқыл газын ауаға жібермей тұтып қалатын технологиялар бар. Данияда зауыттар соны пайдаланады. Ол құрылғылар ауадағы көмірқышқыл газын тұтып алып инкубация жасайды.
Меніңше егер Қазақстан қолында бар қуат көздерін, көмірді, басқасын дұрыс қолданса, «жасыл» энергия, атом электр стансасы деп даурығудың қажеті жоқ. Алайда сіздерде құзіретті адамдар аз, жақсы мамандар сырт елде жүр. Бұл салаға ғалымдарды, білімді кісілерді тарту керек. Маман даярлау, университеттерде оқыту қажет. Бір ғана көмірдің өзін тиімді пайдаланса, «жасыл» энергияға қарағанда арзанға түсер еді. Сәби ең алдымен еңбектеп үйренеді ғой, бірден аяққа тұрып кетпейді, «жасыл» энергияны енгізу де солай там-тұмдап басталады.
Енді байқағанымды айтайын. Елге қыста да, жазда да келіп жүрміз, ағайын-туыстың үйіне қонаққа барамыз. Үй ыстық, терезе ашып қояды, бүкіл жылу далаға кетіп жатыр. Менің үйімде температура 21 градуста тұрады, одан асса автоматты түрде сөнеді. Артық энергия тұтынбаймыз. Сол сияқты Қазақстанда да осындай технологияны үйіңе қондыр деп халыққа қаржы жағынан көмектессе, біраз энергия үнемделер еді. Сонымен бірге, инфрақұрылымды, электр желісі тораптарын жаңарту керек, бәрі ескірген. Далада бу бұрқырап, талай жылу ысырап болып жатыр. Халық қолданатын электр энергиясын, ыстық суды, желілердегі энергияны үнемдесеңіздер, «жасыл» энергияны енгізуге ешбір қажеттілік болмайды, меніңше. Ол үшін жаңа технологияны пайдалану керек. Далаға кетіп жатқан жылу атмосфераны да бүлдіреді. Одан да үнемде, артығын сат.
Тағы бір байқағаным, көшеге қоқыс лақтыра салу деген жаман әдет бар екен. Бұның бәрі экологияға, планетаға зиян ғой. Біреулер көлігін 15 минут қыздырып қояды, ол дұрыс емес. Қазір жаңа көліктерді ұзақ қыздырудың қажеті жоқ. Сондықтан тұрғындарды тәрбиелеу керек, ағарту жұмысын жүргізу керек. Данияда телеарналардан экология, табиғатты қорғау туралы бағдарламалар, подкастар өте көп беріледі. Халықтың көзін ашатын, сауатын көтеретін дүниелер жасаған дұрыс. Отыз жылдың ішінде дұрыс ақпарат бергенде, сіздер де Данияның экологиялық мәдениет деңгейіне жетіп қалатын едіңіздер.
– Қазір біздің елімізде «жасыл» энергетиканы дамытуға көңіл бөлініп жатыр, әр аймақта жел энергиясы қондырғылары орнатылуда. Қытайдан әкелініп жатқаны да бар, осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Әрине, келешек ұрпақтың қамы үшін таза энергия түрлеріне көшу керек. Қазақстанның өзіне тән ресурстары жеткілікті, тау өзендері бар, күн бар, жел бар. Сараптама негізінде қайсысы арзанға түседі, сол тиімді. Ең дұрысы – әртараптандыру, бірнеше бағытты қатар қолдану. Мұнай мен көмір қуат көздері тұрақты, қысы-жазы бірқалыпты істей береді, жақсы жағы сол. Ал жел, күн энергиясы тұрақсыз деп саналады. Қытайдың жел диірмендеріне келсек, олар Еуропадан арзан екені рас. Мәселен, біздің компания өз қондырғысын сатқан кезде кепілдік береді, оның қызметін өз жауапкершілігіне алады. Бір құрылғының қызмет ету мерзімі – 25 жыл, одан кейін жаңартылуы керек. Озық технологиялар шығып жатыр дегендей. Өзгенің қаңсығына алданбауға тырысқан жөн.
– Алматы экологиясын өзіңіз көріп отырсыз, түтіннен тұншығып жатыр. Қала экологиясын жақсарту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Нақты ақпаратым болмаған соң бірдеңе деп айту қиын. Ауадағы көмір-қышқыл газының неше пайызы көліктен, неше пайызы зауыт-фабрика, жылу-электр стансаларынан шығып жатыр, ол қандай ЖЭС, соны білгенде ғана талдап, шешім ұсынуға болады. Негізінде, қаланың ластануына адам да, көлік те кінәлі емес, инфрақұрылымның қателігі, жүйе кінәлі. Жүйе дұрыс болмаса бүкіл тыныс-тіршілік бұзылады. Мысалы, Данияда жолдағы бағдаршам көлік ағынына қарай автоматты түрде бейімделіп отырады, кептеліс аз. Оның бәрі жасанды интеллект көмегімен реттеледі. Сіздерде де осыны енгізу керек шығар. Сосын көлікке салынатын салықты көбейткен жөн, өйткені адамдар үлкен көлікке қатты әуес екен, одан экологияға зиян көп қой. Мен бұрын дизельмен жүретін көлігіме 7 мың крон төлейтінмін, қазір гибрид көлікке 500 крон ғана салық төлеймін. Айырмашылық қандай. Бізде Алматыдағыдай қозғалтқыш көлемі үлкен көлікке салық мөлшері жоғары.
– Қажы Әкбар мырза, сіздің қиын-қыстау заманда жат жерге ауып кеткен қазақтың ұрпағы екеніңізді білеміз. Өзіңіз қай жерде білім алдыңыз, отбасыңыз туралы аз-кем айта кетсеңіз.
– Аталарымыз 1930 жылғы ашаршылықта Қызылорда облысының Қармақшы өңірінен жан сауғалап шетелге кеткен. «Халық жауы» болып атылып кетуден қашып, алдымен Өзбекстанға, Тәжікстанға барады. Кейін Ауғанстанға өтеді, мен сол жерде дүниеге келдім. 1981 жылы Иранға көшіп бардық. Балалық шағым қара жұмыспен өтті. Мен 15 жасымда, 1988 жылы туыстарыммен Данияға эмигрант болып кеттім. Дат тілін үйреніп, тоғыз жылдық мектепті бір жылда аяқтадым, химия-биология деген пәндер бар екенін сол жақта білдім. Сосын 3 жыл техникалық гимназияда оқыдым. 1994 жылы бір жұмыстармен Алматыға келіп, болашақ жұбайымды кездестірдім. Данияға қайтып, Орхус университетінің экономика факультетінде білім алдым. Алғашқыда сорғы шығаратын «Грундфас» деген үлкен компанияда жұмыс істедім. 2009 жылы Қазақстанға 12,5 млн долларға сорғы сатқанымыз есімде, оның 10 миллионын майнинг сектор саттық, ол сорғылар алтын, уран өндіретін зауыттарда қолданылады. Осыдан-ақ Қазақстанның қазба байлығы қандай мол екені байқалып тұр.
Одан кейін бір жыл Дубайдағы араб компаниясында еңбек еттім. Қазір Siemens Energy компаниясының бас офисінде сарапшымын. Компанияның төрт бөлімі бар: газ энергиясы, жел диірмендері, трансформатор жүйесі, ғылыми-әзірлеме бөлімі. Жылдық айналымы – 25 миллиард доллар. Біз отбасымызбен Данияның ірі портты қаласы – Орхусте тұрамыз.
– Еуропа елдеріндегі беделді компаниялар қызметкерлердің, жалпы адамның қандай қасиетін бағалайды?
– Бұл – философиялық сұрақ. Әр нәрсе салыстырғанда жақсы білінеді емес пе, Қазақстанның ақсап тұрған жері – адам капиталын қадірлеу. Данияда еңбекқор, жауапкершілігі бар адамды жоғары бағалайды, дипломнан гөрі адами қасиетіне мән береді. Жұмысқа салмақты, сабырлы, тізгінді адамдарды алуға тырысады. Менің өте қабілетті, талантты сыныптасым болды, бірақ ол университетте 5 жыл оқуға шыдамай шығып кетті. Данияда жоғары оқу орнында білім алу өте қиын, инемен құдық қазғандай үлкен еңбек.
Бүгін біз ақпарат заманында өмір сүріп жатырмыз, күрек-қайламен жұмыс істеу міндет емес, білімге сенген заман. Жалпы, жаңа технологиялар азат, демократиялы мемлекеттерде ойлап табылғаны рас, өйткені олар адамның ойына еркіндік береді. Данияда мынадай сөз бар: «Саған еркіндік беріледі, бірақ ол жауапкершілік аясында». Еркіндік екен деп жайылып кетпейсің. Жұмыс орныңда инновациялар енгізуге жол ашық. Адамға сенім артады.
Сөз соңында айтарым, қазір қазақстандық мамандар сырт елдерге жұмысқа көптеп келіп жатыр. Данияда олар алтынмен тең. Адамдардың қабілетін, әлеуетін пайдалана біледі, оқуға грант береді, осында қалып қойса екен дейді. Бірақ бұлай еліміздің қаймақтарын шетке жібере беруге болмайды. Қазір басты ресурс – мұнай мен қазба байлық емес, адам капиталы. Біз қозғаған экологиялық проблеманың бәрінің шешімін табатын – адам. Дамыған мемлекеттер сияқты боламыз десек, білімді-білікті адамдардың қадірін білейік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Дина Имамбай